27 жел, 2018 сағат 15:26

Жаңа жыл шыршасы тойлануда

Нұротандықтар қазір еліміздің әр аймағында үздік, талантты, өнерпаз оқушыларға арнап Президенттік шыршалар өткізіп жатыр.

Аталмыш шараны Ақтаулықтар жылдағы дәстүрінен жаңылмай, өз деңгейінде атап өтті.  Ақтаудағы «Жарқыра, Қазақстан! Жарқыра, туған жер!» атты Жаңа жылдық шыршаға аудандардан барлығы 250 бала келіп қатысты. Олардың арасында облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары да бар.

Балалардың асыға күтетін ең ғажайып мерекесі – Жаңа жыл шыршасына келген балғындар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын үлкен монитор арқылы тамашалады.

Кештің басты кішкентай кейіпкерлері - ертегі мен жануарлар әлемінің кейпіндегі костюмдер киген балғындарды «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының басшылары құттықтады.

Әр балаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Президенттің балалық шағы туралы «Назарбаевтай болғым келеді» кітабы, қысқы киім-кешек, түрлі тәттілер мен телефондар сыйға беріліп, мерекелік дастархан жайылды.

Ал, 26 желтоқсан күні тура осындай мереке Жетісу өңірінде жалғасын тауып, балаларды  ерекше қуанышқа бөледі. Алматы облысында өткен мерекелік шараға облыстық партия филиалының қызметкерлері қызу атсалысты. Мереке Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім, аз қамтылған отбасылардан шыққан, балалар үйінде тәрбиеленген, оқуда үздік - жалпы саны 200 бала қатысты. Президенттік шыршаның кішкентай қонақтарын танымал ертегілер мен мультфильмдердің кейіпкерлері, аниматорлар мен бишілер, әншілер және цирк әртістері қарсы алды. Экран арқылы Елбасының құттықтауын тыңдаған балаларды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасы мен партия өкілдері құттықтады.

Мұнан соң мемлекет басшысы, партия Төрағасының атынан әр балаға жаңа жылдық сыйлықтар, қыстық сырт киімдер мен спорттық киімдер, мектеп сөмкелері, тәттілер, құттықтау хаттары мен кітаптар табысталды. Балалардың атынан «Айналайын» балалар үйінің тәрибеленушісі, бесінші сынып оқушысы Ирина Веснина мен № 1 балалар үйінен 7-сынып оқушысы Ұлықпан Қабылбеков ортаға шығып, жаңа жылдық мереке үшін Президенттің атына балалық тілектерін айтып, елдің азаматы болуға бар күш-жігерлерін арнайтындықтарын жеткізді. Мереке барысында қыс мезгілінің ерекшеліктері мен жаңа жылдық  таңғажайыптар туралы театрландырылған шоу көрсетілді. Аяз Ата мен Ақшақар мерекенің шырайын кіргізіп, жаңа жылдық мереке балаларға арналған фуршетпен аяқталды. 

Дәл осындай іс-шара Ақтөбе облысында, Алматы облысының Қарасай ауданында да жалғасын тауып жатты.

Әсем Ережеқызы