27 нау, 2019 сағат 07:48

Жаңаотаршылдыққа қарсылық манифесі


Өткен күн ертегімен таласқандай,

Уа, дүние, ол күндерде алаш қандай?!

Мағжан

«Табалдырық» - қазақ ұлт-азаттық қозғалысы (1916-1919 жж.) кезекті жеңіліске ұшырағаннан кейін қалыптасқан тарихи жағдайда ұлттық көркем ойға теориялық негіз беріп, оны жаңа сапа жəне сатыға көтерген ұлы туынды. Қазақ əдебиетінде бұдан бұрын да, сондай-ақ одан кейін де ұлттық көркем ойға ортақ ұстаным ретінде ұсынылған мұндай бағдарламалық-мəлімдеме болған емес. «Табалдырықтың» жаңашылдығы да, қайталанбас ерекшелігі де, əдеби мұра ретінде құндылығы да оның осы қырынан туындайды. «Табалдырық» - ұлы шығармашылық иесінің кредосы, сенімі. Ол күрделі өзгерістер кезеңінде өмірге келген өткінші мазмұндағы құжат емес, ол бүгін де өзекті, ұлт өмірінің жан дүниесіне жаңа серпін бере алатын қуат көзі. Мағжан ақын оны өзі құрмақ болған « Алқа» ұйымының бағдарламасы, идеялық ұстанымы ретінде 1924 жылы жазғанын айтады.

1924-1925 жылдар Мағжан Бекенұлының Мəскеуде көркем-əдебиет институтының соңғы курсында оқуда жүрген кезі. Бұл ақынның кеңестік империя астанасында аз уақыт болса да шығармашылықтағы ортада білім алып, ой қорытып, кемеліне келген шағы-тын. Ол бұл уақытқа дейін бірнеше жинақтардың авторы. Ең бастысы, ақын əлгінде ғана ұлт зиялыларымен бірге азаттық үшін қозғалысқа белсенді түрде атсалысып, бірақ оның дегеніне жете алмай, жеңіліс тапқанын көзімен көріп, тауы шағылып, терең рухани күйзелісті басынан кешіріп, енді ғана сол тұйықтан шыға бастаған кезі-тін.

Осы арада кезінде ғалымдар арасында дискуссия тудырған «Табалдырықтың» авторлығы мəселесіне тоқталып өткен жөн. «Табалдырық» ұжымдық туынды деген пікір бар [1].

Ғылымда белгілі бір мəселеге байланысты түрлі пікірлердің болуы əбден мүмкін екендігін мойындай отырып, дегенмен «Табалдырықтың» авторлығына қатысты ондай тұжырымға негіздің жоқ екендігін бірден айтқан жөн. Мəселе мынада. Біріншіден, «Табалдырық» - бұл шығармашылықтағы көзқарастық ұстаным. Ал, ұстанымды мұндай деңгей- дəрежеде білдіру, əрине, үлкен теориялық даярлықты, зор қабілет-қарымды талап етеді. Сол тұстағы қазақ көркем ойында мұндай ортақ ұстанымды тиесілі дəрежеде қорытып бере алатын шығармашылық иелері көп емес-тін. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Əуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин... Бұлардың біреуі де «Табалдырықты» жазуға қатысы болғандығын білдірген емес. Ия, рас, Ж.Аймауытұлы мен М.Əуезов оның мəтінін пошта арқылы алып, авторына хат түрінде жауап бергендіктерін айтқан. Сондай-ақ азаттық қозғалыстың жетекшілері тарапынан ортақ ұстанымды білдіруге байланысты жеке шығармашылық иесіне тапсырыс болғандығын айғақтайтын фактілер де кездеспейді.

Сондықтан да, «Табалдырық» Мəскеудің көркем-əдебиет институтында теориялық даярлықтан өткен, империя астанасындағы түрлі əдеби ағымдардан [2] жақсы хабардар, бұған қосымша арысы еуропа, берісі орыс əдебиеті мен қазақ көркем ойы арасындағы айырмашылықты терең меңгерген Мағжан ақынның қаламынан туған шығарма деп айтуға негіз жеткілікті.

Енді төменде осы тұжырымға айғақ бола алатын фактілерге тоқталайық. Профессор Дихан Қамзабекұлының пікірінше, құжаттың аты «Табалдырық» емес «Алқа», ал «Табалдырық» деп авторлар бағдарламаға кіріспе бөлімді ғана атаған. Ғалымның мұндай пікірге келуін белгілі дə режеде түсінуге болады, өйткені оған тақырыпқа қатысты басқа құжаттық фактілер таныс емес-тін.

Мағжан ақын соңғы рет 1937 жылы 30 жетоқсанда тұтқынға алынып, келесі 1938 жылы 6 қаңтарда тергеушіге берген жауабында біз қарастырып отырған тақырыпқа байланысты мынадай жағдайды баяндайды: «Алқа» аталатын əдеби үйірмені ұйымдастыруды 1925 жылы ғой деймін, Мəскеуде жүргенімде ойластырған мен едім. «Алқаның» бағдарламасын да ГИЖ* -дің студенттері Жəкен Cəрсембин мен Аманғали Сегізбаевтың жақын араласуымен жазған да мен

* ГИЖ – Государственный институт журналистики.

едім. Келесі жылы ГИЖ- ге оқуға келген Ілияс Жансүгіров оған кейбір түзетулер енгізді» [3]. Бұл көрсетуден «Алқа» ұйымын құру идеясының да, сондай-ақ ол ұйымның бағдарламасын даярлаушының да Мағжан ақын екендігін аңғару, əрине, қиынға түспейді. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда жоғарыда аты аталған Жəкен Сəрсембиннің «Табалдырықты» даярлау ісінде өз үлесін асыра бағалауға ұрынғандығы байқалады. Оның осы мазмұндағы көрсетулері «Табалдырық» авторлық топтың ортақ туындысы деген пікірге, белгілі дəрежеде, негіз болған да сияқты. Профессор Ш. Елеукеновтың мəскеулік студенттердің «Табалдырық» сияқты шығарма жазу деңгейіне көтеріле қоймағандығы жөнінде жасаған тұжырымы орынды. Бұған қосымша айтарымыз, Ж. Сəрсембин тергеу алдында толтырылған анкетада білімінің «бастауыш» сынып (низшее) деңгейінде екенін көрсеткен. Осы ретте Жүсіпбек Аймауытовтың 1929 жылы 24 маусымда тергеушіге берген көрсетулерінен мынадай жолдарды оқимыз: «Алқаның» платформасымен мен алғаш рет 1925 жылдың бас кезінде Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым: «Мен «Ақ жол» редакциясында Ташкентте қызметте едім, каникулға шығып, Орынбор қаласына бардым. Міне, осы сапарда мен редакцияда Сəрсембинге кезіктім, ал ол менде шаруасы барын айтты... Келесі күні, əлде мүмкін сол күні ме, əйтеуір түскі ас кезінде Алдонғаровтың үйінде кездестік, онда Сəрсембин, Алдонғаров, ұмытпасам Сегізбаев жəне басқа маған аты-жөні мəлім емес кісілер болды. Есімде қалғаны олар қостанайлық студенттер еді.

Сəрсембин «Алқа» платформасын оқи бастады, оны мəскеулік студенттердің Жұмабаевтың қатынасуымен даярлағанын айтты. Кейінірек, Жұмабаевпен өзара алысқан хат арқылы платформаның авторы Жұмабаевтың өзі екенін анықтадым. Құжат Жұмабаевтың почеркімен жазылған еді. Оны жазу ісіне Бөкейханов Əлихан мен Байтұрсынов Ахметтің қатысы болды ма, ол жағын білмеймін, Сəрсембин де ол туралы ештеме айтқан жоқ. Ол платформаны Байтұрсыновқа оқып бергенін айтты, ал Байтұрсыновтың қандай пікір білдіргенін мен білмеймін» [4].

Сондай-ақ, бағдарламаның аты «Табалдырық», ал оның авторы Мағжан ақын екендігін Ж. Сəрсембиннің өзі де жоққа шығармайды. 1929 жылы 5 мамырда тергеушіге берген көрсетуінде ол 1924 жылы желтоқсанда Мəскеудегі Қазақ өкілдігінде (Казпредставительство) студент жастардың Мағжан Жұмабаевтың «Өлеңдер» жинағын талқылауға жиналып, жиналыстан соң Мағжанның пəтерінде ақынның өзімен болған кездесуі жөнінде мынадай көрсету береді: «Менің Жұмабаевпен кездесуім жиналыс болған күні кешінде өтті. Ол Түркреспубликасы өкілдігінің бұрынғы үйінде тұрады екен. Өзінің шығармаларын талқылауға арналған жиналысқа байланысты Мағжан менен егжей-тегжейлі сұрап, сонан соң жазулы шығармасы бар екендігін, соны тарату қажеттігін айтты. Ол шығарма «Табалдырық» аталатын əдеби платформа болып шықты» [5].

«Табалдырықтың» Мағжан ақынның қаламынан туғандығына дəлел бола алатын фактілерді келтіре беруге болады. Дегенмен ақынның берген мынадай мазмұндағы көрсетуі мəселеге біржола анықтық енгізеді деп білеміз. Ол 1929 жылғы 14 шілдеде берген жауабында: «Мəскеуде жүргенде мен Плехановтың, Луначарскийдің жəне басқа авторлардың еңбектерімен танысып, біраз пəндермен тереңірек айналыстым, сонан соң «Алқа» аталған əдебиеттің бағыты жөнінде сыни бағдарламалық мақала жазып, онымен Сəрсембин Жəкен мен Аманғали Сегізбаевты таныстырдым.

.... «Алқа» бағдарламасын мен Жұмабаев жеке өзім жаздым. 1924 жылы қыста Сəрсембин жəне Сегізбаевтармен бірнеше мəрте талқылап, өзгерістер мен түзетулер енгіздім» [6].

Міне, бұл келтірілген құжаттық фактілерден бағдарламаның аты «Табалдырық», ал оның авторы Мағжан Бекенұлы екендігіне жеткілікті дəрежеде көз жеткізуге болады.

Ж. Сəрсембин жоғарыда аталған көрсетуінде «Табалдырық» бағдарламаның аты, ал «Алқа» сол бағдарламаны негізге алып құрылуға тиіс болған жазушылар ұйымы екендігін анық жеткізген. Мəселен, ол Ж. Аймауытовпен бірге өткізген жиында алдымен, «Табалдырық» платформасын жариялап, сонан соң барып «Алқа» ұйымын құруға көшу жөнінде сөз болғанын айтады [7].

Ж. Сəрсембиннің көрсетуіне байланысты мынадай бір жағдайдың ескерілгені жөн. Алдымен, Алматыда, сонан соң Мəскеудегі Бутырка абақтысында алаштық топтың үстінен жүргізілген (1928-1930 жж.) алғашқы толқын сот процесінде басты тергеуші міндетін атқарғана атақты Саенко. Ия, бұған дейін Украинадағы «халық жаулары» үстінен жүргізілген сот процестерінде мол тəжірибе жинап, енді осы «құрметті» міндетін «қазақ ұлтшылдарымен» күресте жалғастыруға арнайы жіберілген ОГПУ-дың Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко осы [8]. Саенко Альшанский (Республикадағы ОГПУ бастығының орынбасары) жəне Петровпен (ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы) бірге 1928-1932 жж. алаш қайраткерлері үстінен жүргізілген екі дүркін сот процесінде Д. Əділов, Х. Ғаббасов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Ə. Байділдин жəне басқаларды тергеу жұмысында белсенді рөл атқарды. Арнайы тапсырма алған кəнігі Саенконың М.Жұмабаевтың «Табалдырығына» соншалықты шұқшия төніп, бағдарламаға қатысы болды-ау деген кісілерден түсінік алып, бұл фактіні кеңірек ауқымда жəне астарда қарауға тырысуы, əрине, жайдан-жай емес-тін.

Саенкоға керегі «қазақ ұлтшылдары кеңестік билікке қарсы контрреволюциялық жасырын ұйым құрды жəне ол ұйымның «Табалдырық» сияқты ұстанымы болды » деген тұжырым еді. Ал, пассионарлық ұстанымда жəне жоғарғы теориялық деңгейде жазылған «Табалдырық» жəне оны негізге алып құрылуға тиіс болған «Алқа» ұйымы Саенко сияқтылар үшін таптырмайтын «олжа» болатын. Сондықтан да ол «Алқаға» байланысты А. Байтұрсыновтан, Ж. Аймауытовтан (екі мəрте), М.Əуезовтен, А.Байтасовтан, Ə.Байділдиннен, Ж.Тілеулиннен жəне басқа алаштық тұтқындардан арнайы түсінік алды. «Табалдырыққа» байланысты егжей-тегжейлі көрсетуді Ж.Сəрсембин де берді. Тергеу ісіне куəгер ретінде тартылған Ж.Сəрсембиннің көрсетуінен оған тергеуші Саенко тарапынан жасалған қысымның табы байқалады. Тұтқынның «бəле» іздеген тергеушінің ыңғайына көнуге мəжбүр болып, шатысуларға жол бергендігі де содан болса керек. Мəселен, Алдоңғаровтың пəтерінде өткен шағын жиылыста бас қосқан кісілердің құрамына байланысты Ж.Аймауытов екеуінің көрсетулерінде алшақтық бар. Ж. Сəрсембин атаған құрам тым ауқымды. Жиналған кісілердің арасында А. Байтұрсыновтың да болғандығы айтылады. Ал Ақаң Алдоңғаровтың үйінде ешуақытта болмағандығын көрсетеді. Бізге бұл ретте Ж.Аймауытов атаған құрам тарихи шындыққа жақын көрінді.

Сонымен, «Табалдырық» 1924 жылдың соңы 1925 жылдың бас кезінде жазылды. Бұл бағдарламалық құжаттың жазылуына сол тұстағы Мəскеудегі жазушылар қауымы арасында қалыптасқан түрлі ағымдар мен теориялық ұстанымдардың өзара қақтығысының əсері болғандығы анық. Алдоңғаровтың үйінде өткен басқосуда отырғандар Сəрсембиннен «Алқа» сияқты ұйымның бар-жоғын сұрағанда, ол «оған идеялық тұрғыдан жақын ұйымның мəскеулік жазушылар арасында бар екендігін», яғни оны қазақ жазушылары арасында құруға болатындығын айтады [9]. М. Жұмабаев өз тарапынан Мəскеуде жүргенде Вс. Иванов, Первухин жəне Л. Сейфуллина сияқты орыс жазушыларымен байланыс орнатып, «бірақ ол байланыстың іскерлік қатынастан аспағандығын» білдірген [10].

Осы арада тоқталуға тура келетін тағы бір мəселе бар. Əдебиет тарихын зерттеушілер М.Жұмабаевтың «Алқа» ұйымын құруға байланысты идеясын ҚазАПП-пен ( Қазақ пролетариат жазушыларының ұйымы) байланыстырады, яғни оны М.Жұмабаев бастаған алаштық ұстанымдағы жазушылар ҚазАПП-қа балама ұйым ретінде құрмақ болды деген тұжырымға бейім екендіктерін байқатады. Бізге мəлім тарихи құжаттарда мұндай пікірге негіз боларлық фактілер кездеспейді. Тіптен, керісінше, билік тарапынан ҚазАПП-ты құру жөніндегі шешімнің қабылдануын тездеткен «Табалдырықтың» қолжазба түрінде таралуы сияқты.

Жоғарыда айтылғандай, М. Жұмабаев « Табалдырықты» 1925 жылдың басында, яғни қаңтар айында даярлаған. Ол жөнінде өз көрсетулерінде Ж. Сəрсембин мен Ж. Аймауытов айтады [11]. С. Мұқанов «Есею жылдары» атты өмірбаяндық хикаясында ҚазАПП-ты құру туралы биліктің шешімі 1925 жылдың шілдесінде баспасөзде жарық көргенін, ал бірақ бұл жазушылар ұйымын құру тек келесі 1926 жылы қазанда іске асқаны жөнінде мынадай фактілер келтіреді: «ҚазАПП-тың маған тапсырылған платформасы жазылды да, 1926 жылдың 4 октябрінде еңбекші қаламгерлердің жалпы жиналысында талқыланып бекітілді. Сол күннен бастап ҚазАПП осы платформаның бағытында қызмет атқарды». Жазушы «қазақ совет əдебиетінің белгілі бір дəуірінде туған», яғни партиялық тапсырма бойынша өзі даярлаған платформаның мəтінін «дəуірдің тарихи шындығын түсінуде» пайдалы болар деген ниетпен толық күйінде береді [12].

Міне, бұл ҚазАПП-ты құру ісінің бастау көзінде тұрған, сондай-ақ оның платформасын жазған жазушының көрсетуінен ұйымның 1926 жылдың күзінде құрылғанын аңғару, əрине, қиын емес. Платформамен танысқан кісіге жаңадан құрылған жазушылар ұйымының өз қызметінде қандай мақсаттарды көздегендігі де анық байқалады. Яғни, «қазақ байлары орыс байларындай Октябрьдің таяғын оңдап жеген жоқ. Ауылда əлі де болса байлардың өкілі – Алашорданың ықпалы бар». Міне, осындай жағдайда «қазақтың пролетариат, қарашаруа жазушылары жалпы қазақ еңбекшілерінің салт-санасын тəрбиелеп, еңбекші бұқараны социалдық дəуірге жетектеуге, еңбекші таптың мақсатына теріс пікірлермен күресуге партияға көмектес болулары керек» [13].

Бұл жаңа құрылған Жазушылар Одағының Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Октябрь» курсын қабыл алуы еді. Ф.Голощекин 1925 жылы желтоқсанда Қызылордада өткен 5-ші Өлкелік партия конференциясында жасаған есеп баяндамасында «Ауылда нағыз совет билігі жоқ, байдың билігі бар, рудың билігі бар...» [14], – деп көрсеткен еді. Кейін ол бұл тұжырымын И.Сталинге жолдаған хатында: «...революция ауылдағы бұрынғы революцияға дейінгі қатынастарға тимей, күшті рулар мен байлардың экономикалық жəне саяси билігін сол күйінде қалдырып отыр» [15], – деп қайталады.

Яғни, жаңа құрылған Қазақ пролетариат жəне қара шаруа жазушылар одағының өз мойнына алған негізгі міндеті Д. Қамзабекұлы дəл атап көрсеткендей «тоталитаризмнің рухани саладағы күштеу» құралына айналу еді [16].

Сонымен, «Табалдырық» авторы нені көздеді, алдына қандай мақсаттар қойды? Бұл арада, əрине, бағдарламаның көздеген мақсаты деп көп нəрсені тізбелей беруге болар еді, бірақ оның қажеті жоқ. Біздің пікірімізше, ол – əдебиеттанудың міндеті. Сондықтан да, «Табалдырыққа » біз тек тарихи құжат ретінде, белгілі бір тарихи кезеңнің куəлігі ретінде ғана тоқталмақпыз. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Табалдырық» авторының алдына қойған мақсаты, одақ көлемінде орнығуға бет алған тоталитарлық идеология жағдайында қазақ қаламгерлері үшін теориялық маңызы бар мəселе, бұл біріншіден, күрделі əлеуметтік жəне мəдени реформалар алдында тұрған қазақ қоғамының салыстырмалы тұрғыдан орыс қоғамынан ерекшеліктерін анықтау, соған сəйкес, екіншіден, ұлт жазушыларының шығармашылықтағы ұстанымын белгілеу еді. Мұндай міндетті белгілі бір деңгейде шешу жалпы ұлттық мəдениетке, оның зиялылар қауымына үлкен сынмен тең шаруа болатын. Ал осы мезгілде шығармашылықтағы жетекші тұлға (лидер) ретінде мойындалған Мағжан ақынның өз ұстанымын ортаға салып, «Табалдырық» сияқты бағдарламаны ұсынуы өркениет жолында тұрған қоғам үшін толық табиғи құбылыс-тын.

1916 жылғы көтеріліс, қазақ жастарының майдандағы қара жұмысқа алынуы, оның артын ала келген 1917 жылғы революциялық аласапыран, қазақ ұлт – азаттық қозғалысының заманға лайық жаңа қарқын, мақсатты сипат алуы – ұлт өміріндегі осындай күрделі өзгерістер мезгілінде заман қойған түрлі сауалдарға аласұрып жауап іздеген халықтың шерлі көңіл–күйін бағып, оның нəзік қылдарын баса білу, тіптен халықпен бірге қуанып, бірге егілу Мағжан поэзиясына тəн қасиет. Ал Мағжан шығармашылығының негізгі өзегі, оның болмыс – бітімін анықтап тұрған тылсым да тұңғиық сыры – ол азаттық идеясы. Мағжан азаттық жыршысы. Жеке тұлғаның, бүтін қоғамның азаттығы – Мағжан поэзиясының іргелі тақырыбы. Мағжан өз уақыты мен заманының ақыны. Сондықтан да ол үшін қоғам жай абстракция емес, ол оның еркіндікке, теңдікке ұмтылған қазақ елі. Яғни, ол ұлт – азаттық қозғалыс дəуірінің ақыны, ұлт – азаттық күрес жыршысы. Мағжан ақын шығармашылығының ерекшелігі де осында.

Сондықтан да 1917 жылғы революциялық өзгерістерден соң Алаш қозғалысының жеңіліс табуын, қазақ ұлтының шарасыз жағдайын өз шығармашылығы арқылы терең қорытып, осы тарихи мезгілдің ұлт өміріндегі ерекшелігін поэзия тілінде дəл бедерлеген Мағжан ақын еді. Сезімтал ақын үшін бұл тарихи кезеңдегі (шамамен 1919-1924 жж.) өмір «абақтыға » тең, өйткені ақын көңілі айға (яғни азаттыққа – авт.) ұмтылып, бірақ оны ала алмаған балаға ұқсайды, жүрегі жаралы.

Т. Жұртбай құрастырып, алғы сөзін жазған «Алаш ақиықтары» аталатын кітапта Ж. Аймауытов пен М. Жолдыбаевтың 1924 жылы мамырда Мəскеудегі Мағжан ақынға жазған хаты берілді. Хат иелері қазақ əдебиетінде «өзіндік дə уір жасау» Мағжан ақынның ғана қолынан келетіндігін, «сұр айдың артынан күншуақ болмай» тұрмайтындығын, «күннің көзін мəңгілік бұлт басып тұру мүмкін» еместігін ескертіп, ендігі уақытта оны «торығуды, зорығуды, зорлануды» қойып, жаңа тілек, жаңа арман, яғни жаңа жасампаз өмірге ұмтылған ақынның күйіне өтуге шақырады [17].

Осы мазмұндағы хаттарды Мағжан ақынның басқа да ұлт зиялыларынан алып, ал қайсыбірінен осы пікірді ауызекі естігені байқалады. Ал «Табалдырық» болса сол айтылған тілектерге байланысты ақынның берген жауабы еді. Құжаттың бағдарламалық, концептуалдық мазмұн жəне сипатта жазылуы да ақын көзқарасындағы кезеңдік өзгеріске байланысты болатын. Ақын нағыз талант иесі ретінде оның шығармашылық еркіндігіне қол салған зорлықшыл билік пен оның идеологиясына ашық түрде қарсылық танытты, оларды өзінің көзқарас, ұстанымымен есептесуге шақырды.

Бұл ретте соцреализм шығармашылықтағы ұстаным ретінде қазақ жазушысына сырттан қандай зорлықпен телінген əдіс болса, «Табалдырық» та өз ретінде қазақ қоғамының ішкі даму ерекшелігінен бастау алып, оның ішкі табиғи тілек-сұраныстарына жауап беретін таным құралы, зерттеу əдісі болатын.

Мағжан ақын диалектик. Ол Еуропа, орыс өмірінің қазақ қоғамына ықпалын жоққа шығармайды, асыра да бағаламайды. ХХ ғасырдың басындағы Ресей – қазақ қоғамы үшін отарлаушы мемлекет. Бұл ретте ол басқа континенттердегі қазақ сияқты экономикалық дамуда кенже қалған елдерді шикізат көзі жəне өз тауарларын өткізетін рынок есебінде өзіне бағындыруды көздеген еуропалық мемлекеттердің ісін жалғастырушы ғана. Сонымен бірге, Мағжан ақын пікірінше, «еуропа отаршылдығының бір қасиеті « құлды көп қуып батыр қылуы» өлімге бұйыруы», сол арқылы оны өмірге ғашық етуі, яғни «езілген елдің ұлттық сезімін оятуы», «соққы жеп сүлесі қатқан елдің есін жия бастауы». Бұл ретте 1905 жылғы оқиғалар ұлт əдебиеті үшін сапалы жаңа кезеңнің басталу сəті болды, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал» сияқты елім, жұртым деген шығармалар өмірге келді.

Осы ретте кез-келген қоғамға тəн мынадай бір заңдылық бар. «Ояна бастаған ел кешегі ел болған күнін есіне түсірмек». Ал, мұндай тарихи кезеңде əдебиеттің бірден-бір міндеті «ояна бастаған елге» оның «кешегі ел болған күнін есіне» салу болмақ. Мұндай əрекет сол өткен өмірдегі, сұрқия қоғамдық қатынастарды қайта орнату үшін жасалмайды. Əдебиетке өткен өмірдің нұрлы беттері мен жарқын тұлғаларын жырлау ұлттың өз құндылықтарына деген құрметін қалыптастыру, ел ретінде өз мүмкіндіктеріне деген сенімін туғызу үшін қажет. Қазақ əдебиеті енді ғана міне осы табиғи міндетін атқаруға кіріскен еді, араға келіп « зор төңкеріс» араласты. Ал, бұл төңкеріс (революция – авт.) қазақ үшін өз тарихы тудырған, өз өмірінен қайнап шыққан төл құбылыс емес, еуропа тарихынан туындап, орыс шындығы арқылы сырттан телінген жат құбылыс. Мағжан ақын жасаған батыл да негізді тұжырымдардың бірі осы.

Сол сияқты əлгінде ғана орнаған билік қазақ əдебиетіне (əдебиетіне ғана емес! – авт.) ұлттық құндылықтарды түгендеуді қойып, жаңа ұстанымға, яғни тек еңбекші бұқараның ғана мүддесін түгендеуге, қорғауға көш дейді. Яғни отарлық тəуелділіктегі қоғамға тəн табиғи ұлтшылдық көзқарастан үзілді-кесілді бас тартып, тұтастыққа жете алмай келген ұлтты бөліп-жаруға бастайтын большевиктік-интернационалдық, бибауырмал (А. Байтұрсынұлы) көзқарасқа өт дейді. Мағжан ұғымында бұл домбыраның барлық шегін емес, бір ғана шегін басуды талап етумен тең. Ал, бір ғана шекті басудан терең мағыналы күй шықпайды. Бұл енді ғана ұлт өмірінің толыққанды суретін салуға ұмтылыс жасап отырған өнердің өрісін шектеп, тарылту дегенді білдірмек. Ұлт өмірінің белгілі бір қырын оның басқа қырлары мен беттеріне қарсы қою, өнердің тынысын тарылтумен тең. Еуропа əдебиетінің өмірді барлық қырынан игеруде жиған мол тəжірибесі бар, яғни бұл оның асқар таудай байлығы. «Еуропа өмірінің өрі, қыры, күнгей де, теріскей де беттері əдебиетіне түскен. Еуропа адамының терең сезімдері, асқарлаған қиялдары əдебиет алыптарының сұлу суреттеріне бөленіп жалпы адамзаттың алдына тасталған. Қара да, хан да, бай да, кедей де, данышпан да, надан да, ер де, əйел де, тəңірге махаббатшылы да, елге махаббатшылы да, əйелге махаббатшылы да, ұлтшылы да, ортақшылы да, бүгіншілі де, ертеңшілі де, меншілі де, сеншілі де, бəрі де жақсы да, жаман да жағынан суреттелген». Бұл Еуропа халқының (арасында бұқарасы да бар) атадан қалған мол рухани қоры, байлығы. Адамзатқа, əрбір халыққа өз өмірін түсіну, қорыту ісінде көрсеткен ғажап үлгісі, өнегесі. Яғни кез-келген ұлтқа өзінің жүріп өткен жолын, өмірін қорыту, түсіну ісінде бұл ортақ жол, ортақ тəжірибе, басқа жол жоқ.

Сол сияқты қазақ елінің де «күнді һəм күңгірт дəуірлері болған һ əм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа өзіндік көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һəм бар. Осылардың бəрі туралы əлі айтарлық қалам тартылған жоқ». Олай болса Мағжан ақын түсінігінде «өзінше елді қоғамдаған хан, қоғамды қорғаған батыр, өзінше қоғамның қорғаны болған би, хан заманындағы құл, төре заманындағы төлеңгіт, бай заманындағы кедей, жауынгер ерге жолдас болған əйел, өткен ертегі күніміз, ертегідей күніміз» бə рі-бəрі неге əдебиет тақырыбына айналмасқа? Яғни енді ғана өз өміріңді игеру жолына түскен əдебиетті белгілі бір тақырыппен шектеу əділеттілік емес. Өмір дарағы қандай бай, мəуелі болса, ұлттық өнердің де салған суреті, тартқан күйі сондай сан қилы, сан қырлы болғаны жөн. Осы арнада өркендемей «қазақ адабияты терең адабият бола алмақ емес. Осылар түспей адабият өз адабиятымыз бола алмақ емес».

Бұл «Табалдырықты» жазып, оны шығармашылықтағы қазақ қаламгерлерінің алдына тастаған Мағжан ақынның ұлт өміріне, оның өткен жолына терең бойлап жасаған тұжырымы, сол арқылы қабылдаған ұстанымы еді. Сонымен бірге мұндай шығарманың өмірге келуі кезінде негізін Əбу Нəсір əл-Фараби мен Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн сияқты ұлы шығармашылық иелері қалаған ұлттық қоғамдық ой мен əдебиеттің өз табиғи арнасында тұрғандығының, өмірдің түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерінде оның өзекті идеясы мен биік мақсат-мұраттарын қорғай алатын Мағжан сияқты алып тұлғаларының бар екендігінің де дəлелді көрінісі болатын.

Өткен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде осылайша ұлттық азаттық үшін күрес жолына түскен қазақ елі ұлт зиялыларының қызметі арқылы өзінің қоғамдық өмірін қайта бағалау арқылы болашаққа ұмтылудың ғажап сəтін басынан кешірді. Ұлт өмірінің бұл ішкі терең сұранысын білдіретін ренессанстық тұлғалар да бүтін бір буын ретінде ұмсынып алға шықты. Сол арқылы ұлт өмірі мен оның болашағын сырттан төнген сұрапыл қауіптен сақтап қала аларлықтай мүмкіндік туды. Өкінішке орай, бұл басталған процесс тағы да сол сырттан болған қатыгез араласудың нəтижесінде өз табиғи арнасында тиесілі даму жəне өзгеру сатыларынан өте алмастан, бастапқы қарқынды қадамында-ақ ұлыдержавалық зорлықшыл күштің қаһарына ұшырады. Сөйтіп, Құдіретті Жаратушы сирек жіберетін, жанартаудай ұлттық жаңғыру сəті бесігінде тұншықтырылды. Мағжан ақынның «Табалдырық» аталатын бағдарламалық манифесі осы сəттегі ұлттық рухтың идеологиялық отарлауға қарсылығының нақты көрінісі, найзағайдай жарқылы болатын. Оның ұлы таланты, шығармашылық шабыты бағындырған шырқау шыңдарының бірі-тін.

Сонымен, Мағжан ақынға «Табалдырықты» жазуға түрткі болған жағдайға қайта оралайық. Ж. Сəрсембин жоғарыда аталған көрсетуінде (1929ж., 5 мамыр) 1924 жылы желтоқсанда Мəскеудегі қазақ студенттерінің жерлестігі өткізген Мағжан Жұмабаевтың «Өлеңдер» жинағын талқылауға арналған кештен соң ақынның өзімен болған кездесуінде оған Мағжанның ұлтшыл ұстанымдағы жазушылардан алған бірнеше хаттарды көрсетіп, оларда хат авторларының «Алқа» сияқты ұйым құру үшін, оның платформасын даярлау қажеттігі туралы ұсыныстар жасалғандығын айтады. Хат арқылы ұсыныс жасағандардың қатарында Ленинградтан М. Əуезов, Орынбордан Ж.Аймауытов, Ташкенттен Х. Досмұхамедов, К. Кеменгеров, А. Байтасов жəне М. Есболов бар еді. Ташкенттік топ осындай ұсыныспен бір емес, екі хат жазған сияқты. Сондай-ақ, осы мазмұндағы хаттар Семейдегі С. Дөнентаевтан, Х. Ғаббасовтан жəне М. Тұрғанбаевтан, Орынбордағы Алдоңғаров пен Е. Омаровтан, Петропавлдағы Ж. Тілеулин мен Ғ. Кемелевтен, Ақмоладағы Хайретдин Болғанбаевтан келген еді. Өкінішке орай, бұл хаттарды ғылыми айналымға тарту бақытын тағдыр бізге жазбаған сияқты.

Егер бұл фактіні шындық ретінде қабылдасақ, онда Мағжанның «Алқа» ұйымын құруға байланысты осы аталған кісілермен пікір алысып, олардың қолдауын алған соң «Табалдырықты» жазуға кіріскенін аңғаруға болады. Басқаша айтқанда, Мағжан ақын өзінің пікірлестерімен хат арқылы кеңесіп, олардың қолдауын алған соң «Табалдырықты» даярлау ісіне 1924 жылы кірісіп, келесі 1925 жылы аяқтаған еді.

Ендігі уақытта даяр болған платформаның мəтінін қолмен көшіру арқылы көбейтіп, жоғарыда аталған адрестерге тарату қалған-тын. Жəкен Сəрсембиннің бұл іске тартылуы осы мезгілде, яғни платформаны көшіру жəне тиесілі адрестерге тарату кезеңінде болған. Ж. Сəрсембин: «Жұмабаев хатты оқып болған соң аталған кісілерге пошта арқылы тарату үшін платформаны көбейту керектігін айтты. Осы мақсатта ол маған платформаны көшіруді ұсынды. Мен, Жұмабаев жəне оның інісі болып бір жетінің ішінде мəтіннің 17 данасын даярладық, олардың бір данасын өзімде қалдырдым» [18] – деп көрсетеді.

Ж. Сəрсембин көрсетуінде берілген бұл фактілерге сенуге болады. Өйткені Мəскеуде қазақ алфавитіндегі теру машинкасын табу оңайға түспейтін, сондай-ақ болған күннің өзінде ондай машинкамен «Табалдырық» сияқты құжат мəтінін алудың өзі қауіпсіз емес-тін. Сондықтан да платформа мəтінінің қолмен көшіріліп көбейтілгендігі, бұл іске үш адамның бірі болып Ж.Сəрсембиннің қатысқаны ақиқат. Ал Мағжанның інісі деп отырған үшінші кісінің кім екендігін бұл көрсетуінде атамаған. Өз қолымен жазған көрсетуінде (1938 ж., 6 қаңтар) мəтінді көшіруге қатынасқан мəскеулік студент ретінде Аманғали Сегізбаевты атайды. Яғни, Мағжан ақын платформаны даярлауға (оқыған, түзеген жəне көшірген) қатынасқан кісілерді Мəскеудегі Мемлекеттік журналистика институтының студенттері Сəрсембин жəне Сегізбаевпен, сондай-ақ осы институтқа тыңдаушы ретінде келген Ілияс Жансүгіровпен шектейді. Ал Сəрсембиннің Мағжанның інісі деп отырғаны А. Сегізбаев болса керек.

Сонымен бірге «Үлкен террор» кезеңіндегі тергеу материалдарына қатысты мынадай бір ерекшелікті зерттеуші назардан тыс қалдыра алмайды. Тергеушілердің басым бөлігі (бұл арада Дмитриенко жəне Саенко) жүргізген ісіне қатысы болуы мүмкін деген адамдардың санын неғұрлым кеңейте түсуге құштарлық танытты. Сол арқылы кез-келген істі кеңестік билікке қарсы ұйымдасқан топтың қастандық əрекеті ретінде, ал өзін сол ұйымдасқан топты əшкерелеуші «тұлға» ретінде көрсетуге тырысты. Кеңестік репрессиялық машинаның ерекшелігі сонда, оған тартылған, оның торына іліккен адам шыбындай панасыз күйге ұшырады да, ал ол істі жүргізген тергеуші əрқашанда жеңіске жететін ақылды да тапқыр тұлға рөлінде болды. «Табалдырыққа» байланысты да тура осындай жағдай байқалады. Мəселен, Мағжан ақын атынан баяндалған мына жағдай соның айғағы: «Сонымен, Сəрсембиннің, Сегізбаевтың жəне Жансүгіровтың қатысуымен мен даярлаған, сондай-ақ Бөкейханов пен Байтұрсынов қолдаған «Алқа» бағдарламасы қолдан көшірумен көбейтіліп пошта арқылы мынадай адрестерге жіберілді : Қызылордадағы М. Дулатов пен Е. Омаровқа, Петропавлдағы Ж. Тілеулин мен Семейдегі М. Əуезовке. Бұл кісілердің бəрінен де қолдау таптым, сондай-ақ «Алқа» бағдарлама-платформасы рухында əдебиет саласында жұмыс жүргізуге уəде алдым » [19]. Міне бұл үзіндіден тергеушінің көздеген мақсаты анық байқалып-ақ тұр. Біріншіден, бағдарламаны жазушы мен оған көмек берушілер анықталса, екіншіден бағдарлама идеясын қолдаушылар мен оған дем берушілер «белгілі», үшіншіден, сондай-ақ, бағдарламаны сұратып алып, ендігі уақытта оның идеясын «іске асырушы» субьектілер де ашылып отыр. Басқаша айтқанда, бұл арада тергеушілер жоспарлағандай «антисоветтік» пиғылдағы қазақ ұлтшылдарының «Алқа» ұйымының «сұлбасы» шығып тұр. Тергеуші үшін ең маңызды нəрсе билікке қарсы «ұйымдасқан» топтың іс-əрекетінің əшкерленуі, топқа тартылған адамдардың аты-жөнінің аталуы еді. Репрессия машинасының жұмыс механизмі, өзіндік логикасы міне осы.

Тергеуші Саенконың Мəскеуде жазылған «Табалдырыққа» қозғалыс басшылары Ə. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың қатынасын анықтауға тырысқандығы логикаға толық сиымды əрекет. Өйткені аталған тұлғаларсыз Саенконың құрған конструкциясы сенімсіз болып шығар еді.

Сондықтан да ол Ж. Сəрсембинге бұл мəселеге қатысты бірнеше сұрау қойғандығы хақ, бірақ тергеуші мен тергелушінің екеуара сөзі «сұрақ-жауап» түрінде емес, жай баяндау түрінде берілген. Дегенмен тергеу хаттамасында тақырыпқа қатысты берілген фактілер көңілге қонымды екендігін мойындаған жөн. Мəселен, Ж. Сəрсембин Мəскеуге жалпыодақтық мұғалімдер съезіне келе жатқан А. Байтұрсынұлының жеделхат арқылы Мағжан ақынға хабарлап, күтіп алуын өтінгенін, ал темір жол вокзалына Ə. Бөкейханов жəне М. Жұмабаевпен бірге өзінің де барғандығын айтып, сол күні кешінде делегаттар орналасқан жатақханадағы А. Байтұрсынұлы бөлмесінде «Табалдырық» мəтінінің оқылып, оның соңы өзара ой бөлісуге ұласқандығын баяндайды. Міне сол отырыста Əлекең платформаны қолдап, оны тарату жағын ұйымдастыруды қарастыруды ұсынады. Ал Ақаң қазақ əдебиетіндегі жағдайға тоқталып «еуропалықтар қазаққа еуропалық костюм кигізгісі келеді, ал шаруашылық ерекшелігіне байланысты қазаққа шапан кию қолайлы. Қазақтың түйесін поездың артына тіркеп қойғысы бар. Мұндай жағдай оған тиімсіз» екендігін білдіріп, « қазақ əдебиеті ұлтшылдық ұстанымда болуға тиіс», бірақ бұл ретте «əдебиет пен саясатты араластырудан аулақ болған дұрыс» деген тұжырым жасайды. Басқа дерек көздерімен салыстыра отырып Ақаңның бұл айтқандарының оның жалпы ұстанымы арнасында екендігіне көз жеткізу қиынға түспейді.

А. Байтұрсынұлы 1929 жылы 18 маусымда тергеуші Саенкоға берген жауабында «Мен Қазақстандағы əдебиеттегі ағымдармен таныспын, бірақ олардың ешқайсысына да қосылған емеспін, өйткені əдебиеттен қандай бағыттың, яғни пролетарлық бағыттың ба, жоқ əлде ұлтшылдық бағыттың ба үстемдік алатындығы мен үшін соншалықты маңызды емес...

Қазақ əдебиетінің қандай бағытта даму алатындығын мен ешкіммен талқыға салған емеспін. Мəселен, Бөкейхановпен бірге М. Жұмабаев даярлаған платформаны оқығандығымыз есімде жоқ. 1924 жылы күзде Мəскеуде өлкетанушылар съезіне барып, РСФСР Наркомпросының жатақханасына тоқтағанда Бөкейханов пен Жұмабаев менің бөлмемде болған да шығар. Сонда отырып «Табалдырық» платформасын оқыдық деп айта алмаймын. Əдебиетке қатысты қолжазба түрінде ме, жоқ əлде газеттік пе материалдарды оқыған да шығармыз, есімде жоқ. Сəрсембинді ұмытқан жоқпын. Мəскеуде болғанда Жұмабаевпен бірге жүргені есімде» [20] деген көрсетулермен шектеледі. Əдетте, тергеушілерге берген жауабында фактілерге өте сараң А. Байтұрсынұлының бұл жолы да ақтарыла салмағандығы байқалады.

«Табалдырықтың» біраз адреске таратылғаны анық. Ол жөнінде пошта арқылы бағдарламаның мəтінін алғандар өз көрсетулерінде жасырмай айтқан. Мəселен, М. Əуезов 1931 жылы 20 қыркүйекте тергеуші Поповқа берген көрсетуінде «Жұмабаевтан бір конвертке салынған хат пен «Алқаның» бағдарламасын Семейде жүргенде алдым, ал алдын ала ешқандай да хат арқылы пікір алысқан емеспіз. Бұл «Алқадан» құпия əрекет ретінде бағалануға тиіс ештеме көргенім жоқ, платформаны алған соң БК(б)П Семей Губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі жəне «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке көрсеттім, «Алқа» мəтіні менде қалды, ал оны қолдайтындығымды жəне осы ұстанымдағы қаламгерлердің ұйымын ресми түрде құру үшін қазақ əдебиетшілерінің жиылысын шақыру қажет екендігін айтып Жұмабаевқа хат жаздым, іс осымен аяқталды» [21] – дейді.

«Табалдырықтың» бір дана көшірмесін Мағжан ақын бұрын өзі жұмыс істеген (1921-1922ж.ж.) Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінің редакциясына жібереді [22]. Ол жөнінде Жұмағали Тілеулин: «Алқа үйірмесіне байланысты мен бұрынғы көрсетуімде айтқанымды қайталаймын, яғни «Алқа» платформасының бір данасы «Бостандық туына» келді. Ол жөнінде редакцияның қазақ қызметкерлерінің жиналысында Айтқожин жəне оның орынбасары Бекішев айтты. Ол жөнінде басқа ештеме естігенім жоқ, сондай-ақ М. Жұмабаевтың өзінен басқа ешкімге жазған да емеспін. Ал оған жауап хатымда Петропавлда «Алқаға» қатысты редакция тарапынан ешқандай əрекет жоқтығын айттым...» [23], – дейді.

Мағжан ақынның «Табалдырықты» жіберген адрестерінің бірі Ташкент еді. Бұл мезгілде алаштық зиялылардың біразы осы қалада қызметте жүрді, сондықтан да ақынның өз манифесін пікірлес серіктеріне жолдап, қолдау күтуін толық табиғи нəрсе ретінде қабылдауға болады. «Табалдырықтың» Ташкентке пошта арқылы жіберілгенін ақынның жерлесі Байтасов Абдолла тергеушіге берген көрсетуінде (1929 ж., 14 шілде) айтады.

А. Байтасовтың бұл көрсетуіне қысқаша болса да тоқталған жөн. Өйткені құжатта Мағжан ақынның сол мезгілдегі шығармашылықтағы ұстаным ерекшелігі байқалады. «1925 жылы Жұмабаев Мағжан маған бірнеше мəрте хат жолдап, оларда қазақ əдебиетінің ауыл тұрғындарына жақын болғаны дұрыстығын айтты. Жұмабаевтың əдебиеттің бағыты жөніндегі хаттарын Ташкентте редакцияда істеп жүрген Əуезов Мұқтардан да көрдім. 1925 жылы Жұмабаев Мағжан Мəскеуден маған Аймауытов, Кемеңгеров жəне Ысқақовтан тұрған топқа арнап қазақ əдебиетінің бағыт-бағдары жөніндегі «Алқа» бағдарламасын жіберіп, оны талқыға салып, пікір білдіруді өтінді. Хат пошта арқылы жіберілді, сондай-ақ ол партияда барларға да жəне одан тыс жүргендерге де арналған еді», – деп көрсетеді А. Байтасов [24]. А. Байтасов осы көрсетуінде бағдарлама нұсқаларының А. Сегізбаевта, Ж. Сəрсембинде жəне М. Əуезовта болғандығын, ал «Алқа» бағдарламасы жөнінде Ə. Бəйділдиннің білгендігін, сондай-ақ Сəдуақасов, Мұқанов жəне басқалардың хабардар болуы мүмкін екендігін айтады.

Əбдірахман Байділдин өз ретінде «Табалдырықпен» таныс екендігін мойындайды. 1929 жылы 1 шілдеде тергеушіге берген мəліметінде ол бағдарлама жөнінде 1925 жылы естігенін, тіптен «ұлтшыл» М. Жұмабаевтың «Алқа » ұйымын «құрып» қойғандығын көрсеткен. Сондай-ақ Мəскеуде жүрген Жұмабаевтың Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде (КУТВ) сабақ жүргізіп, «Табалдырықтағы» негізгі тұжырымдарды сонда баяндағанын да білдіріп өтеді [25].

Ə. Байділдин көрсетулерінен, сондай-ақ осы мезгілге тəн басқа да фактілік материалдардан бір нə рсе анық байқалады. Мəскеудегі Шығыс баспасы, Ташкенттегі «Ақжол» газеті жəне басқа баспа құралдары арқылы ұлт-азаттық ұстанымындағы шығармашылықтағы топ Орталық биліктің кеңестік жаңа отарлау курсына мүмкін болғанша қарсылық көрсетіп бақты, интеллектуалдық күрестің жаңа əдіс-құралдарын игерді. Газет-журнал беттерінде əдебиеттің өсу жəне өзгеру бағыттары жөнінде дисскусиялар ұйымдастырды («Ақжол», «Еңбекші Қазақ», «Қызыл Қазақстан» ж.б.). Өз ұстанымдарын цензурадан өткізу үшін олар эзоптық тілмен, яғни негізгі ойды жұмбақтап, жасырып айту, мысалы, ертегі, аңыз кейіпкерлерінің əрекеті арқылы білдіру сияқты əдіс-құралдарын пайдаланды. Алаштық зиялылардың 20-шы жылдары жүргізген бұл əрекеті интеллектуалдық күрестің қайталанбас ғажап үлгісі ретінде бағалануға лайық.

Қазақ ұлтшылдарының жаңа қалыптасқан саяси жағдайда халыққа өз ойы мен ұстанымын білдіруде эзоптық əдіс-құралдарға көшкендігін кезінде Ф. Голощёкин де тура байқаған еді. Ол Өлкелік партия комитетінің 5-нші конференциясында (1925 ж., желтоқсан) қазақ басылымдарындағы («Еңбекші қазақ», « Ақжол» жəне ж.б.) материалдардың мазмұнына тоқталып, бұл ақпарат құралдары «анық та түсінікті тілмен айтуға болмайтын нəрселер жөнінде астарлы аңыз, мысал тілімен жазып үйренген, бұл жалпыға бірдей құбылысқа айналған. Белгілі бір мысалдың астарында біреудің іс-əрекеті тұрады. Мұндай əдісті патшалық баспасөзде эзоптық тіл деп атайтын» [26]– деген тұжырымға келіп, белгілі дəрежеде, шындыққа жақындай түскен еді.

Тіке, ашық айтуға болмайтын мəселелерді ыммен, астармен айту əдісін əсіресе Мəскеудегі Шығыс баспасы (қазақ редакциясын басқарушы Нəзір Төреқұлов) тамаша игергендігі байқалады. Ал бұл кезде баспада Ə. Бөкейханов, М. Жұмабаев сияқты астарлы ой айту ісінде əбден төселген сөз шеберлері жұмыс жасады. Қысқа мерзім болса да бұл кісілермен осы баспада қызмет атқарған Ə. Байділдин баспа меңгерушісі Н.Төреқұловтың бұл аталған штаттағы қызметкерлеріне «зор құрметпен əрі сеніммен» қарағандығын айтады. Баспа басшылығы мен оның қызметкерлері арасындағы өзара түсінушілік алаштық зиялыларға бұл маңызды орынды қысқа мезгілге болса да халық шығармашылығының үздік туындыларын (ескі аңыз, ертегі, жыр т.б.с. с.), сондай-ақ өз шығармаларын жарыққа шығарып отыру арқылы, қазақ қоғамымен байланыс үзбеу мақсатында пайдалануға мүмкіндік туғызған еді. Мəселен, А. Байтұрсынұлының ел арасынан жинап, түзетіп, даярлап, осы баспадан шығарған «Ер Сайын» (1923ж.) жəне «23 жоқтау» (1926 ж.) сияқты кітаптары осы пікірге дəлел бола алады.

Халық шығармашылығының үлгілерінен құрастырылған бұл екі кітап та, əрине, сол тарихи мезгілдегі алаштық зиялылардың көңіл-күйінен хабар беретін еді. «23 жоқтауға» жазған кіріспе сөзінде Ахаң бұл туындыларды қазақтың тіл мəдениетінің үлгілері ретінде ұсынады. Тек осы ойды ғана басшылыққа алып отырғандығын білдіреді. Ал шын мəнінде астарлы ой тереңде жатты. «23 жоқтау», белгілі дəрежеде, əлгінде ғана жеңіліс тапқан ұлт-азаттық қозғалыс басшыларының шерлі көңіл-күйін білдіретін шығармалардан тұратын еді:

Құйрық атып құлия,

Түлкідей қашқан жымия,

Қараңды үзіп барасың

Бізден де, қайран дүния.

Көп жылдар қудым артыңнан,

Лашындай сызып жер қия... [27].

Кеңестік биліктің шешімімен Мəскеуде жалғыз бөлмелі пəтерде тұруға мəжбүр болған Ə. Бөкейханов тергеушінің «қазіргі уақытта кіммен сыр бөлісесіз?». деген мағынадағы сауалына «Менің екі-ақ жанмен сырласуым мүмкін, олар А. Байтұрсынұлы жəне М. Дулатұлы, бірақ олармен оңаша сыр алыса қалған күннің өзінде біз өкініш пен мұңнан арыла алмадық », – деп көрсетеді. Шəңгерей ақын айтқан жоқтаудан алынған жоғарыдағы жолдар қазақ азаттық қозғалысы басшыларының сол мезгілдегі көңіл-күйін дəл беретін еді.

Сəл кешірек біз бұл тақырыпқа ораламыз, енді «Табалдырық» авторының өз шығармасын кең ауқымға шығару əрекетіне тоқталайық. Сонымен, 1925 жылы Мағжан ақынның манифесімен Орынбор, Ташкент, Қызылорда жəне Петропавл сияқты орталықтардағы зиялылар танысты. Олар дерлік түгелдей Мағжан ақын ұсынған ұстанымды қолдайтындықтарын білдіргенімен, «Алқаны» білек түрініп құруға кірісіп кетуден іркілгендіктері байқалады. Бұл арада, əрине, түсініксіз ештеме де жоқ. Одақта күш алып келе жатқан диктатуралық тəртіп қазақ зиялыларына «Алқаны» құруға жол бермейтіндігі анық-тын. Осы ретте Т. Жұртбайдың «Алқа» ұйымы жасырын түрде қызметін жүргізді деген пікірін қолдау қиын. Мұндай тұжырымға негіз боларлық фактілер жоқтың қасында. Ал тергеу барысында алынған көрсетулерді сол күйінде қабылдау қателікке ұрындырар.

Дегенмен, елдегі ұлтшыл ұстанымдағы зиялылардың «Табалдырықты» жариялауға ынта танытқандықтары жөнінде айтуға негіз бар. Ж. Сəрсембин 1925 жылы қаңтарда оқуын аяқтамастан кейін шақырылып Орынборға оралып, журналистік қызметпен айналысқандығын, осы мезгілде Мағжан манифесін басылым арқылы жарыққа шығару жолдарын қарастырғанын мойындайды. Бұл іс бойынша оның алдымен сөйлескен адамы сол тұстағы «Еңбекші қазақтың» бас редакторы Смағұл Садуақасұлы. С. Садуақасұлы манифест идеясына қолдау жасап, газетке басуға келісімін береді, бірақ оны əуелде Е. Омаровқа, С. Қожановқа жəне Ж. Аймауытовқа оқытып, олардың пікірін біліп алуды ұсынады. Ж. Сəрсембин С. Садуақасұлымен екеуара болған əңгімеде, «Алқа» үйірмелерін құру жөнінде де сөз қозғалғандығын, бұл іске Смағұлдың іштарта қарағандығын білдіреді. Ж. Сəрсембиннің бұл көрсетуі негізсіз емес-тін. Басқа дерек көздері де С. Садуақасұлының Мағжан ақын ұсынған «Алқа» ұйымын құру идеясымен таныс болғандығын растайды.

Шешімі 1925 жылы қабылданып, 1926 жылы күзде ұйымдастырылған ҚазАПП (қазақ пролетариат-қарашаруа жазушыларының одағы) шығармашылықтағы зиялылар арасында түрлі қайшылықты ұстанымдар туғызды. Оның платформасында көрсетілгендей басты міндеті қазақ ауылындағы байлармен, «байлардың өкілі алашорданың ықпалымен» күресте « партияға көмектес болу» еді [28]. Бұл арада əу бастан-ақ бұл одақтың біріншіден елдегі саяси билікті қолына шоғырландырған партиялық диктатураның идеологиялық құралы ретінде өмірге келгендігі айқын болса, екіншіден, оған өзінің табиғи арнасы ұлтшылдық ұстанымында тұрған шығармашылық иелеріне қарсы ашық шабуылға көшу ісінде белсенді рөл атқару міндеті де жүктелген-ді. Басқаша айтқанда, Ресейдегі тап күресі идеологиясын сол күйінде қабылдаған КазАПП, қазақ топырағында (постколониалдық кезеңдегі) өзінің толық табиғи арнасында тұрған қазақ ұлтшылдығымен күрес жолына түсті. Бұл 20-30-шы жылдардағы кеңестік билік жүйесі жағдайында талантты жəне белсенді қазақ жазушыларын жаппай репрессиялау саясатына идеологиялық негіз, алғышарт жасаумен, сол арқылы империялық орталықтағы ұлыдержавалық күштердің теориялық, идеологиялық үстемдігіне жол ашып, оларға белсенді қызмет жасауды білдіретін еді.

ҚазАПП-қа жүктелген міндеттің астарын тура түсінген санаулы тұлғалардың қатарында С. Садуақасұлы да болды. Міне осы топтың талабы жəне белсенді атсалысуымен 1926-1927-ші жылдары қазақ тілді басылым беттерінде ҚазАПП төңірегінде қызу айтыс болып өтеді. ҚазАПП идеясын қолдаған жазушылар «Жыл құсы» аталатын əдеби жинақ төңірегіне бірігеді. Айтыс өзінің шарықтау шегіне 1927 жылы жетеді. Міне осы айтыс барысында ҚазАПП-қа қарсы топтағылар бұл ұйымды жауып, оның орнына «Советтік жазушылар одағын» құруды ұсынады. 1927 жылдың басында Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінде осы мəселені талқылауға арналған 2-3 кеңес болып өтеді. Ə. Байділдин тергеу барысында берген көрсетуінде бұл кеңестерде орын алған айтыс-тартыстың баспасөз бетіндегіден анағұрлым ымырасыз ашық, қарсыласу түрінде өткендігін айтады. Міне осы болып өткен кеңестердің алғашқысында (1927ж., наурыз) С. Садуақасұлы мен Ш. Тоқжігітов ҚазАПП-ты таратып, оның орнына түрлі бағыттағы жазушылардың басын біріктірген Советтік жазушылар одағын құруды ұсынады. Ал олардың бұл ұсынысын О. Жандосов, Ж. Сұлтанбеков, Ғ. Тоғжанов жəне Орынбаев қолдайды. Міне осы топтың тапсыруымен Ғ. Тоғжанов Өлкелік партия комитетіне аталған ұсыныспен кіреді. Өлкелік комитет бұл ұсынысты «Алқалықтардың» əрекеті ретінде бағалап, қабылдамай тастайды [29].

Бұл баяндалған фактіден С. Садуақасұлының «Табалдырық» манифесімен жақсы таныс болғандығын жəне ондағы ұстанымды іске асыру жолында тұрғандығын аңғару, əрине, қиынға түспейді. Дегенмен, «Табалдырықты» ашық баспасөзде жариялауға С. Садуақасұлының ерік -жігері жеткенімен, оған партиялық цензура жол бермейтіндігі айқын еді.

С. Садуақасұлының қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөлін жақсы түсінген тергеуші Саенко мен оның серіктері тергеу барысында міне осы мəселеге мүмкін болғанша нақты да толық жауап алуға тырысқандығын атап айтқан жөн.

Біз үшін «Табалдырыққа» байланысты аса маңызды мəселелердің бірі, мүмкін ең негізгісі, ол платформа ұсынған ұстанымдағы қазақ жазушылары мен олардың осы арнада өмірге келген туындыларын мүмкін болғанша анықтау болса керек. Бұл ретте алдымен ұлттық көркем ойда осы тарихи мезгілде қалыптасқан мынадай жағдайға тоқталған жөн.

XX ғасырдың 20-шы жылдарының екінші жартысы қазақ əдебиетінде жаңа ағымның қалыптасуымен ерекшеленді. Ғасырдың басындағы азаттық қозғалыстың толқынында өмірге келген жаңа мазмұндағы көркем ойдың көтерген ұраны, қойған мəселесі қазақты ояту, оның аянышты да қауіпті жағдайын халықтың өзіне таныту болды. Осы мезгілде жарық көрген шығармалардың атынан-ақ («Оян, қазақ!», «Маса», «Тұр, қазақ!», «Сарыарқа кімдікі?» ж.б.) олардың мақсат-міндеті көрініп тұрды, сондай-ақ революциялық өзгерістер қарсаңында қазақ қоғамында жаңа ситуация қалыптастыруға тікелей өз үлесін қосты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, келесі 1917 жылы бүкіл қазақ жерінде болып өткен қазақ сьездері, солардың нəтижесінде қазақ комитеттерінің өмірге келуі (ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыс ), қазақ қоғамының Алаш партиясы ұсынған бағытқа қолдау көрсетуі, белгілі дəрежеде, ғасыр басындағы қазақ қоғамдық ойы мен ұлттық əдебиеттің мақсатты қызметінің нəтижесі еді. Алашорда мемлекетінің құрылуы, Алаш автономиясын жариялау əрекеті ғасыр басындағы əдебиетті өмірге əкелген буынның осы мезгілде жүргізген ағартушылық, сондай-ақ саяси қызметінің де жиынтық көрінісі болатын.

Өкінішке орай, бұл буынның ерлік қызметі күткен нəтиже бермеді, азаттық қозғалыс жеңіліске ұшырады. Ол үшін, əрине, алғашқы буын ұлт-зиялыларын кіналау ағаттық болар еді. Трагедияның түп-тамыры империя құрамындағы аз ұлттардың еркіндігін мойындаудан бас тартқан жаңа большевиктік биліктің антидемократиялық табиғатында жатты. Əлгінде ғана бас көтеріп, азаттыққа ұмтылыс жасаған ұлттық сана енді жеңілістің уын ішуге мəжбүр болды. Соған байланысты 20-шы жылдардың ортасынан басталып 30-шы жылдардың алғашқы жартысын қамтыған ұлт зиялыларының шығармаларындағы жаңа кезең қазақ қоғамдық ойындағы екіұдай (екіжақты) көңіл күйінің көрінісі болды. Ахмет Байтұрсынұлының баспа көрген «Жоқтау» жинағы мен «Бесік жыры» алғашқы буын ұлт зиялыларының 1917 -1918 жж. жеңіліске ұшыраған азаттық қозғалыстан кейінгі басыңқы көңіл-күйін білдірсе, Мағжан ақын қаламынан туған «Табалдырық» жəне «Жүсіп хан», М. Əуезовтың «Хан Кенесі », І. Жансүгіровтың «Күйші» жəне «Құлагері», келесі екінші буын шығармашылық иелерінің ұлтқа жеңілістен кейінгі қайғылы жағдайын білдіре отырып, оны күйректіктен, біржола түңілуден сақтап, жігерлендіріп, жаңа күреске, жаңа ұмтылысқа даярлау əрекетінің көрінісі еді. Өйткені бұл буынның бойында жаңа қарқын, жануға əзір алдыңғы, аға буын берген отанға, елге деген махаббат оты бар-тын. Сондай-ақ олар Абайдың:

Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме, -

деген өсиетіне сенетін еді.

Бірақ, елдегі большевиктік тəртіпке қарсы кез-келген болар-болмас наразылықты зор күшпен басып жаншуға даяр тұрған саяси билік жағдайында еркін əдеби ойға да орын жоқ-тын. Соған байланысты ұлтшылдық ұстанымындағы қазақ жазушыларына жоғарыда айтылғандай эзоп тілін, яғни шындықты терең жасырып, астарлап айту əдісін игеруге тура келген еді. Мағжан ақын бастаған жаңа буын ұлт жазушылары бұл жолда табыссыз да емес-тін. Өмірге мазмұндық тұрғыдан жаңа да тұтас көркем шығармалар шоғыры келді. Енді осы «Табалдырық» ұстанымындағы шығармаларға тоқталайық.

М. Жұмабаев 1938 жылғы 6 қаңтарда берген көрсетуінде қазақ қаламгерлері арасында «Алқа» платформасын белсенді түрде ұстанғандар ретінде Ж. Аймауытовты, А. Байтасовты, М. Əуезовты, Қ. Кемеңгеровты жəне І. Жансүгіровты атайды [30]. Бұл ретте ол Ж. Аймауытов пен А. Байтасовтың Ташкент басылымдарында бірнеше өткір мақалалар жариялағанын, ал І. Жансүгіровтың «Күйші», «Құлагер» жəне басқа шығармаларын «Табалдырық» жəне тарихи романтизм рухында жазғандығын мойындайды.

Сонымен «Табалдырықта» баяндалған ұстанымдағы ұлт жазушылары «Алқа » түріндегі ұйымдарын құра алған жоқ, жаңа орнаған билік ондай əрекетке жол бермейтіндігін елдегі қалыптасқан саяси жағдай көрсетті. Сонымен бірге Мағжан ақын ұсынған идея тек ұсыныс күйінде қалып қойды деген тұжырымға келсек, онда «Табалдырық» ұстанымы арнасында өмірге келген қазақ көркем ойының біраз туындыларын түсіне алмағандыққа ұрынар едік. Біздің пікірімізше, жоғарыда Мағжан Жұмабаев атаған жазушылар қаламынан туған біраз туындыларды осы «Табалдырық» ұстанымындағы шығармалар шоғыры ретінде қарастыруға толық негіз бар.

«Табалдырықта» Мағжан ақын ұсынған ұстанымды белсенді түрде талқыға салған Ташкенттегі «Ақжол» газеті болды. 1925 жылы газет беттерінде «Біздің сауалдарымыз (анкеттер)» деген рубрика мен əдебиеттегі процесті талдауға алған жазушы жəне журналистердің мақалалары тұрақты түрде жарық көріп тұрды. Газет ұйымдастырған бұл дискуссия арнасында Ж. Аймауытов, А. Байтасов, Ж. Сəрсенбин жəне басқа авторлардың материалдары жарияланды. Олар өз мақалаларында «қазақ əдебиеті жаңа заманда қандай мазмұн жəне бағытта даму алғаны жөн» деген сауалға жауап іздеді жəне олардың ортақ ұстанымы «қожалық құрған, билеп-төстеген үстем ұлттың əдебиеті мен төменшік, əлсіз, езілген, бодан ұлттың əдебиеті бір болмайды. Қазақ əдебиетінің ұлы орыс əдебиетінен айырмасы бар һəм болмақ» деген тұжырымға сайды, ал қазақ əдебиетіндегі ұлтшылдықтың толық өмірлік негізі бар, ал ол өмірлік негіздің бірден шайылып жоқ болмайтындығы сияқты, əдебиеттегі ұлтшылдық сезімнің де «тез заманда қала қою мүмкін емес» [31].

Ал қазақ ұлтшылдығын олар мынадай мазмұнда түсіндірді «қазақ ұлтшылдығы үстемдікті, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда, ұлтшылдық жоғалмайды» [32].

Осы мезгілдегі көркем ойдағы ұлтшылдық ұстанымы арнасында жазылған шығармалардан М. Əуезовтың қаламынан туған «Хан Кене» драмасына (1928 ж.) арнайы тоқталған жөн. Ал, 1934 жылғы 8 мамырда Казкрайкомда осы шығарманы талқылауға арналған мəжілісті ұлтшылдық, яғни «Табалдырық» ұстанымындағы бағытқа берілген соққы, сонымен бірге соцреализм ұстанымындағы шығармашылыққа көрсетілген партиялық қолдау ретінде қабылдаған жөн.

М. Əуезов 1931 жылы 20 қыркүйекте абақтыда тергеушіге берген көрсетуінде: «... Жұмабаевтан хатты мен Семейде жүргенде алдым. Конверт ішіне «Алқа» тексі қоса салыныпты. Онымен алдын-ала хат арқылы пікір алысу болған емес. Бұл «Алқадан» өз басым ешқандай да құпиялық көргенім жоқ.

Платформаны алған соң БК(б)П-ның Семей Губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі жəне «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовқа көрсеттім. «Алқа» тексі менде қалды, ал оны қолдайтындығымды жəне осы ұстанымдағы қаламгерлердің ұйымын ресми түрде құру үшін қазақ əдебиетшілерінің жиналысын шақыру қажет екендігін айтып, Жұмабаевқа хат жаздым. Іс осымен аяқталды» – дейді [33].

«Табалдырыққа» байланысты бұл көрсетуінің соңында М. Əуезов: «Хатымда тағыда не жөнінде жазғаным есімде жоқ, дегенмен платформаны нақты қолдағаным рас, ал Жұмабаевтан маған байланысты платформаны қолдамады, «тым солшыл» санады деп неге көрсеткенін түсінбедім» деп Мағжан ұсынған бағдарламаға байланысты өз ұстанымын анықтай түседі. Əрине, бұл арада құпия ештеңе де жоқ. Мағжан ақын пікірлес Мұхтар досын «Табалдырық» үшін күйдіруден қорғаштағаны анық. Оны М.Əуезовтің іштей сезінгені де даусыз. Соған қарамастан ол бағдарламаны қолдау жəне қорғау жағында тұр.

Сонымен, «Хан Кене» драмасы 1928 жылы жазылғанымен қудалауға ұшырап, артын ала оның авторының абақтыға жабылуына байланысты 1934 жылға дейін қойылымға ұсынылмай жатып қалған еді. Тек 1933-інші жылдан 1934-інші жылға қараған қыста сол кездегі Қазақ музыкалық драма театрының ұжымы бұл пьесаның қойылымын даярлауға кіріседі де, шамамен сəуір айында оның алғашқы қойылымы көрсетіліп, артын ала сахнадан түсіп қалады. Оған бұл пьесаға қатысты партиялық ұстанымның үстем алуы себепші болған еді. 8 мамыр күні Өлкелік партия комитетінің мəдениет жəне насихат бөлімі жанында «Хан Кене» қойылымын талқылауға арналған жиналыс өтеді.

Жиналыста сөз алған белгілі тұлғалардың айтқан пікірлеріне тоқталмай тұрып, осы талқылаудың өтуіне себепші болған Ғ. Мүсіреповтың сол кездегі Өлкелік партия комитетінің басшысы Л. Мирзоянға «Хан Кенеге» байланысты жолдаған хатына тоқталайық. Хаттың соңында «7 мамыр 1934 жыл: Мүсірепов» деп көрсетілген. Бұл кезде Ғ. Мүсірепов Халық оқу-ағарту Комиссариатының (Наркомпрос) театрлар бөлімінің меңгерушісі қызметінде еді.

Хатта Ғ. Мүсірепов Халком Т. Жүргенов пен пьесаны қоюшы-режиссер жəне театр жетекшісі Орынбек Бековтың М. Əуезовтің «Хан Кенесін» алдымен қоғамдық көрсетуден (яғни қойылымға қатысы бар деген идеология қызметкерлерінің қатысуымен – авт.) өткізіп алмай, бірден қалың көрермендерге ұсынулары үлкен қателік болғандығын айта келіп, пьесаға байланысты өз ұстанымын былайша білдіреді: «..Жолдас Беков қоюшы (режиссер) ретінде, қыс бойы «Хан Кене » қойылымы арқылы өз театрының шығармашылық жолын айқындауға даярлық жасады, ал революциялық театрға мұндай мақсат белгілеу қателік, өйткені, ондай шығармашылық бағыт театрды революциялық советтік тақырыпқа емес, ескі өмір тақырыбына бекіту болып шығар еді».

Ғ. Мүсірепов бұл мəселенің принциптік мəні бар екендігіне көңіл аударады. Өйткені, театр «Еңлік-Кебек», «Арқалық батыр», сол сияқты «Хан Кенені» зор шабытпен қоя отырып, ал «Майдан», «Түрксиб» сияқты революциялық тақырыптағы қойылымдарға келгенде солғындық танытқан. Хат авторының пікірінше, театрдың мұндай ұстанымымен, əрине, үзілді-кесілді келісуге болмайды.

«Хан Кенені» талқылаудан өткізуді талап еткен Ғ. Мүсірепов Өлкелік партия комитетінің мəдениет жəне ленинизмді насихаттау бөлімінің меңгерушісі І. Қабыловтың төрағалығымен өткен бұл талқылауға қатыса алмаған сияқты. Өйткені стенограммада оның аты-жөні аталмайды. Пьесаны театрдағы қойылымнан алып тастау жөнінде шешім қабылдаған бұл талқылауға Ғ. Мүсірепов қатынаса алмаса да, шығармаға байланысты өз ұстанымын «Хан Кенені » қалай қайта жазған жөн?» – деген пікірінде толық білдірген. Мұрағат қорында Ғ. Мүсірепов пікірінің орыс тіліне аударылған мəтіні сақталған. Аудармашы « Исмагилов» деп қол қойылған бұл құжатқа оның авторы «Как нужно переделать «Хан Кене» деген тақырып қойыпты [34]. Пікір талқылаудан кейін жазылғандай əсер қалдырады. Өйткені Ғ. Мүсірепов қолжазба мəтінінде талқылауға қатынасқан кісілердің сөздеріне сілтеме жасайды. Біз бұл арада оның пікіріндегі кейбір тұжырымдарға тоқталуды жөн көрдік, өйткені олар «Табалдырыққа» – қарсы екінші ұстанымды білдіреді.

Ғ. Мүсіреповтың пікірінше, пьесаның тақырыбы дұрыс алынбаған, ал онда «автор ұлттың атақты батырларының қосынына ат басын бұрып» көрерменнің сезіміне тиіп, көңілінде жанашырлық отын жаққысы келген. Кеңестік билік күш ала бастаған бұл тарихи мезгілде жаңа социалистік қоғамдық шындық пен өткен феодалдық шындықты қарсы қою кең етек ала бастаған əдіс еді. Осы партиялық ұстанымды басшылыққа алған Ғ. Мүсірепов «Хан Кене» сияқты қойылыммен театр өз желкесін үзіп алуы» əбден мүмкін екендігін ескертеді. Ғ. Мүсіреповтың пікірінше Кенесары Қасымұлы «Пугачев емес, ондай бола да алмайды». Хан Кене бастаған ұлттық қарсылықты шығарма тақырыбы ретінде алған автор қандай идеяны өткізбек? Ал идея советтік қоғамның (партия мен Орталық биліктің деп оқыңыз – авт.) мүддесіне сай келе қояр ма екен ? Ғ. Мүсіреповтың пікірінше ең алдымен анықтап алатын нəрсе осы. Əрине, сыншы бұл арада М. Əуезов пьесасының өзекті жібі ұлттық мемлекттілік жəне тəуелсіздік идеясы екендігін тура түсініп, соған нұсқап отыр. Шығармадағы советтік қоғамның мүддесіне с əйкес келмейтін идея да осы еді. Яғни «Хан Кене» кеше ғана (1932 ж.) кеңес абақтысынан бостандыққа шыққан М. Əуезовтың «əлі де болса буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымынан арыла алмай отырғандығының» айғағы. Ғ. Мүсірепов сынының түйіні де осы тұжырымға саяды [35].

Сонымен, 1934 жылы 8 мамыр күні болып өткен талқылауға оның авторынан басқа С. Сейфуллин, С. Асфендияров, Ғ. Тоғжанов, Ирубаев жəне О. Беков қатысады.

Халком Т. Жүргеновтен соң сөз алған М. Əуезов бұл шығармасын жазуға қандай даярлықпен келгендігінен мəлімет беруден бастайды. Сонымен бірге бұл тақырыпқа қалам тартуға түрткі салған негізгі идеяны баяндауға бармайды. Оның бұл мəселеге бармау себебін бүгін түсінуге болады жəне солай жасағаны дұрыс та еді.

М. Əуезов үшін Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс – бұл ұлттық тəуелсіздік үшін күрес тақырыбы. Құжаттық материалдар бұл ұлт өмірінің аса маңызды кезеңіне қатысты тақырыптың ұлы жазушы көңілінде зор толғаныс тудырып, өмірінің соңына дейін онымен бірге жүргендігін байқатады. Бұл ретте, мəселен, 1943 жылы жарық көріп, Мəскеудегі партиялық басшылық арасында үлкен мазасыздық тудырған «История Казахской ССР» кітабындағы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының азаттық күресі (1837-1847 жылдар)» аталатын тараудың (XIV т., 217-241-бб.) тікелей М. Əуезовтің белсенді ұстанымы арқасында кітапқа жеке тақырып ретінде енгізілгендігін, сондай-ақ, бұл ғылыми мəселені Е. Бекмахановтың арнайы зерттеу тақырыбы ретінде алуына М. Əуезовтің шешуші ықпал жасағандығын айтудың өзі де аздық етпес деп ойлаймыз. Егер қоғамда еркін шығармашлыққа қолайлы жағдай қалыптасқанда М. Əуезовтің Кене хан бастаған көтерілісті кең көлемдегі шығарма тақырыбы ретінде арнауы əбден мүмкін еді.

Басқаша айтқанда, М. Əуезов сияқты зор талант иесінің бұл тақырыпқа келуі, əрине, кездейсоқ құбылыс емес-тін. 1917-1919 жж. оның көз алдында жеңіліс тапқан ұлт-азаттық (Алаш) қозғалысы мен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара сабақтастық жөнінде, бұл қозғалыстардың қайғылы жеңіліске ұшырауының себеп-салдарлары жөнінде М. Əуезовтің ойланбауы, əрине, мүмкін емес- тін. «Хан Кене» сияқты тақырыпқа мақсатты түрде қалам тарта отырып, ол оқырмандарын XX ғасыр басындағы Алаш қозғалысының жеңіліске ұшырау себептері жөнінде ойлануға итермелеп, сондай-ақ, ұлт болашағы үшін күрестің мұнымен де аяқталмайтындығын көркем шығарма тілімен жеткізеді. Жазушы трагедияның соңғы көріністерінің бірінде өзі жақсы көретін ұлы Сыдықпен қоштасқан Кене ханның аузына мынадай сөздер салады. Кене хан Жоламанға: « Əй, өзгелерді қой, Сыдықты алып келші, маңдайынан бір сүйіп қалайын...», -деп, ал баланы алып келгенде: «... ұлғайып азамат бол. Ешнəрседен қорықпа, қорғанба! Артыңа үлгі қалдыратын адам бол.... Еліңнің ері бол. Ата жолын қуарсың..., жалғыз үміт қылған балапаным ең... Ақтарсың... Бірақ, заманың əлдеқалай болар. Кім білер» [36], - дейді.

Өзінің бұл тақырыпқа қандай даярлықпен келгендігін баяндаудан бастаған М. Əуезов: «...Пьесаны жазуға кірісуден бұрын мен мол материал жинадым, сондықтан да Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сенімді айта аламын. Мен Орынбор жəне Омбыдағы құжаттық материалдармен, сондай-ақ, қазақ жəне қырғыз халықтарының арасындағы материалдармен таныспын. Мəселен, Кене ханның қырғыздармен қатынас кезеңі құжаттық материалдарға түспеген, сондықтан ол кезең жөніндегі мəліметтерді қырғыз арасынан жинауға тура келді.

...Кез келген тарихи фактіге байланысты əрбір зерттеушінің өз көзқарасының болуы ықтимал, дегенмен, автор тарихи тақырыпқа байланысты жеке концептуалдық ұстанымын қалыптастырмаса, онда материалды игеріп кете алмайды. Сол сияқты əркім өз тарих философиясын басшылыққа алады. Мен бұл жазған тарихты осы тұрғыдан қорытып, өзімше түсіндірдім.

Менің пьесамның белгілі бір идеясы мен мақсаты бар екендігін айтқаным жөн. Ал оны қабылдау немесе қабылдамау бұл басқа мəселе...» М. Əуезов осы кіріспе сөзі арқылы-ақ негізгі ойын астарлап жеткізген еді. Бірақ большевиктік идеология ұстанымына табан тіреп алған дискуссияға қатысушы шешендерге тағы бір басқа екінші ұстанымның, «бұлыңғыр» тарих философиясының пайдасына айтылған дəлелдер мен аргументтердің мүлдем қажеті де жоқ-тын. Оларға жүктелген міндет «алашшыл» Əуезовті жаңа таптық көзқарас ұстанымы алдында тізе бүктіру еді. Сондықтан да келесі сөз алған С. Сейфуллин пьесаның пролетарлық емес арнада сəл ертерек жазылып, ал оған кейінірек енгізілген өзгертулер «жасыл түсті фонға қып-қызыл жалау» жапсырғандай болып шыққандығын, сондай-ақ, Əуезовтің ықыласы революцияшыл кейіпкерлер жағында емес, ұлтшыл Наурызбай жағында екендігіне көңіл аударады.

С. Сейфуллиннің пікірінше, Кенесарының мақсаты қазақтардың патшалық билікке қарсы қозғалысын жеке бас мүддесіне пайдаланып, атасы Абылай хан тұсында құлаған хандық билікті қайта жаңғырту еді. Ал бұл хандық билікте халыққа тиімді ештеме де болған емес-тін. «Маған бұл қозғалыстағы батыр да, хан да жəне би де феодалдар табының өкілі, ортақ мақсаттағы кейіпкерлер ретінде көрінеді.

...Менің ойымша, «Айман-Шолпан» да шындықтан алыс тұр. «Айман-Шолпанда» қазақтың ірі байларының үрім-бұтағын көреміз. Бұлар қазақ феодалдары, ал қарапайым қара қазақ жоқ. Біз пьесадан жарқыраған, көз қарықтыратын феодалдың қыздары мен ұлдарын көреміз, ал қазақ бұқарасы оған қатыспайды».

Дискуссияда сөз алған С. Асфендияров пен Ғ. Тоғжанов та пьесада қарапайым халықтың революциялық қозғалысынан гөрі, Кене хан мен Наурызбай сұлтанды əсірелеп көрсету əрекеті барына назар аударып, «Кенесары хан болғандықтан да халық қаһарманы ретінде көрсетілуі қателік» деген тұжырымға қолдау жасайды. Олардың да осы ұстанымда сөйлемеске шарасы жоқ еді.

Талқылауға төрағалық жасаған І. Қабылов та «жаңа пьеса даярлау бұл біздің театр қызметкерлерінің ғана жұмысы емес, бүкіл қауымның, үкіметтің, сондай-ақ, партия ұйымының да ісі», ал кеңестік театрда хан тұқымы сахнаға неге қаһарман болып шығып, тіптен өмірден қаһарман болып өтуі тиіс, бұл, əрине, пьесаның кемшілігі деген тұжырым жасайды.

Міне, осындай талқылаудан соң «Хан Кененің» жаңа ғана аяғына тұрып келе жатқан қазақ драма театр сахнасынан біржола түсіп қалғаны, əрине, таңданыс тудырмасы анық.

Бұл арада, мəселе С. Сейфуллиннің немесе Ғ. Мүсіреповтің жеке басында емес, сондай-ақ, баяндалған мазмұнда жүрген процесс тек қазақ əдебиетіне ғана тəн құбылыс еді деген ой тумауға тиіс. Мəселе Ғ. Мүсірепов жəне С. Сейфуллиннің қолдауымен жаңа кеңестік идеология ұстанымына лайық құндылықтардың орын тебуінің тарихи фактіге айналғандығында.

Сонымен бірге, əдебиет пен өнердегі социалистік реализмді тек бір қара бояумен ғана түстеу орынсыз болып шығар еді. Өйткені, қарапайым еңбек адамы, оның тұрмыс-тіршілігі, игілігі, Мағжан ақын «Табалдырығында» дəл басып айтқанындай, əдебиеттен өзіне лайық орын алуға тиіс құндылық.

Мағжан ақын атап көрсеткендей, «Табалдырық» ұстанымында І. Жансүгіровтың «Күйші» (1935 ж.) жəне «Құлагер» (1936 ж.) атты шығармалары бар. «Күйші» дастаны 1929 жылы жарық көрген «Күй» дастанынан соң өмірге келген [37]. «Күй» дастанындағы ойдың желісі «Бозінген» күйіне құрылған. Ақын онда бұл зарлы күйді тартқан Молықбай шал мен «жаны жылаулы жапан даланың» арасындағы үйлесімділікті көріп, « əлемнің əуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұңын тартқан күйші шалын» деген тұжырымға келгенімен, бұл көңіл-күйін октябрьдің «қып-қызыл боп тасыған суымен» шайып, оның орнын даланы дүркіреткен жаңа социализм күйіне береді. Соған қарамастан, 1934 жылы Ілияс ақын зарлы күй тақырыбына қайта оралып, енді «Күйшіні» жазады. Олай болса, бұл күйші кім, ол тартқан күй не туралы баяндайды?

«Күйшіде » жауаптан сұрау көп. « Күйшінің» астары қатпар-қатпар. Күйді сүйген, оны терең түсіне де білген қатыгез Қарашаш сұлу төре тұқымы. Ал тоқсан күй мен сұңғыла өнердің иесі, «бір өзіне барлық Үйсін татымас» Күйші қара тобырдан. Яғни екеуінің арасында заман тұрғызған зəулім қабырға тұр.

«Күйшіде» жауаптан сұрау көп дедік. Неге күй зарлы да, бірақ ол жеткен көңілге тəтті? Неге толғауы тоқсан күйдің бірі бəрінен артық ? Неге өнердің хас жорғасы – күйші жігіт күйді сүйген сұлуға тең емес? Жалғыз ұлын аңға балап атып салған Арша мергеннің тағдыры неге қайғылы? Неге тоқсан күйді түсініп, қабыл алған Қарашаштай сұлу күйші жанынан қайнап шыққан жалғыз күйді түсіне алмайды?...

Бұл қойылған сұраулардың бəріне бірдей жауап беру мүмкін емес, ол біздің қолымыздан да келмес, тек біреуіне ғана жауап беріп көрейік. Қасиетті домбыра, одан шыққан тоқсан күйдің бəрі бірдей інжу-маржан, адам жанының шетсіз де шексіз қырлары мен сəттері. Бірақ сол тоқсан күйден ерекше бір ғана күй бар, ол Азаттықтың күйі. «Күйшідегі» Кене ханның сүйікті қарындасы Қарашаш сұлуда бəрі бар: төрелік тек те, ерекше көрік те, билік те, дүние-мүлік те. Бірақ Ілияс ақын айтқандай басқа тоқсан күйден өзгеше азаттықтың күйін түсінбеген сұлу Қарашаш Күйші көзінде «қыз емес, албасты», «жыландай жиырылған кесірткі», «қара тастай суық». Ілияс ақын үшін Қарашаш билік, мүмкін ол патшалық болар, мүмкін ол кеңестік болар, қайсысы болса да ол билік. Ол жеке басты пенденің азаттығын сыйласа ғана, жеке тұлғаның еркіндігіне басты құндылық ретінде қараса ғана құрметті. «Адамның азат басы дəулет екен, өзінде ердің еркі – сəулет екен», олай болса «домбыра бостандықтың ырғағын тарт!» – дейді ақын.

«Құлагер» бұл да күй. Ілияс ақын айтқандай «қазақтың қиялының жақсы аты», арғымағы. «Құлагер» зарының авторы Ақан сері, Ілияс ақын пікірінше «əулие болмаса да, безеген жан». Неліктен? Бұл сұрауға жауап беруді, жалпы Ақан тұлғасы мен шығармашылығының түпкі себебін түсіндіруді «Құлагер» авторы кейінгі тарихшыларға қалдырады [38].

Бұл мəселе тарихи зерттеу тақырыбы ретінде іргелі монографиялық еңбектерде қарастырылған, сондықтан да бұл арада тек жасалған негізгі тұжырымдармен ғана шектелейік. XVIII ғасырдың 50-ші жылдары Жоңғар қалмақтары біржола ығысқаннан кейінгі уақытта, басым түрде Орта жүз қазақтары жайлаған Арқа жерінде аз мезгілге болса да тыныштық орнап, мал шаруасына аса қолайлы бұл өлкеде қазақ ауылдары салыстырмалы түрде болса да, емін-еркін өсіп-өркендеу сəтін басынан кешірді. Емін-еркін Арқадағы ғажап өмір туралы ертегідей түсінік қазақ санасында міне осы уақытта орын тепті.

Бірақ бұл мезгіл де ұзаққа созылған жоқ. XIX ғасырдың 20-40-жылдарынан бастап, казак посёлкалары енді қазақтың қалың ішіне еніп, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өңірлерінде орныға бастады. «Енді еркіндік заман жоқ, дұшпанның құрған торы бар. Ендігі жүрген жігіттің, маңдайында соры бар», – деп Шортанбай ақынның ой түйген заманы шамамен осы мезгілге тұс келеді. Ақан сері мен Біржан салдың əндерін кернеген мұң аяқтың астынан сусып басқаға өтіп бара жатқан атамекен жер, сол жермен бірге кетпек еркіндікті жоқтаған елдің көңіл-күйін білдірсе керек.

Ілияс ақынның Ақан серісінің сүйгені Ақмарқа сұлу да, мінгені Құлагер, жаттағаны жыр, жоқтағаны жер. Ақмарқаны ала алмағаны, Құлагерді төгілтіп өмірінің соңына дейін серік етіп жүре алмағаны, Көкшетау – Бурабайдай жерді ұстап тұра алмағаны үшін «алдымен өзін жазалаған», шерлі де мұңлы Ақан сері. Сөйтіп жалғыз қалған, қоғамнан шеттеп шыққан «артық адам» (лишний человек). Дегенмен, Ілияс ақынның айтпағы ол емес-тін. Оның айтпағы Ақанның Құлагері. Анығырақ айтсақ Құлагерге жоқтау. Қазақы көңіл оны түсіне алады. Арғымақ ат ер жігіттің қанаты, яғни ол қазақ ұғымында азаттықтың жалқы баламасы. Ілияс ақынның «Құлагері» азаттыққа айтылған жоқтаудай оқылатындығы да сондықтан. Мағжан ақынның 1937 жылы Алматыға келіп, Жансүгіровтың «Күйшісі» мен «Құлагерін» оқығанда, оның «Алқа» «платформасы арнасында үлкен жігермен ізденіс жасағандығына көзім жетті» дегенде айтқалы отырған негізгі ойы да осы болса керек.

Ілияс ақынның көздегені «Құлагерін» жоқтап күңіренген Ақан серінің бейнесі арқылы азаттығына қолы жетпеген қазақтың шерменде көңілін білдіру еді.

Ал, осы «Табалдырық» манифесін жазып, «Алқа» ұйымын құруды ойластырған Мағжан ақын осы мезгілде өзі ұсынған ұстанымда шығармалар жазды ма? Ақынның 1925 жылдан кейінгі шығармашылық тағдыры жеңіл-желпі қалыптаспағандығын аңғару қиынға түспейді. Осы жылғы мамырда партияның Қазақ өлкелік комитетінің атына И.Сталиннің «Ақжол» газетінің саяси ұстанымына байланысты жолдаған хатынан соң алаштық зиялылардың жағдайы бұрынғыдан күрделене түсті. Олар Мəскеу, Ташкент, Қызылорда жəне басқа орталықтардағы баспа жəне редакция ісіндегі қызметтерінен босатылды. М əскеудегі Орталық баспадағы қызметінен Ə. Бөкейханов та кетірілді. «Ақжол» жəне «Еңбекші қазақ» газеттерінің редакциясында қызметте жүрген Алаш қозғалысына қатынасы бар деп танылған шығармашылық иелері жұмыссыз қалды. Басқаша айтқанда, «ұлтшыл» ұстанымдағы жазушыларды ашық түрде қудалау басталып кетті. Міне, осы елде қалыптаса бастаған жаңа саяси жағдайды есепке алғанда Мағжан ақынның астарлы оймен біршама еркін жазған соңғы көлемді шығармаларының бірі – «Жүсіп хан ». Ақынның 1988 жылы жарық көрген шығармалар жинағында бұл поэма 1924 жылғы қазан айында жазылған деп көрсетілген [39].

Бұл мезгілде Мағжан ақын Мəскеудегі Орталық баспаның қазақ секциясында қызметте жүрді. Осы жылдары ақынмен қызметтес болған ұлт зиялыларының бірі мынадай пікір білдіреді: «Орталық баспаның қазақ секциясының қызметінде алашордалық ұстаным басымдылық алды. Н. Төреқұлов (секция басшысы –авт.) əрқашанда Бөкейхановтың ұсыныстарына қолдау көрсетті. Төреқұловтың өзі де халық əдебиетінің үлгілерін жақсы көретін. Олардың қайсыбірлеріне өз атынан мақтау сөздер мен кіріспе жазатын (мəселен, «Кенесары – Наурызбай» атты тарихи жырға, «Мың бір мақал» жинағына, Шығыс баспасы, 1923 ж.). Ол неше түрлі ертегілерді ұнататын. Мəселен, Иран өмірінен алынған өте екіұшты, астарлы жəне контрреволюциялық мазмұндағы ертегі негізінде М. Жұмабаев «Жүсіп хан» деген поэмасын соның тапсырысымен жазды. Бұл ертегі баспадан 1926-1927 жылдары жарық көрді. Мен ол шығарманың жариялануына қарсы болдым» [40].

Шынымен, бұл көрсетуде айтылғандай, «Жүсіп хан» дастаны астарлы, эзоптық тілмен жазылған, сол мезгілдегі ойлы оқырманға айтары көп шығарма еді. Поэмада өткінші «бір сəтке» хан тағына отырған Жүсіп хан жедел түрде кедей-кепшіктің пайдасына тəркілеу (конфискация) шараларын жүргізеді.

...Жарлықты Жүкең жаудырды,

Уəзірді жер аударды,

Қазының басын алдырды.

Машайығын, молдасын,

Қойқаңдаған қолбасын,

Абақтыға салдырды.

Мұналық талай мұңдардың,

Елді сорған сұмдардың,

Қырықтырды басын түймедей.

Байларды айдап жиғызды,

Тұмылдырық кигізді

«Уһ!»–деді көп кедей [41].

Сөйтіп, Жүсіп хан «өңшең залым, кезептен еңбекші елді аршыды». Бірақ, парадокс сонда, кедей-кепшікке «мереке» əкелген бұл шара қоғамдық өмірдің заңдылықтарына қайшы келетін еді. Сондықтан да «донкихот» Жүсіп ханның билігі он-ақ күнге созылды.

Тəркілеуден «тірі қалған төбеттер» есін жиып оныншы күні Жүсіпті тағында өлтірді. Ал байтақ ел ше, енді ол жетім. Болған істі көріп, аз «түнеріп тұрды да, «Қап!» - деп санын ұрды да, үн-түн жоқ» тарап кете барды. Белсенділігі осымен аяқталды.

Ресейдегі революциялық өзгерістерді көз алдынан өткізген Мағжан ақын 1924 жылы-ақ бұл аласапыранның соңы осы иран ертегісіндегідей шындыққа ұласпайды ма? деген сауалды көлденең тартады. Бұл ретте біз профессор Ш. Елеукеновтың Жүсіп хан мен И. Сталин арасынан ұқсастық іздеуіне толық қосыламыз [42]. Егер поэма кейіпкері Жүсіптің есімі ислам дініндегі Юсуф жəне библиядағы Иосиф пайғамбарлардың есімінен бастау алатындығын, сондай-ақ Кеңестер Одағының басшысы Сталиннің де есімінің Иосиф екендігін, елдегі тəркілеу саясатының соның басшылығымен жүргендігін еске алсақ, онда Мағжан ақынның «Жүсіп хан» аталатын жоғарыда баяндалған мазмұндағы поэма жазып, оны Мəскеуде жариялап, қандай тəуекелге барғандығын аңғару мүлдем қиынға түспейді.

Қорытынды. Кезінде тергеу материалдарында «Табалдырық» « платформа» аталған. «Платформа» – француз сөзі, егер оның саяси мағынасын алсақ – белгілі бір саяси партияның, қоғамдық ұйымның, топтың əрекет бағдарламасы дегенді білдіреді [43].

Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары елімізде жаппай репрессия саясаты жүргізілген мезгілде Алаш зиялылары, үстінен жүргізілген сот процесі барысында тергеушілер бұл құжатқа мүмкін болғанша саяси реңк, астар беріп, оны Кеңестік билік пен Коммунистік иделогияға қарсы қазақ ұлтшылдарының ортақ бағдарламалық құжаты ретінде қарастыруға тырысып «платформа» деп атады. Яғни «Табалдырық» большевиктер платформасына қарсы қойылған қазақ ұлтшылдарының платформасы. Ал Мағжан ақын болса өз шығармасына бағдарлама немесе платформа деп ат қоймаған. Қалыптасқан жағдайға қарағанда ақында ондай мүмкіндік болмаған да сияқты.

«Табалдырық» жай, ағымдағы шығарма емес. Ол қоғамдағы күрделі де түбегейлі саяси, əлеуметтік жəне рухани өзгерістер жағдайында өмірге келген туынды. Оны өмірге əкелген сол тарихи мезгілде илеуге түскен қазақ шындығы.

Ресей империясында қазан революциясы жеңіп, кеңестік билік орнағаннан кейінгі уақытта В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы социализм атанған қоғамдық жүйені енгізе бастады. Қазақ қоғамы империяның орыс халқы сияқты жаңа саяси жə не экономикалық жүйені қабылдауға тіптен де даяр емес-тін. Сондықтан да большевиктер үкіметі көздеген мақсатына тек күшке сүйене отырып қана жете алатын еді.

Жаңа саяси тəртіпке күштеп көндіру əрекеті рухани өмір, мəдениет саласында да жүрді. Шығармашылықтағы қазақ зиялыларының белсенді бөлігі мұндай зорлыққа қарсылықпен жауап берді. 1924 жылдың соңы жəне 1925 жылдың алғашқы күндері жазылған Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» аталатын шығармасы міне осы елде тоталитарлық билік жүйесін орнату жолына түскен большевиктік идеологияға қарсы əдеби ағымның негізін қалады, соның нəтижесінде 1917 жылдан кейінгі оқиғаларға қатысты алаштық саяси топтың көзқарасын білдірген шығармалар шоғыры өмірге келді.

Эзоптық тіл мен əдіске негізделген бұл əдебиеттегі ағымды біз «Қарсылық əдебиеті» атауды жөн деп білеміз.

«Табалдырықтың» Коммунистік Орталықтың империядағы қазақ сияқты халықтардың қоғамдық өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін есепке алмастан рухани өмір саласында да өз ұстанымдарын универсалды құндылық ретінде жоғарыдан күшпен телуіне қарсы көңіл-күйді білдіретін құжат екендігі айқын. Сонымен бірге «Табалдырық» сол бір күрделі өзгерістер кезеңінде ұлттық көркем ой, əдебиет қандай ұстанымда болуы керек деген сауалға берілген негізді де дəлелді жауап еді.

«Табалдырық» жазылған уақыт қазақ зиялылары үшін күрделі де ауыр уақыт болатын. Ұлт-азаттық қозғалыстың жеңіліске ұшырауы, мемлекеттік автономия алу əрекетінің іске аспай қалуы ұлт зиялыларын тұйыққа тіреді.

«Табалдырық» арқылы Мағжан ақын қаламдастарына осы тығырықтан шығатын жолды ұсынды. Мағжан ақын ұстанымында əдебиет идеология құралы болуға тиіс емес. Оның міндеті ұлттың биік адамгершілік, азаматтық жəне эстетикалық сезімін оятып қалыптастыру арқылы оны жаңа өмірге даярлау еді.

Ал большевиктік идеология ұсынған жол бұл қазақ қоғамына ұлттық мəдениеттің бағыт-бағдары мен мазмұнын анықтау ісінде Орталықтың шешуші ролін мойындау жəне оның директиваларын бұлжытпай орындап отыру, яғни мəдени құндылықтар жасаушы халықтан өзге мəдениеттер жасаған үлгілерді тұтынушы халық жолына түсу еді.

Яғни, «Табалдырық» мəдени өмір саласындағы идеологиялық зорлыққа берілген интеллектуалдық жауап қана емес, сонымен бірге сол бір аумалы-төкпелі заманда ұлттық өнердің, əдебиеттің бағыт-бағдарын анықтап берген бағдарламалық құжат та еді. «Табалдырықтың» осы екі қырын бірдей бағалау аса маңызды. Өйткені ол жаңадан отарлауға қарсы ұстанымды білдірумен шектелмейді, сонымен бірге көркем ойдағы жаңа ұстаным мазмұндық тұрғыдан қандай болуға тиіс деген сауалға да жауап береді.

Кез-келген дəуір, заман құжатының аты, əрине оның мазмұнына, көтерген жүгіне сəйкес болмақ. Осы тұрғыдан алғанда «Табалдырық» сырттан телінген ресми идеологиялық ұстанымға қарсылық қана емес, сонымен бірге мəселеге қатысты ұлттық көзқарасты ашық та анық білдірген мəлімдеме орнында жүретін құжат. Құжаттың осы қырларын негізге ала отырып, біз оны манифест атауды ұсынамыз. Яғни ақын Мағжан Жұмабаевтың ұлттық көркем ойдың мазмұны қандай болуы керек деген сауалға байланысты білдірген ашық ұстанымы, манифесі.

Қорыта айтқанда, біз бүгін өткен ғасырдың 20-шы жылдары, қазақ əдебиетінде «Табалдырық» сияқты шығарманың өмірге келіп, сол арқылы қазақ елінің күрделі өзгерістерге қатысты өз көзқарасы мен ұстанымын білдіре алған ел қатарында болғандығын мақтан тұтамыз. Ұлы Мағжан ақынның қаламынан туған «Табалдырық» қазақ көркемдік ойы мен мəдениетін əлемдік өркениетпен жалғастырып, қазақ елінің əлемдік мəдени кеңістікте өз орны, өз қолтаңбасы бар ұлт дəрежесіне көтеріп тұр. Мағжан түсінігінде поэзия, əдебиет ұлттық сананың оянуына ғана емес жаңа заман, жаңа жағдайда ұлттық сананың кемелдікке өтуіне көмектесе алады. Егер соцреализм əдебиеті ұлттық сананы кейінге, екінші, үшінші қатарға ысырса, «Табалдырық» жалпыұлттық құндылықтарды алға шығарып, оларға жаңа серпін, өміршең қуат беру жағында тұр.

Сондай-ақ, 20-шы жылдардың орта тұсында қазақ көркем ойында жаңа кеңестік отаршылдыққа қарсы бүтін бір ағым қалыптасқандығын айтқан жөн. Ол ағым осы мезгілдегі толық өмірлік негізі бар қазақ ұлтшылдығының əдебиеттегі көрінісі болатын. Ағым ретінде қазақ ұлтшылдығы мемлекеттік құрылыста Т. Рысқұловтың, С. Садуақасовтың, Н. Нұрмақовтың, Ж. Мыңбаевтың, С. Қожановтың т.б. қайраткерлердің қызметінде қандай көрініс тапса, көркем əдебиетте М. Жұмабаевтың, М. Əуезовтың, Ж. Аймауытовтың, І. Жансүгіровтың, Қ. Кемеңгеровтың т.б. жазушылардың шығармаларында да сондай көрініс тапты.

Мəмбет Қойгелдиев

Ескертулер

1. Д. Қамзабекұлы. «Алқа» – Ұлт қаламына серт». //Қазақ əдебиеті, 25 маусым 2010 ж.; «23 жоқтау – қазақ рухына қойылған ескерткіш. //«Аңыз адам», 2010, № 11, 38 б.

2. Сергей Есенин 1924 жылы жазған «О советских писателях» атты мақаласында «Революция жылдары, ескі тұрмыс күйреп, астан-кестен өмірден жаңа тұрмыс əлі туа қоймаған жағдайда еліміздегі көркем шығармаашылық та аласапыран күйде еді. Сансыз көп топтар мен ағымдар құрылды»,-деп жазды//Есенин С. Собрание сочинений в трех томах. М., 1983, Т.3, – Стр.173

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің мұрағаты (бұдан былай ҚР ҰҚК АДМ), 6-қ., 07875 іс, 2 том,54 об п. Түпнұсқада: «Организация литературного кружка «Алка» (ожерелье) была задумана мною, кажется, в 1925 году в Москве. Программа «Алка» также была составлена мною ближайшем участии студентов ГИЖ-а Жакена Сарсембина и Амангалия Сегизбаева и с некоторыми коррективами приехавшего в ГИЖ, кажется, в следующем году Ильяса Джансугурова».

4. Сонда, 3-т., 7-п.

5. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 011494 – іс, 2 т., 94-95 п.п. Түпнұсқада:

«Встреча моя с Джумабаевым состоялась после собрания вечером. Жил он в доме быв. Представительства Туркреспублики. В беседе на тему о собрании по поводу его произведении, Мағжан меня, как выступавшего в его защиту, распрашивал подробно о собрании, а затем рассказал что у него имеется написанное произведение, которое необходимо будет распространить. Произведение это оказалось литературной платформой под названием «Табалдырык».

6. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 011494 – іс, 3 т., 159 п.

7. Сонда, 97 п.

8. Өкінішке орай Саенконың қызметіне қатысты құжаттық материалдардың құпия қорларда сақталуына байланысты бұл тергеуші жөнінде біз толығырақ мəлімет бере алмадық. Зерттеу еңбектерінде ОГПУ жүйесінде қызмет атқарған екі Саенко жөнінде мəліметтер кездеседі. Біріншісі С.А. Саенко. Ол Украинаның Харьков облысында қызмет атқарып, аса қатыгездігімен көзге түскен (И. Баберовски. Красный террор. История сталинизма. М., 2007. С. 40 ). Екіншісі Г.Н. Саенко Ішкі Істер Халкомының Омбы облыстық басқармасы Құпия-саяси бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүріп 443 адамды заңсыз тұтқынға алғаны үшін айыпталып, абақтыда отырғызылып, 1939 жылы камерада асылып өлген (Тепляков А.Г. Машина террора: ОГПУ-НКВД Сибирь в 1929-1941 гг. М., 2008. С. 291

9. 9. Сонда, 3 т., 7-8 п.п.

10. Сонда, 2 т., 44 п.

11. ҚР ҰҚК АДМ, 6 қ., 07875 іс, 2 т., 320 п.; сонда, 3 т., 7 п.

12. Мұқанов С. Есею жылдары. Өмірбаяннан хикаялар. Алматы, 1964. – 229-234 б.б.

13. Сонда, – 230 б.

14. Отчет Казрайкома РКП (б) 5-ой Всеказакской конференции РКП (б). Доклад ответственного секретаря Казрайкома РКП (б) тов. Голощекина, на заседании конференции 1-го декабря 1920 г. Кзыл-Орда, 1926, с. 14-15: «В ауле действительной

советской власти нет, есть господство бая, господство рода....»

15. Голощекин Ф.И. Поставить развитие Казахстана на социалистические рельсы / в кн.: «Партийное строительство в Казахстане. Сб. Речей и статьей (1925-1930 гг.)» М.-А., 1930, с. 151: «...революция не затронула старые дореволюционные отношения, оставив в полный мере экономическое и политическое господство сильных родов и бая».

16. Қамзабекұлы Д. Алаш жəне əдебиет. Астана, 2002. – 418 б.

17. Жұртбай Т. Алаш ақиықтары. Алматы, 2006. – 11 б.

18. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 011494 – іс, 2 т., 96-97 п.п.

19. ҚР ҰҚК АДМ, 6 қ., 07875 іс, 3 т., 54-54 об п.п.

20. Сонда, 3 т., 1-2 пп.

21. ҚР ҰҚКМ, 2370 іс, 4 т., 829-831 п.п.

22. Ақын 1921-192 жж. Петропавлдағы облыстық «Бостандық туы» газетінде редакторлық қызметте болады/ ҚР ҰҚК АДМ, 6 қ., 07875, 2 т., 16-20 п.п.

23. Сонда, 814 п.

24. Сонда, 3 т., 1430-1431 п.п.

25. Сонда, 73-76 п.п. Осы көрсетуінде Ə. Байділдин 1923-1924 жылдары Мəскеуде Н.Төреқұлов басқарған. Орталық баспада Ə.Бөкейханов жəне М.Жұмабааевпен бірге жұмыс істейтін, көзқарас үйлесіміздігіне байлаанысты 1924 жылы бұл қызметтен мəжбүр болғандығын баяндайды.

26. Отчет Казрайкома РКП (б) 5-ой Всеказахской конференции РКП (б). Доклад ответственного секретаря Казрайкома РКП (б), тов. Голощекина, на заседании конференции 1-го декабря 1925 г. Кзыл-Орда где он заметил: «Вещи, которые боятся писать открытым языком пишут в виде побасенок, - это очевидно общепринятое явление. Скрывать под какой либо басней какое-нибудь имя. Это называалось когда-то, в царской печати, эзоповским языком».

27. Байтурсынов А. Ақ жол. Алматы, 1991. – 14 б.

28. Мұқанов С. Есею жылдары. Өмірбаяннан хикаялар. Алматы, 1964. – 230 б.

29. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 011494 – іс, 6 т., 177-178 п.п.

30. Сонда, 6 қ., 09797 іс, 87 п.

31. Жұртбай Т. Алаш ақиықтары. Алматы, 2006. – 43 б.

32. Сонда, – 59 б.

33. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 06610 – іс, 4 т., 829-831 п.п.

34. ҚР Президентінің мұрағаты. 141 қ., 1 т., 7641 іс, 12 п.

35. Осы ретте ХІХ ғасырдағы (1837-1846) Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ азаттық қозғалысы тақырыбының ХХ ғасырдағы кеңестік билік тұсында ұлттық қоғамдық ойдағы даулы тақырыпқа айналғандығын, оны тудырған ресми идеология екендігін еске алу артық емес. Бұл тақырып, белгілі дəрежеде, қазақ қоғамдық ойындағы (əдебиеті мен тарихы) температуралық қысымды көрсететін барометр есебінде жүрді. Алаш қозғалысының жеңілісінен кейінгі қоғамдық ойдағы бас көтерудің көрінісі болған «Хан Кене» (1928) драмасына коммунистік идеологияның «күрзісі» тиді.

1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР» кітабына Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс тарихы М.Əуезовтың тікелей талап етуімен дербес тарау болып енгізілді. Артын ала, яғни 1947 жылы осы тақырыпты арқау еткен Е.Бекмахановтың монографиялық еңбегі жарық көрді. (Бекмаханов Е. Казахстан в 20-40 годы ХІХ века. Под общей редакцией доктора исторических наук, проф. М.П. Вяткина. Алма-Ата, 1947.) Коммунистік партия мұндай еркіндікті көтере алған жоқ. Е.Бекмаханов 1952 жылы абақтыға жабылып, ұзақ мерзімге сотталды. Бұл жолы партияның «күрзісі» міндетін атқарған Т. Шойынбаев, Х.Айдарова ж.б. болды. Өткен заман мен оның тұлғаларына оң көзбен қарап, «атбасын бұру» қазаққа пайдасыз іс деп танылды.

1969 жылы І. Есенберлиннің « Қаһары» жарық көрді. Кене хан тақырыбын сөз еткен қазақ романы. Оқырман кітапты іштей түсініп, жылы қабылдады. Елдің тойып ас ішіп, ойлы кітап іздей бастаған кезі. Партиялық биліктің де сірескен сталиндік жүйені сол күйінде ұстап тұру мүмкін еместігін мойындауға мəжбүр болған мезгілі. Соған сəйкес империяның ұлт саясатында да жылымықтың лебі байқалатын. Дегенмен жазушының шығармашылығына деген салқын ұстамдылықтың болғандығы хақ. Бұл кезде де Кене хан тақырыбында еркінсуге жол жоқ екендігін ескерткен сыншылар табылды. Бірақ жаңа сот процесін бастап кетуге де кеш-тін.

36. Əуезов М. 20 томдық шығ. Жинағы. 14 т., Алматы, 1983. – 367 б.

37. Жансүгіров І. Көп томдық шығарамалар жинағы. 3 т. Поэмалар. Алматы, 2004. – 405 б.

38. Сонда, 318 б.: «Арқада Ақанды айтқан əңгіме көп, Қылады оны əулие əлде не деп, Əулие болмаса да безеген жан, Неліктен? Тарихшылар табар себеп»

39. Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы, 1989. – 441 б.

40. ҚР ҰҚК АДМ., 6 қ., 011494 – іс, 3 т., 240 п.

41. Жұмабаев М. Аталған кітап, – 265 б.

42. Елеукенов Ш. «Олар қандай, мен қандай...». // Қазақ əдебиеті, 9 шілде 2010 ж.

43. Словарь иностранных слов. – М., 1988, с. 392.