12 қыр, 2018 сағат 09:41

Жаңа Үкімет жасақтала ма?

Ұлт порталы бұған дейін биліктегі болуы мүмкін өзгерістер туралы жормал жасаған болатын. Көп уақыт өтпей Ақорда жақтан ауыс-түйістер туралы ақпараттар тарай бастады. Алғаш болып Астана әкімі ауысты. Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. Ал, бұған дейінгі басшы Әділбек Жақсыбеков Мемелекет басшысының жарлығымен зейнеткерлік жасқа толуына байланысты өз қызметінен босатылды. Артынша «Цесна» корпорациясы» директорлар кеңесінің төрағасы болып барғаны белгілі болды

Бірер күнен кейін Астана қаласы әкімі болып Бақыт Сұлтанов келді. Ол бұған дейін ҚР Қаржы министрі болып қызмет атқарған-ды. Әзірге Сұлтановтың орынын кім басатыны белгісіз. Жақын уақытта тағы бір үлкен тағайындаулар болатыны жиі айтылады.

Ал біз бүгін Үкіметтің жұмысына және болуы ықтимал жаңа өзгерістерге қатысты сауалнама жүргізген едік. Сұрақтардың реті мынадай:

1. Cоңғы уақытта жаңа Үкімет жасақталады деген әңгіме жиі айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, Сағынтаев командасы өз миссиясын қаншалықты атқара алды?

2. Егер айтарлықтай өзгерістер болған жағдайда, жаңа тағайындаулардан қандай жаңалықтар күтесіз? Нақты кімдер келіп, кімдер кетуі мүмкін?

3. Үкіметтегі ауыс-түйіс жаңа саяси кезеңнің басы болуы мүмкін бе? Биліктегі бетбұрыс елдегі әлеуметтік-экономикалық, ішкі-сыртқы саяси мәселелерді реттеуге ықпал ете ала ма?

"Үкімет ештеңе шешпейді..."

Жанұзақ Әкім, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары Академиясының корр.-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының мүшесі, қоғам белсендісі:

1. Президент жолдауларының орындалуы - орташа 20-25%. Ел экономикасының 75-80% шетел компанияларының басқаруында. Үкімет экономиканың 20-25% ғана басқарады. ҚР сыбайлас жемқорлық бойынша әлемде алдыңғы 20 мемлекеттің қатарына кіреді. 20 - ол "ҚР жүйелі дағдарысының коды". Үкімет өз миссиясының 20% ғана орындауда. "Нұрлы жол", "100 қадам" т.б. - ол жаңа өндіріс ашып, экономиканы дамыту, не адам капиталын (өмірін ұзарту, тұрмысын жақсарту...) жақсарту емес, жол не қала салу т.б. Пайда келтірмейтін өлі капиталға жұмсалуда.

2. "Баяғы жартас, сол жартас". Біз жүйелі кадрлік, экономикалық, рухани дағдарыстамыз. 3-4 министр, не әкім ауысар. Үкімет ештеңе шешпейді. Ол - статмекеме.

3. Жаңа саяси кезең бұл жүйені өзгерту арқылы ғана келеді. Басқа жол жоқ. Жаңа қоғамда жаңа - азат адам, жаңа ұстаным мен құндылықтар, жаңа мораль, өзгерген дәстүр болу керек. Батпақтың бір шетіндегі шалшықты екінші шетіне апарып құйғаннан ол тазармайды.

"Үкіметтің шама-шарқы сол болса, одан не күтуге болады?"

Қуандық Шамахайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану саласының доценті, ҚР мәдениет қайраткері:

1. Сағынтаев өз деңгейінде міндетін атқару үшін тырысып бақты деп ойлаймын. Үкіметтің шама-шарқы сол болса, одан не күтуге болады? Жалпы, біздің қай үкімет кабинеті болсын, атқарған жұмысына халыққа түсінікті етіп есеп берген кезі жоқ. Бәрі үнемі келер шақта сөйлейді. Өткен мен осы шақта сөйлем құрауды қойған ба деп ойлайсың. Шаруаларының бәрі дерлік стратегиялық ұзақ мерзімге арналған болып келеді. Саналуан бағдарламаны да дәл солай ұзақ мерзімге арнап жасайды. Біраз жыл өткен соң сол ғажайып армандарының көбі ұмыт болады. Тура бір Қожанасырдың бір сөзі сияқты: «оған дейін не мен, не есек немесе падишах өледі» дейтін. Сол әзілдің керін келтіреді де қояды. Бұдан бұрынғы үкімет кабинеттері де дәл осылай жұмыс істеген. Бұл үкімет те одан асып кете алған жоқ. Бақытжан Әбдірұлының жеке басы іскер тиянақты тәуір басшы секілді көрінеді. Бірақ, команданың басым бөлігі баяғы сол «ескі гвардия» ғой. Тозығы жеткен ескі көлікпен сапарға шыққан адам қаншалықты алысқа шабар дейсің. Бұл команда да алдыңғылардан асып кете қойған жоқ секілді.

2. Қазіргі билікте өзгерістің бола қоятынына өз басым онша сенбеймін. Сондықтан, олардан күтерім де жоқ, бастары аман, дендері сау болсын! Ішінара орындарын ауыстырар, басқаша не күтуге болады? Кімдер келіп-кетеді дейтіндей де мардымды ештеңе бола қоймас-ау. Бірлі-жарым жаңа тағайындаулар болған күннің өзінде одан жаңалық күтудің қисыны жоққа тән.

3. Үкіметтегі ауыс-түйіс жаңа саяси кезең тұрмақ шаруашылықтың белгілі бір саласында оңды бетбұрыс жасайтын болса, «бәрекелді» дер едік. Одан да үміт күту бекершілік болатындай көрінеді. Өзіңіз айтыңшы, бізде қай үкіметтің тұсында қандай зауыт салынып, әлемдік рынокқа ұлттық бренд болатындай қандай өнім жасалды? Шымкентте, Павлодарда мұнай өңдейтін зауыт ашылады деп шулағандарына бірнеше жыл болды. Қане, ашылды ма? Көлігімізге құйып жүрген жанармайымыз сол баяғы қытай мен ресейдікі емес пе? Ауылшаруашылығы несімен өзгерді? Халықтың жекеменшік малы түрлі індеттен немесе табиғи апаттан қырылады да жатады. Үкімет не істей алды соған? Ештеңе көрінбейді. Айта берсе, түйткіл көп. Мұндайда билікте бетбұрыс болып жатыр деу шындыққа сая ма?

Ұлт порталы