07 сәу, 2021 сағат 15:10

Жамбыл облысындағы зауытта коронавирусқа қарсы вакцина қашан шығарылады?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Жамбыл облысындағы зауытта коронавирусқа қарсы вакцина қашан шығарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қазір мәліметтерді күтіп отырмыз. Қазіргі кезде өндірістерді іске қосу кестесі пысықталып жатыр. Таяу арада технологиялық желіні тапсыруы керек. Ары қарай барша процестерді жүргізгеннен кейін, зауыт іске қосылады. Әзірге, бұл нәтиже биылдың соңына қарай болады деп ескерілген. Сондықтан мерзімдерге қатысты Білім министрлігі хабарлауы тиіс», - деді А. Цой Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар министр Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында вакцинаның алғашқы топтамасы шығарылғанын, алайда қазіргі уақытта клиникалық зерттеулер нәтижесі бойынша техинкалық есептерді тапсырғанын күтіп отырғанын айтты. 

«Оны сәуір айының соңына қарай аламыз деп күтіп отырмыз. Бұған дейін айтылғандай, отандық вакцинаны салдыруға дайындалып жүрмін», - деді Алексей Цой.

Бұған дейін хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның шығуын күтіп, осы екпені салдыратынын айтты.