01 қар, 2016 сағат 14:14

Жамбыл облысының жәрмеңкесі Шығыста тұңғыш рет өтті

Тарихи Тараз шежірелі Шығысқа кіре тарта келді. Өңіраралық ынтымақтастық аясында Шығысқа келген жамбылдықтарды аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өңірдің бірқатар кәсіпорындарымен таныстырды. Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ бастаған делегация «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жас жерлестерімен кездесті. 

150 тонна өнім саудаланды

Шара аясында өткен сенбі-жексенбі күндері Өскемендегі «Freshmarket» дүкенінің ауласында Жамбыл облысының 10 ауданынан әкелінген ауыл шаруашылық өнімдері арзан бағамен саудаланды.

Әуелі ресми делегация «Восток-молоко» ЖШС-нің Өскемендегі сүт зауытын аралады. Кәрім КӨКІРЕКБАЕВТЫҢ айтуынша, Жамбыл облысында сүт өндірісінің кластерін қалыптастыру енді қолға алынып отыр. Сол себепті «Восток-молоко» сынды сала алпауытының жұмысымен танысу жамбылдықтар үшін өте пайдалы болмақ. Серіктестік директоры Сейілжан Сайлаубаев бұл зауыттың көлем талғамайтынын айтты. 

- Әзірге мұнда тәулігіне 40 тонна сүт өңделеді. Қажет болса, бұл мөлшерді 200 тоннаға дейін көтере аламыз. Ал сұраныс азайып жатса, 10 тоннаға дейін түсіре саламыз. Одан зауыттың шығыны артпайды, - деді С.Сайлаубаев. 

Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ бұл кәсіпорынның өнімдерін Қытай нарығына өткізуге күш жұмсалып жатқанын атады.

- Облыста жиырма бірінші ғасырдың қазақстандық кәсіпкерлері деп атауға тұратын екі адам болса, соның бірі - осы Сейілжан Сайлаубаев. Елімізде бірінші болып сүт өндірісіне роботтандырылған жүйені енгізген де осы кісі. Технологиядан қаржы аямайтын және содан нәтиже шығара білетін кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Сол себепті «Восток-молоко» ЖШС-нің табиғи өнімдерін Қытай нарығына шығармақпыз. Бұл ойымыз жүзеге асса, аталған кәсіпорын еліміздегі ең бай сүт өндірушіге айналатыны сөзсіз, - деді аймақ басшысы. 

Өз кезегінде Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ осы зауытқа арнайы мамандар жіберіп, тәжірибе алмасу жөнінде ұсыныс айтты. Жамбылдықтар сүт өндірісін дамытуда Шығыс Қазақстанның үлгісін пайдалану жөн деп тапса керек.

Қос әкім бұдан кейін жамбылдықтар әкелген жәрмеңкеге бас сұқты. Әулиеата өңірінен жеткізілген азық-түлік жәрмеңкенің неше түрін көріп жүрген өскемендіктердің талғамынан толық шықты. 20 тонна ет, 12 тонна сүт өнімі, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, бес тонна балық, 4,2 тонна ұлттық тағам, 1,5 тонна құс еті екі күн бойы жәрмеңкеге келушілердің себетін қампайтып қайтуына септігін тигізді. Осы екі күнде 96 млн. теңгенің 150 тонна өнімі сатылды. 

- Бір ғана Меркі ауданынан 15 кәсіпкер өз өнімдерін әкелді. Меркіде өзіміздің ірімшік шығаратын зауытымыз бар. Сондықтан сүт өнімдерін көптеп әкелдік. Халықтың жеміс-жидекке деген сұранысы керемет. Етті де талап әкетіп жатыр, - деді аталмыш аудан әкімінің орынбасары Бақытқан Әбжаппаров. 

Жамбылдықтар сиыр етінің бір келісін 1100 теңгеден, қой етін 900-ден, жылқы етін 1300-ден, қанттың келісін 220 теңгеден сатты. Ал келісі 25 теңгеден сатылған сарымсақты халық қабымен талап әкетті. Тіпті, түстен кейін сарымсақ сұрай келгендер санын соғып қалды. Кептірілген жеміс пен ұлттық тағамның бағасы біздегі бағадан еселеп арзан болды. Мысалы, тәтті бұрыш біздегі базар бағасынан 150 теңгеге, қауын мен қарбыз 120 теңгеге, алмұрт 250 теңгеге, жүзім 300 теңгеге, сүзбе 400 теңгеге, құрт 200 теңгеге арзан тиді.

- Шу ауданының Қонаев ауылынан келдік. Екі тонна орамжапырақ, 500 келі асқабақ әкелген едік. Жақсы өтіп жатыр. Ең бастысы, келесі жолы не әкелу керектігін біліп алдық. Кептірілген жеміс пен бау-бақша өнімдері қат екен мұнда, - дейді ауыл әкімі Жексен Бақтияров. Мойынқұмдықтардың балығын жұрт кезекке тұрып алды. Т.Рысқұлов ауданынан әкелген қарын-қарын сары май мен кесек-кесек қызыл ірімшікте, торсық-торсық тосапта да қисап болмады. 

«Серпін» жастары Шығыста қалуға құлықты

Жәрмеңкеден шыққан ресми топ облыс әкімдігінде бас қосып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа салалардағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойысты.

- Біздің өңірдің өнеркәсібі өркендеген аймақ екенін білесіздер. Әлемдегі атом өндірісінің ең ірі ошағы бізде орналасқан. Соңғы кезде аграрлық салаға да басымдық беріп отырмыз. Қытаймен серіктестік орнату мақсатында 10 ірі жоба ұсындық. ШҰАР мен Шығыс Қазақстан арасында туризмді бірлесе дамыту жөнінде келісім бар. Біздегі бал өндірісінің әлеуеті өте зор. Сүт өндірісін дамыту мақсатында жеке қолдағы малдың сүтін қабылдау жүйесін жолға қойдық, - деген аймақ басшысы Жамбыл облысымен ынтымақтастық орнату Шығыс Қазақстан үшін де тиімді болатынын жеткізді. 

Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ еліміз бойынша балама көздерден алынатын қуаттың ең үлкен мөлшері Жамбыл облысына тиесілі екенін атады.

 -Жақын арада энергияның 30 пайызын балама көздерден алатын боламыз. Ауыл шаруашылығына қажет судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Сондықтан ылғал үнемдеу технологияларын жаппай енгізіп жатырмыз. Соның арқасында соңғы жылдары сарымсақ, сәбіз, орамжапырақ, қызылша дақылдарынан рекордтық өнім алып келеміз. Өңірде қойдың саны үш миллионға, жылқы саны 107 мыңға жетті. Ал сүт өндірісін дамытуда сіздерден үйренеріміз көп екен, - деген Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ жамбылдықтардың Шығысқа керуен тартып келуі тарихта бірінші рет болып тұрғанын еске салды. Ол сондай-ақ, шығысқазақстандықтарды 2000 жылдық тарихы бар Тазарға шақырды. Бұл шақыруды құп алған Даниал АХМЕТОВ қарашаның аяғына қарай дәл осындай жәрмеңкемен баруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Біздің аймақта Жамбыл облысының 97 түлегі «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Соның көбі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті. Қос облыстың әкімі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында аталмыш студенттермен кездесіп, хал-жағдайларын сұрады. Сөз алған студенттің бәрі тек алғыстарын айтып, Шығыс жерінде еңбек жолын бастауға дайын екендіктерін жеткізді. Кездесуден кейін осы 97 студент жәрмеңке алаңына барып, Жамбыл облысының 10 ауданы арнайы дайындаған бір-бір себет азық-түлік алып қайтты. 

Аграрлық салада тәжірибе алмасуға уағдаласты

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ бастаған Жамбыл облысының ресми делегациясы өңірдегі бірнеше өндіріс орнында болып, олардың қызметімен жақынырақ танысып қайтты. Күнгейден келген меймандарды әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін өндіріс орындарының, сүт фермаларының жетістіктері қызықтырды.

Ең алдымен, қонақтар Глубокое ауданының Солнечное кентінде орналасқан «Майлы дақылдар тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-де болды. Бұл серіктестік – майлы дақылдардың тұқымын іріктеп, асылдандырумен шұғылданатын еліміздегі санаулы кәсіпорындардың бірі. «Астана-бизнес» серіктестігінің директоры Фарид Әбітаевтың айтуынша, қазірде қолданыстағы отандық тұқымның сапасын мол өнім беретін шетелдік астық тұқымдарымен салыстыруға әсте келмейді. Аталмыш өндіріс орнында сонымен қатар, сүт фермасы да бар екенін айта кеткен жөн. Кәсіпорын цехтарын аралап көрген Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ мұндағы атқарылып жатқан жұмысқа жоғары баға берді.

Сонымен бірге, екі облыс әкімі Глубокое ауданындағы тағы бір өндіріс орны – «Бобровка+» ЖШС-не қарасты роботтандырылған сүт өңдеу фермасында да болып қайтты. Серіктестік басшысы Сейілжан Сайлаубаев қонақтарды өндіріс орнының жұмысымен таныстыра келе, бұл еліміздегі тұңғыш роботтандырылған сүт фермасы екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде фермада 800 бастан астам ірі қара малы бар. Барлық жұмыс, яғни, мал азығын беру, сауу, сиырлардың жағдайын бақылау толығымен автоматты түрде жүргізіледі. Кәсіпорында бүгінде 70 адам еңбек етуде.

Ферманың жұмысына айрықша қызығушылық танытқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ серіктестік басшысын өз өңірінің осы бағытта қызмет ететін кәсіпкерлерімен тәжірибе бөлісуге шақырды. Оның бұл бастамасын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ те қолдады.

– Өздеріңіз көргендей, «Бобровка+» серіктестігінің жұмысы инновацияға толы. Соңғы жылдары ферма басшылығы шетелдік заманауи технологияларға ден қоюда. Осының арқасында шығарылатын өнімнің көлемі артып, сапасы жоғарылады. Негізі біз еліміздің өзге өңірлерінде де осындай фермалардың болғанын қалаймыз. Сондықтан сіздермен тәжірибе бөлісіп, алмасуға даярмыз, – деген аймақ басшысы соңғы жылдары Шығыс Қазақстанда тауарлы-сүт фермаларының саны еселеп артқанын да ерекше атап өтті. 


Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ, 
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ