27 мам, 2019 сағат 14:24

Жаңа емле ережелері: тұрақты тіркестердің жазылуы

Жалпы, барлық тұрақты тіркестер мен метафора, эпитет арқылы жасалған күрделі сөздер бөлек жазылатыны белгілі.

Мысалы: адам көргісіз, адам төзгісіз, ай маңдай, ақ тер, көк тер болу, ақ өлім, ақ қар, көк мұзда, ақ бұйрықты өлім, ақ бата, айыр көмей, айта қаларлық, айна қатесіз, айдын көл, ақ қасқа, ақ сақалды, сары тісті т.б.

 Бұл тұрақты тіркестер тілде бар атауларға эмоциялық, экспрессивтік реңк үстеу үшін, қосымша атау үшін пайда болған. Мысалы, тез деген сөз тілімізде болса да оның орнына қас пен көздің арасында деген фрезеологиялық тіркесті қолдана қоямыз. Тездік ұғымының экпрессивтік реңкін күшейту мақсатында қолданамыз. Ондай қызметтегі тұрақты тіркестер үнемі бөлек жазылады. Мысалы, жас жүрек, асау жүрек, мұз жүрек, от жүрек сөздерін бірге жаза алмайсыз.

Алайда «Ол ержүрек адам еді» десе, бірге жаза бастайсыз. Оның себебі ержүрек сөзі батыр, батыл сөздеріне экспрессивті реңк үстеп тұрған жоқ, жеке өзі осы батырлық ұғымын жаңа реңкпен атау үшін қолданылған. Мысалы, қой аузынан шөп алмас момын адам дейміз, ал ер жүрек батыр адам дей алмаймыз. Яғни қой аузынан шөп алмас сөзі – момын cөзінің эпитеті тәрізді, ал ер жүрек сөзі батыр сөзінің эпитеті емес, синонимі тәріздес. Сондықтан бұл сөздер қатар айтылса, араларына үтір қойылып, ер жүрек тұрақты тіркесі бірге жазылады. 

Тұрақты тіркестердің сөз қызметін атқаруы жаппай құбылыс емес. Бірақ тілде бар құбылыс. Сондықтан тіл білімінде лексикалану деген термин бар. Бұл процестен лексикаланған тіркес деген термин пайда болған. Ол – «фразеологиялық мағынасынан қол үзген, синтаксистік қатынас көмескіленген, жеке сөз орнына жүретін лексикалық бірліктер» деген мағынаны білдіреді. Сөз тіркестерінің лексикалануы – тура мағынадағы сөздерді жасаудың табиғи жолы. Тағы бір мысал. Ат салысты деген тұрақты тіркес пен құйрық тістесті, үзеңгі қағысты деген тұрақты тіркестердің бір кезде айырмашылығы жоқ еді. Бөлек жазылатын тұрақты сөз тіркестері болатын. Енді бүгінде атсалысты сөзі қоғамдық, әлеуметтік лексика ретінде, ресми стильде бірге жазылып, «белсену, қолынан келетін бар мүмкіндіктерімен жәрдемдесу» деген қимыл-әрекетті беретін етістікке айналды. Құйрық тістесті, үзеңгі қағысты тұрақты тіркестерімен бір деңгейдегі фразеологизмдер емес. Лексикалану деген – осы.    

Қазақ тіліндегі мағынасы дерексіз термин, атау сөздердің біріккен түрі, негізінен, метафоралар арқылы жасалған. Бұл қатар ақсақал, ақсүйек, бойкүйез, бақталас, төлтума, қолтаңба, дүниеқоңыз, аққөңіл сияқты атаулардан тұрады. Олардың алғашқы көрінісі фразеологизмдерден бастау алады. О баста идиомалық, фразалық тіркестер болған сөздер уақыт өте келе көркемдеуіштік, бағалауыштық белгілерінен айырылып, терминдік, атауыштық мәнге ие болып, күрделі сөзге айналып жатады. Демек, айналада пайда болып жатқан заттар мен құбылыстар тілдік таңбаны тек сөз тұлғасында емес, сипаттама-бағалауыштық қызметтегі фразалық тіркестер тұлғасында да алады.

Фразеология теориясы бойынша қазақ жазуында бөлек жазылуға тиісті идиома, тұрақты тіркестер жазу тәжірибесінде бірге таңбалау бағытын күшейтіп келген еді. Соған орай емле сөздігінің әр басылымы да тұрақты тіркестерді біріктіріп нормалай бастады. Атап айтқанда, айдала, ақжолтай, аққұла, ақсақал, ақсарбас, ақсаусақ, ақсүйек, ақтаяқ, ақырзаман, арамтамақ, асанқайғы, асқазан, атамекен, атамұра, атжал, атжалдану, аткөпір, атүсті, ауызекі, аяқжақсы, әлімжеттік, әңгіртаяқ, әпербақан, бақкүндес, бақталас, балабақша, балқаймақ, балсыра, басараздық, басарқа, бассаулық, басбілгі, баукеспе, бойжеткен т.б. көптеген нормалар белгілі бір зат не ұғым атауына біріншілік атау болып та (айдала, ақсақал, ақсаусақ, ақсүйек, ақырзаман, арамтамақ, аткөпір), екіншілік атау болып та (баукеспе, бойжеткен, атүсті, әлімжеттік, құлантаза, қанішер), сөзжасам процесіне араласып та (көрбілтелену, көрбалалық, көксоқталану, көзжұмбайлық, кеудемсоқтану, кеудемсоқтық, кертартпалық, кеңпейілді, кеңпейілділік, кішіпейілділік, жалпақшешейлік, қызуқанды, қызуқандылық) бірге жазыла бастады.

Сөз бірліктердің метафоралану процесі арқылы көбейетінін әнұран, елбасы, елтаңба сөздерінен-ақ көруге болады. Ендеше атаудың фраза, идиома негізінде шығуын, атау болуын, сөзжасамның өнімді тәсілі болуы қолданыста реттеліп отыр дейміз.

Сондықтан 2019 жылдың 18 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінде» «§29. Идиомалық, фразалық тіркестердегі әрбір сөз бөлек жазылады: qas batyr, shynjyr balaq, shubar tós, qara ter, ıek artty, bas tartty, bet burdy, ıin tires. Бірақ атау сөздің орнына жүретін лексикаланған тіркестер бірге жазылады: basqosý, atsalysý, aqkóńil (§38-ді қараңыз)» және «§38. Күрделі сөзге айналған фразеологизмдер бірге жазылады: aqsaqal, aqsúıek, aqnıet, aqnıettik, aqkóńil, aqkóńildilik; kóshbasshy, dúnıeqońyzdaný, erjúrek, erjúrektik, janpıda, janpıdalyq, ataqonys; basqosý, atsalysý, atústi, atústilik». деген ереже бар.

Осы ережеге сай жаңадан әзірленіп жатқан «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігінде» мынадай сөздердің бірге жазылатыны көрсетілетін болады.

Мысалы: алакөңіл болу, сaзбет әйел, көкбет әйел, қарабет болу, бірбет кісі, ержүрек, -тік, жаужүрек, -тену, -тік, жүрекжұтқан, -дық, сужүрек кісі, тасжүрек адам, ақжүрек жан, қаражүрек адам, алауыз, алаөкпе болу, аласабыр шақ, аласапақ кез, аласәуле кез, алатегенек кез, алатопалаң шақ, алатұяқ адам, алашабыр болу, ауызбаққыш адам, -тық, ауызтатыр, -лық, ауызтұшыр, -лық, көңілжықпас, -тық, көңілжетер (ін) шақыру, жүзтаныс, -тық, жүзіқара әйел, жүзжыртысушылық, тісқаққан ұры, итжемеде қалу, итмінез кісі, сужұқпас адам, суқараңғы көрмеу, сумұрын бала, суыққол адам, тамақсау кісі, мысықтілеу болу, мысықдәме болу, мысықсопы болу, оңжақта отырып қалу, нарқасқалар, ашкөз адам, ашынажай болу, аяқасты өзгеру, аяқастынан пайда болу, аяқбасысы жақсы,  аяқүсті болу, әкімқара біреу, әлімжеттік жасау, әпербақан кісі, әсемсал сұлу, әудемжер жүру, суішкілігі бар, ұзынтұра кісі, өркөкірек қыз, салбөксе әйел, атажұрттан келу, атакәсіппен айналысу, атамекенге оралу, атамұрамызға абай болу

Қ.Күдеринова

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

институтының бас ғылыми қызметкері, 

ф.ғ.д., профессор