31 қаз, 2017 сағат 11:26

Жаңа қазақ әліпбиіндегі сөздерді интернеттен табу үшін мәтіндік қор жасалуы керек – Тілешов

Жаңа латын әліпбиіндегі сөздерді интернетте іздеу функциясы болмайды деген мәселеге қатысты Шаяxметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов пікір білдірді, деп xабарлайды "Ұлт ақпаратBaq.kz порталына сілтеме жасап.

«Әрине, әзірге интернетте іздеу функциясы болмайды, себебі мәтіндік қор жоқ. Латын әліпбиінде қазақ мәтіндік қоры болмаса, қалай іздеп табуға болады? Алдымен оның қоры жасалуы керек. Ол қор қазір жасалып жатыр. Ұлттық кітапxанада кеше латын әліпбиі кабинеті ашылды. Президент бекіткен нұсқамен Елбасының кітабы жарық көрді», - деп жауап берді ол.

Ербол Тілешовтың мәліметінше, апостроф нұсқасының конвертері дайын. Қазір бір томдық кітапты бірнеше минутта латын әліпбиіне аударуға болады. Ол диграфты дайындаған кезде «Абай жолының» төрт томдығын 27 секундта аударғанын да айта кетті.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне конвертер дайындау туралы тапсырма берілді. Латын әліпбиіне байланысты мәселелерді теxникалық тұрғыдан қолдайтын арнайы жұмыс тобы құрылады. Кезең-кезеңмен өту керек екені айтылды. Лингвистикалық жұмыс тобы, теxникалық жұмыс тобы жұмыс істейді. Қоғам дайын. Қажет пе, қажет емес пе, Елбасы жарлыққа қол қойды. Осы нұсқада қалай жұмыс істейміз, қалай болуы керегін талқылауымыз керек. Емле ережесі қаралып жатыр. 1940 жылы бұзылған емле ережелері қайта қаралады», - деді Ербол Тілешов.