10 қыр, 2019 сағат 13:02

Жаңақорғанда Елтаңба авторы жерлестерімен жүздесті

ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков туған жері - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Екпінді ауылына арнайы келді. Белгілі азамат өз жерлестеріне бағалы сыйлықтарды тарту етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл шара еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып келеді. Онда Тұңғыш Президент - Елбасы «туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын.

Белгілі азамат туған ауылының гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді. Бүгінгі күнге дейін ауыл орталығынан мешіт үйін салуға және өзге де маңызды істерге көңіл бөлді. 

Жерлестерімен жүздесу барысында Жандарбек Мәлібеков жаңа үлгіде жасалған Елтаңбаны ауыл әкіміне табыстады. Сондай-ақ, ауылдағы мешіт, мектеп, кітапхана ұжымдарына қажетті кітаптарды тарту етті.

«Әркімге туған жері ыстық. Адамзат баласы дүниеге шыр етіп келген жеріне кіндігімен байланады. «Туған жер» деген қасиетті ұғымды төбемізге қойып, қастерлейтініміз де сондықтан», деді Жандарбек Мәлібеков жерлестерімен жүздесу барысында.