#
#
Бейсенбі 21/11/2019

Жамбыл облысында 9,6 мыңнан астам отбасы заңсыз тағайындалған АӘК төлемдерін қайтаруға тиіс

  • 16.10.2019
  • 0
  • 153

Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек 14,5 млрд теңге көлемінде 35 мың 497 отбасына төленді. АӘК тағайындау кезінде 9 мың 632 отбасы өздерінің нақты табысын дұрыс көрсетпеді. Енді олар 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша жүргізілген тексеру жұмыстары барысында ең көп таралған бұзушылықтар тек нақты табыстарды ғана емес, сонымен қатар бизнесті, жылжымайтын мүлікті, көлік пен малды қасақана жасыру болғаны анықталды.

«16 мамырда Меркі ауданында тұратын көпбалалы отбасына 1 млн 416 мың 588 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Тұрғын үйіне, тұрмыстық жағдайына және аталған отбасының табыстарына тексеру жүргізу кезінде олардың жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын жаңа үйде тұратындығы, материалдық жағдайы жақсы, отағасы жеке кәсіпкер екендігі анықталды. АӘК тағайындау кезінде 1-тоқсанда кіріс көлемі 415 мың 968 теңге деп көрсетілген. Әлеуметтік көмек алу заңдылығын тексеру барысында олардың бірінші тоқсанда 1 млн теңгеден астам табыс тапқаны әшкереленді», – деді өңірлік Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Тимур Нұрымбетов.

Оның айтуынша, осыған ұқсас фактілер өңірдің басқа аудандарында да орын алғандығы анықталды.

«Сондай-ақ, мамыр айында Сарысу ауданының алты адамнан тұратын отбасына ай сайын 110 мың 566 теңгеден, жалпы сомасы 1 млн 326 мың 792 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Учаскелік комиссияның қайта тексеріс жүргізуі барысында, алушы көмек тағайындау кезінде бірінші тоқсанда кәсіпкерліктен 127 мың 500 теңге табыс түскен деп көрсеткен, шын мәнінде оның табысы 500 мың теңгеден асып кеткен», – деді Тимур Нұрымбетов.

Ол сондай-ақ әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында өңірдің кейбір тұрғындары нақты тұратын мекен-жайын немесе уақытша тіркелген мекенжайын жасыруға тырысқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алған Жамбыл облысының тұрғындарынан 27,1 миллион теңге өндіріліп алынды.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын мониторингілеу нәтижесінде 74 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушының табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңын бұза отырып тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жеке жұмыс жүргізуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 7 қазанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Үкіметінің отырысында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек қалай көрсетілетінін айтқан болатын.

«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық – түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар