14 қар, 2018 сағат 12:02

Жаңа әліпбиге еш өзгеріс керек емес - Арыстанбек Мұхамедиұлы

Қазақстанның 2 миллионға жуық тұрғыны латын графикасындағы әліпбиге негізделген тұңғыш жалпыхалықтық диктантқа қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың арасында белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер мен спортшылар бар.

«Осылайша, латын қарпін бірте-бірте бастап, халыққа кеңінен тарату керек. Өз басыма латын қарпі қиын емес, себебі Қытайда қазақ тілін латын қарпінде үйренген болатынбыз. Дегенмен, он шақты әріпте айырмашылық бар. Соларды меңгерсек, жаңа нұсқаға қиналмай көшеміз. Келешек ұрпаққа біздің тарихымызды, мұрамызды білу үшін латын қарпіне көшуі өте орынды. Бүгінгі диктанттан 4+ алатын шығармын», - деді белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы диктантта 3-4 қате жібергенін айтты.

«Басында жылдам жазуға тырысып, 3-4 қате жіберіп алдым. Әсіресе, і мен и, ы мен у әріптерінен жаңылдым. Жалпы өзім ағылшын тілін білемін, сол үшін әріптерді жазу қиын болған жоқ. Смартфонда да латын графикасын жиі қолданамыз. Бүгінді диктантыма 5- деген баға беремін. Барлық отандастарымды латын қарпіне тезірек көшуге шақырамын», - деді министр.

Сонымен бірге, министр «жаңа әліпбиге өзгерістер енгізу қажет пе» деген журналистер сұрағына жауап берді.

«Әліпбиге еш өзгеріс керек емес. Барлығы У мен Ы әріптерін ыңғайсыз деп айтады. Оған да келе-келе үйренеміз. Дүниежүзінде нақты шыңына жеткен әліпби жоқ. Ағылшын, француз, неміс әліпбилеріне қарағанда, біздегі әліпби нұсқасы өте ыңғайлы. Осы бағытымыз дұрыс және оны ауыстырудың керегі жоқ», - деді А. Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, жалпыхалықтық диктант бір уақытта өңірлердегі тілдерді дамыту басқармалары дайындаған арнайы аудиторияларда өтті. Диктанттың тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мәтін 80-ге жуық сөзден тұрады. Диктант аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.