21 шіл, 2019 сағат 17:44

"Жаңа лауазымға үйренісіп кету қиындау болды..." - Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік журналист Алексей Пивоваровтың "Президент 2.0" деректі фильмінде алғаш рет өзі және отбасы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Алғашқы күндері жаңа лауазымға үйренісіп кету қиындау болды. Әсіресе, көпшілік жиналған іс-шараларда үйреншікті болған жоқ. "Президент, президент" дегенді естігенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп қалған шығар деп ойлайтынмын. Білесіз бе, бірақ бәріне уақыт қажет. Адам жақсыға тез үйренеді ғой. Әрине, мен президенттің міндеті ауыр жүк екенін түсінем. Қалай дегенмен де, бүтін мемлекеттің, оның халқының қауіпсіздігі мен тұрмыс-тіршілігіне жауап беру қажет. Жасыратын несі бар, сонда да президенттік міндет құрметке ие", - деді Тоқаев сұқбат барысында.

Мемлекет басшысы өзінің бұл қызметке келуін билік транзиті ретінде бағалайтынын айтады.

«Біздің жағдайда бұл - қазір елдің бәрі айтып жүргендей билік транзиті режимінде болды» - дейді Қ.Тоқаев.

Деректі фильмде Президент отбасының тағдырына XX және XXI ғасырдағы Қазақстан тарихының қаралы беттері әсер еткенін айтады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресей, Қытай сынды елдермен байланысы туралы да пікір білдіреді. Өзі кездескен әлемдік саясаткерлерге баға береді.

Сұхбаттан көрермен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзін мақтаған адамдар туралы не ойлайтынын, дінге деген көзқарасын және қандай кітап оқитынын біле алады.