10 сәу, 2018 сағат 06:49

Жамбыл облысында бизнеске кедергі келтірген 7 шенеунік жазаланды

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, мемлекеттік органдар мен өңір бизнесінің өкілдері қатысты. Бұл туралы палатаның ресми сайты жазды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау бағытындағы жұмысының нәтижесі туралы айтқан Тимур Құлыбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, сондай-ақ Жоғарғы сотпен байланыс орнатқанын атап өтті.

«Кәсіпкерлердің ісі сотта қаралғанда көп жағдайда іс мемлекеттік органдардың  пайдасына шешіледі. Былтыр бұл тәжірибені бірлесіп зерттеу және жою үшін  Жоғары сотпен Жол картасына қол қойдық. Жалпы айтатын болсақ, «Атамекен» жұмыс істегелі бері Ұлттық палатаға 22 мыңнан аса өтінім келіп түсті, оның 40%-ға жуығы оң шешілді. Осылайша, 92 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды», - деп хабарлады Тимур Құлыбаев.

Бизнесті қорғауға өңірлік деңгейде де басымдық берілген.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек өзінің сөзінде Палатаға бизнесмендер шағымданғаннан кейін жыл басынан бері алты шенеунік – тәртіптік жауапкершілікке, бір шенеунік ­әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Былтыр Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына 162 өтінім түскен, оның ішінде 59 өтінім оң шешілді. Кәсіпкерлердің 2,5 млрд теңгеге мүліктік құқығы қорғалған.

Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасына салған айтарлықтай үлесі де атап өтілді. Былтыр бизнестен жалпы сомасы 28,5 млрд теңге салық түкен, яғни облыс бюджетінің 35%-ын құраған.

Кәсіпкерлер палатасы әкімдікпен бірлесіп, сауда орындарының сыртқы сипатына бірыңғай стандарт пен талап қоя отырып, бизнеске саудасы үшін  бос орындарды беру бағдарламасын дайындауда. Сонымен қатар өңірде коммуникациясы жүргізілген орындарды жалға беретін шағын индустриялық аймақ құру мәселесі де талқылану үстінде.

Жамбыл облысында Ұлттық палатасының бастамасымен қолға алынған «Бастау» жобасы сәтті жүзеге асырылып отыр. 2017 жылы өңірде 1125 азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды. Биыл бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту көзделген. Сонымен қатар Жамбыл облысының ең аз дегенде 500 азаматы жеке кәсібін ашады деп күтілуде.