#
#
Бейсенбі 23/01/2020

Жаңа заңда педагог құқықтары анық жазылған - Ерлан Сыдықов

  • 31.12.2019
  • 0
  • 393

«Педагог мәртебесі туралы» Заң адам ресурстарының сапасын арттырады. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл заң – қоғамның барша жігін бейжай қалдырмаған, аса көп талқыланған құжат. Өйткені ешкім білім саласын айналып өте алмайды. Тіпті білім – әрбіріміздің өсіп-өну жолымыз, адам болу тағдырымыз. Сондықтан, ең бірінші, бұл заңның бастамашысы Елбасы болғанын ұмытпалық. Екіншіден, «серпінді заңдар» деген ұғым бар. Оның серпіні, әсері қоғамға бірден білінетін болады. «Педагог мәртебесі туралы» заң да – сондай заң. Бұл заң ұстаз атаулының қоғамдағы беделін көтере отырып, елдегі дәстүрлі білім культін одан сайын жетілдіре түседі. Қоғамдағы адам ресурстарының сапасын арттырады», - деді Е. Сыдықов.

Осы орайда ректор бұл салаға 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге қаржы бөлінетінін еске салды. Соның ішінде 2020 жылы 390 млрд теңге жұмсалады.

«Жалақы мәселесіне келсек, 2021 жылдан педагогтің нормативтік оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендетіледі. Бұдан басқа мұғалімдер үшін кешенді әлеуметтік лифт қарастырылған. Бұйырса, бірте-бірте мұғалім мамандығы мәртебелі және берекелі мамандыққа айналады», - деп тоқталды ол.

Е. Сыдықовтың сөзіне қарағанда, егер мұғалім тер төгіп, халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстары жеңімпазын әзірлесе, үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы алады. Сондай-ақ «магистр» деңгейіндегі мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылады. Қоғам үшін маңызды шарт - педагогтің лайықты жалақысы мен оларға тиісті әлеуметтік пакет. Жалақы педагогтің еңбек өтіліне, дәрежесі мен атағына, лауазымына сай кесте бойынша төленеді. Бұл ретте еңбек демалысы, жүктемесі, медициналық сақтандыру қатаң ескеріледі.

«Қайсыбір жергілікті жерлерде қорғансыз мұғалімді пайдаланып қалу фактісін жоққа шығармаймыз. Мұндайда олардың салалық кәсіподағы, қауымдастығы жәрдем қолын созуы қажет. «Педагог мәртебесі туралы» заңда «мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың шараларын өткізуге тарту жөніндегі ережелер» нақты белгіленген. Бұл бойынша енді әлгідей заңсыздықтар жасалса, ұстаздарды күштемек болғандар заң алдында жауап береді. Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараны атқаруды міндеттегені үшін айыппұл төлету жағы да қарастырылған. Ақыры құқық туралы айтып қалдық, аталған заңда кәсіби қызметті жүзеге асыру кезіндегі педагог құқықтары, педагогтің материалдық қамтамасыз ету құқығы, педагогтің көтермелеу құқығы анық жазылып, жеке баптармен шегеленіп көрсетілген», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР