30 шіл, 2017 сағат 15:43

"Біз елімізде әлі танылып үлгермеген жаңа есімдерді іздеп табуымыз керек..."

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының алтыншы бағыты — «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруға негізделген. Президент мақалада: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», — деп атап өтті. Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов аймақта осы жоба аясында жаңа есімді анықтау үшін халықтық акция жарияланғанын айтты.

Нұрбақыт Барбосынов «Қазақстандағы 100 жаңа есімді» анықтау мен ұлықтау — барша отандастардың борышы екенін, осы жобаның нақты жүзеге асыруды рухани жаңғыру  негіздерін баяндаған бағдарламалық мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеген ауқымды да өзекті міндет екенін атап өтті.

— Президент өз мақаласында: «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл — тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы — Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз­дің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары — кез келген статистикадан артық көрсеткіш» , — дейді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты — осы. Олардың елге, қоғамға сіңірген еңбегін көрсету, таныту. Жобаның аты айтып тұрғандай, біз елімізде әлі танылып үлгермеген, сіз бен біз білмейтін жаңа есімдерді іздеп табуымыз керек. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел аймақтары арасынан осындай жандарды іздеп, табу үшін халықтық акция жарияладық, — дейді Н.Барбосынов.

Әрине, табысты болу атақты болу деген сөз емес. Табысты адамдардың бәрі танымал емес. Нұрбақыт Барбосынов мақалада айтылғандай, Тәуелсіздік жылдарында жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ екенін, дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілердің тасасында танылмай қалып қоятынын тағы бір мәрте айтып өтті.

— Жоба аясында біз облыста дәл осындай адамдардың есімін жаңғыртуға, олардың ел алдындағы еңбегін дәріптеуге, мәртебелерін көтеру негізінде халықтық акцияны жүзеге асыруды қолға алдық. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін құрамында мемлекеттік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, этномәдени орталықтардың мүшелері мен ардагерлер бар 22 адамдық жұмыс тобы құрылды. Олардың міндеті — жобаға ұсынылған адамдарды іріктеу, таңдау және орталық аппаратқа жолдау. Әр аптаның бейсенбісі күні жұмыс тобының отырысын өткіземіз. Бір ескеретін жайт, жаңа есім жобасына ұсынылатындар өмірде бар адам болуы керек. Оның жас ерекшелігіне мән берілмейді. Яғни, жобаға кез келген адам қатыса алады. Бұл — республикалық жоба. Сондықтан жаңа есім жобасына облыстан лайықты адамды таңдау үшін осылайша халықтық акция жариялағанды жөн санадық. Мұндағы мақсатымыз — жаттанды есімдерді емес, еңбегі көлеңкеде қалып қойып жүрген жандарды көпшілікке таныту. Себебі, әртүрлі құрылымдарға хабарлассақ, ондағылар аты-жөні көпшілікке таныс есімдерді ұсынумен ғана шектеледі, — дейді Нұрбақыт Барбосынов.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына лайықты тұлғаны іріктеу жұмысы ел аймақтарында 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

— Бағдарламалық мақалада айтылғандай, жоба үш мәселені шешуге бағытталуы тиіс. Ең бастысы — ақылымен, іскерлігімен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту. Екіншіден, оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыру. Ал үшіншісі, ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуі тиіс.  Олар қандай адамдар болуы мүмкін? Мәселен, өмірдің әртүрлі жағдайларында  өз басын қауіпке тігіп, өзгенің өмірін арашалап қалған адамдар айналамызда жетіп артылады. Сол сияқты, қайырымдылық ісін көпке жария етпей, мұқтаждарға мейлінше көмек қолын созып жүрген жандар да жанымызда көп. Тіпті  ол адам көп баланың кіндік шешесі атанып жүрген қарапайым перзентхана қызметкері болуы да мүмкін. Балалардың да ерлік іс жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленіп жататыны бар. Міне, өз ортасындағы осындай жандардың еңбегін ескеріп, есімін ұлықтау — біздің міндетіміз, — дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Н.Барбосынов.

Арайлым НҰРБАЕВА