12 қыр, 2019 сағат 12:37

Жаңа iPhone шыққан соң Apple-дың нарықтағы құны тағы да 1 трлн доллардан асты

Сәрсенбі күні 11-ші буынның iPhone-ын таныстырғаннан кейін Apple-дің нарықтағы құны 1 триллион доллардан асты, деп хабарлайды cnbc.com.

Сәрсенбі күні биржа саудалары жабылардың алдында Apple акцияларының құны 2% өсіп, 223,59 долларға жетті.

Apple бұл межеге былтыр тамыз айында да жеткен болатын. Бірақ Қытайда Apple өнімдері ойдағыдай сатылмауына байланысты, желтоқсан-қаңтар айларында акцияларының құны азайған әрі Apple миллиондаған акциясын өзі сатып алған.

Айта кетейік, Apple нарықтағы құны 1 триллион доллардан асатын әлемдегі жалғыз технологиялық компания емес. Microsoft корпорациясының да нарықтағы құны 1,04 триллион долларға бағаланады.

Сейсенбі күні Apple iPhone, Apple Watch және iPad-тың жаңа модельдері таныстырылды, сондай-ақ iPhone 11-дің бағасы бастапқы құн ретінде 50 долларға азайтылды.