08 ақп, 2019 сағат 19:48

Жамбыл облысында 7 мыңннан аса адам обыр дертімен есепте тұр

Жамбыл облысында 7194 адам қатерлі ісікпен есепте тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Абай Нұржанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өткен жылы 1582 адамнан алғаш рет обыр дерті анықталған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 1596 адамды құраған. Бұл дерт бойынша өлім көрсеткішіне келсек, облыс бойынша былтыр 813 ауру қайтыс болса, 2017 жылы 950 адам ажал құшқан. Тиісінше, өлім көрсеткішінің төмендегені байқалады. Бұл орайда қатерлі ісікті ерте анықтау, уақтылы емдеу жұмысы жақсарып келеді дегенді алға тарқан бас дәрігер 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бойынша өлім көрсеткішінің индикаторы 74,35 болып бекітілгенін жеткізді.

«Өңірімізде қатерлі ісікпен алғаш рет ауырған 1582 адамның 59,5 пайызы сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Демек, осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз. Жалпы, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды алдын алу және ауруды ерте сатыда анықтау қажет», - дейді Абай Нұржанов.

Айта кетейік, 1-10 ақпан аралығында республиканың барлық өңірінде Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне арналған онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау туралы онкүндік өтуде.