03 мам, 2018 сағат 09:11

"Жалын құшып өтуге бәс тіккенмін..."

Іздеусіз кеткен ақын. Елеусіз қалған өлең. «Ақындар үшін ең ауыр жаза, жоқтаусыз қалса жетім жыр», – дегенді Шерхан досым айтып еді. Баянауылдың баурайындағы жырды өзегіне сыйдырып, Алматының аспанындағы мұңды жүрегіне құйдырып, арманын жалғанға жеткізген, жан сырын таңдарға шерткен ақын Төлеген Мұқаевтің өлеңдері өмірдің өзіндей, мөп-мөлдір сезімдей... 

СУСЫН БОЛЫП ЖЕТЕР МЕНІҢ КӨҢІЛІМНІҢ БҰЛАҒЫ... 

Ақынмен алғашқы «кездесу» 

Төлеген Мұқаев есімін аудандық «Баянтау» газетіне қызметке келген кезімізде естідік. Баспасөздегі алғашқы адымымыз аудандық басылымның 85 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Мерейтой қарсаңында газет бетінде қызмет еткен әдеби қызметкерлер туралы материалдар жарияланып тұрды. Сондай бір естелік-мақала ақын Төлеген Мұқаев һақында. Авторы – ақын Сүлеймен Баязитов. 

Төлеген редактор Шәкірат Шалбаевтің шақыруымен Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетіне орынбасарлық қызметке келеді. Жас ақын есімі оқырман қауымға біршама танылып үлгенген. Естелік-мақалада автордың Төлегенмен 1975 жылы Павлодар қаласында өткен жас ақын-жазушылардың республикалық, аймақтық слетіне қатысқаны баяндалады. «...Семинарға келгендер топ-топқа бөлінді. Төлеген екеуіміз әйгілі ақындар Қалижан Бекқожин мен Қуандық Шаңғытбаев жетекшілік ететін топтамыз. Қалижан ағаны алғаш көруім еді. Мейлінше қатал, бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ірікпей айтатын адам көрінді. Кезегі келгенде өлең оқыған Төлеген Қалекеңнің «Өлең деген міне осындай болу керек қой» - деген жылы лепесіне ие болды... 

...1976 жылы Алматыда «Жалын» баспасы құрылып, редакторлығына ақын Қабдыкәрім Ыдырысов тағайындалды. Төлеген Қабаңның сүйікті інілерінің бірі екенінен хабардар едім. Ол бірде: «Өлеңдерімді Қабдыкәрім ағаға жібердім, хабар күтіп жүр едім», – деген еді. Көп ұзамай «Лениншіл жас» газетінде Қабдыкәрім Ыдырысовтың алғы сөзімен Төлегеннің бір топ өлеңдері жарық көрді. Кейін Қабаң Төлегенді Алматыға, «Жалын» баспасына қызметке шақырды. Төлеген аталған баспада қызмет істей бастады». Естелік осылай дейді. 

Ары қарай оқығаннан кейін ұққанымыз, Төлеген тек жақсы ақын ғана емес, жанашыр азамат болған. 1977 жылы Сүлеймен досын ауылға арнайы іздеп келіп, өлеңдерін баспаға беремін деп көнбесіне қоймай қолжазбасын алып кетеді. Сүлеймен аға былай дейді: «Бір күні Төлегеннен қалыңдау хат алдым. «Е, бастыра алмай, қолжазбамды қайтарған ғой» деп ойладым. Конвертті ашып қалғанда, бірнеше «Бастау» атты кітапшам, Төлегеннің бір парақ хаты шықты. Хатта: «Ал, Сүлаға, сіз бен біздің ұзақ толғатқан перзентіміз өмірге міне осы бейнеде келіп отыр. Шынайы достық, ізгілік ықыласпен тағы да құттықтаймын (23.XI. 1979ж.)», – деп жазылған» 
Баянауылда осындай ақын болған екен ғой, біз неге білмейміз деп іздестіре бастадық. Алғаш оқығанымыз Төлеген Мұқаевтің «Шілдеде» өлеңі болды: 

Қанша гүлі шөліркеп, қанша бағы, 
Қырдың жатыр кеберсіп еріндері, 
Бала – дала еріксіз тамсанады. 
Төбесінен тесіліп күн қуырған 
Қалың орман қойнына аптап еніп, 
Тұрып алды желінін қақтап еміп. 
Жел де осынау азапқа төзбеді ме: 
Құйындатып, уыстап шашады кеп 
Өз тозаңын даланың өз бетіне. 
Сәби – дала жаутаңдап аспанына, 
Күттірмеші дегендей енді мені, 
Көздері боп көлдері телміреді. 
Қағып сонда көк жүзі қоңырауын, 
Қанжар болып жарқ етіп найзағайы, 
Тіліп-тіліп жіберді омырауын: 
Аспан-ана шығарып бұлт-емшегін, 
Ақ уызын бойынан лек-лек үзіп, 
Нәр тілеген бөбегін жатты емізіп... 

1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Айдын шалқар» ұжымдық жинағына Төлеген Мұқаевтің «Тулайды жүрек» атты өлеңдер топтамасы енеді. Іздестіре жүріп сол топтамадағы бізге беймәлім жаңа өлеңдерімен «қауыштық»: 

Өмір өзі қапырық қой, кезіп жүріп шөлдесең, 
Сусын болып жетер менің көңілімнің бұлағы. 
Күйкі тірлік көкейдегі күйді бұзса, көнбе сен, 
Жалғыз рет жабырқасаң – жабырқар ем мен неше. 

Бұзса-дағы шырқымды күн, тұрмаса да қолда түк, 
Өзіңе арнап бақ сарайын қиялыммен орнатып, 
Үйімізге түбі келер, күліп енер шаттықты, 
Төзімменен, өзіңменен бірге жүрдім толғатып. 

Қабағыңды бағар таңың еріксізден енді атып, 
Ерінсе де, жетегіме еріп, міне, келді уақыт... 
Бүгінгі бұл қызығыңа жаның елтіп, жан анам, 
Жалғыз рет жымиғаның – жалғаныма тең бақыт... 

*** 

Жырыңа талай сусындап, 
Сырыңа талай қанықтым; 
Асқарымдағы шынарым, 
аспанымдағы жарық күн! 
Қастерлеп өту осылай – 
Қаныма сіңген қасиет: 
Ұрпағымын ғой, ақынын 
Құдірет тұтқан халықтың! 

Сырласып жүріп өзіңмен 
Тіршілігімнен мән ұқтым. 
Өзіңді зерттеу арқылы 
Өзімді зерттеп таныттым. 
Саралап ойлау осылай – 
Санама сіңге қасиет: 
Ұрпағымын ғой, үлкенін 
Өнеге тұтқан халықтың. 

Өнеге болу – мәртебе, 
Өнеге де алу маңызды: 
Арадай бейне бал жиған, 
Ізіңді бағып әр ізгі, 
Жүріп ем ылғи осылай, 
Жүзіңе жиі көз салып, 
Сағатқа жұрттың қарамай 
Жүре алмайтыны тәрізді. 

Тұлғаңа қарап талай мен 
Сезімнің селін тасыттым. 
Сырластым-дағы сергідім, 
Көңілден тайып жасық мұң. 
Бағбаным, жомарт жүрекпен 
Жаныма менің гүл екен, 
Есейдің деме неге ерте – 
Өзіңдей болуға асықтым. 

Өзімдей болсын інім деп, 
Артып ең үміт маған көп. 
Еміреніп едің әкемдей, 
Бауырыңа басып балам деп. 
Ойладым мен де лапылдап, 
өзіңдей болып жанам деп. 
...Ойламап ем ғой бірақ та 
Көзіңдей болып қалам деп!... 

БИІКПЕН МЕН ДЕ ТАУДАЙ, АСҚАҚПЫН... 

2012 жылы Жазушылар Одағында ақын Әділ Боптановтың «Өмірзая» жыр жинағының тұсаукесер кеші өтті. Кешті ақынның замандасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді. Бауыржан аға: «Су аяғы сіңгендей кеп құрдымға, ай-жағалы қамқа-түнге оранып, Сол жұлдыздай сәл жарқырап тұрдың да, аяқ асты кеттің бір күн жоғалып», – деп жырлаған еді ақын досы жайлы. «Жұматайдың қағанатындағы» ең кенже ноян болған Әділ із-түзсіз жоғалып кеткен. Әлі күнге дейін ешқандай хабар жоқ. Бауыржан Бабажанұлы: «Мына залға қазір Әділ кіріп келіп, баяғы адуынды қалпында күркіреп өлең оқи жөнелетін секілді. Сосын тағы, баяғыдай «Сендердің өлеңдерің «Ерунда!» – деп қолын бірақ сілтейтіндей» – дегенде жас үйірілмеген жанар қалмады. Жары мен ұл-қызы сөз сөйлеп, әкелерінің жырын жатқа оқығаны тіптен ерекше сәт болды. Жер бетінен мейірім іздеп жүріп, пәк көңіл, ақ жүректердің ішінде адасып кеткен ақынның кешінен кейін Алматының аспаны да ұзақ уақыт құлазып тұрған-тын. 

Тарихта Әділдей тағдырлы ақындар аз болмаған. Біздің Төлеген де сондай ауыр ғұмырдың иесі. Жанымызға әсер еткен жырлардың иемені жайлы дерек аз сақталған. «Ел аузынан» жинаған қысқаша ғұмырбаяны төмендегідей: 

Төлеген Тұрсынбайұлы Мұқаев 1949 жылы 3 наурыз күні қазіргі Ж.Аймауытов ауылында дүниеге келген. Сәби шағында ата-анасы С.Торайғыров ауылына қоныс аударып, осы ауылда ес білді, мектеп табалдырығын аттады. 1967 жылы Торайғыров мектебін «Алтын медальмен» бітірді. 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. 1973-75 жылдары аралығында аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде қызмет істеді. Қалижан Бекхожиннің 1986 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» атты ғұмырнамалық кітабындағы «Атақты ақынның атамекен жерінде» атты естелік мақаласында, совхоз директоры Қабиден Әубәкіровтың айтуымен мынандай дерек келтіріледі: «...Ревалюция жылдарында Колчак сойқандарынан қуғын-сүргін көрген атақты Сәкен Сейфуллин нағашысы Мұқайды іздеп осы маңда болыпты деседі... Сол Сәкеннің нағашысы Мұқайдың немересі Төлеген Мұқаев ҚазГУ-дің филология факультетін бітірді, өлең жазып жүрген жас ақын, қазір Баянауылдың аудандық газетінде қызмет атқарады...» 

Баянауылда аз ғана уақыт жұмыс жасаған ақын, 1975 жылы Алматыда «Жалын» баспасы құрылып, алғашқы редакторы Қ.Ыдырысовтың шақыртуымен сонда қызметке ауысты. 
1977 жылы «Жалын» баспасынан Жүсіп Қыдыровтың редакторлығымен «Тұңғыш кітабы» жарық көрді. Ал 1986 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Айдын шалқар» ұжымдық жинағына «Тулайды жүрек» атты өлеңдер топтамасы енді. 

1992 жылы алты айға жуық Қарағанды қаласында «тұрақтаған». Ел жақпен соңғы рет 1992-93 жылдары хабар алмасқан ақын, сол жылдан із-түзсіз жоғалып кетті. 

Алматы қаласында тұратын қарындасының үйіне барлық қолжазбаларын, жоспарлап қойған кітабын жинақтап қояды. Өзім барып алып кетемін, - дейді. Ол үй қазіргі Райымбек батыр мен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында болатын. Біраз уақытқа үйінен шығып, қонаққа кеткен қарындасы қайтып оралса, үйіне ұры түсіпті. Астаң-кестеңі шыққан үйде Төлеген жинастырып кеткен жәшік жоқ болып шығады. 

Ұқсас тағдырлар. Мұқағалидың замандасы Мұқатай Жылқайдаровтың ғұмыры тас жол үстінде үзілген екен. Үйінде қолжазбаларын сақтап жүрген қара шамаданы болыпты. Ақын өлімінен кейін ішіндегі қазынасымен қоса қара шамадан да жоғалып кетеді. Ақынның жыр-байлығы кімге керек болды екен?! 

ТАҒДЫРҒА КҮЙІНЕМІЗ НЕСІНЕ БІЗ... 

(Ақынның «Ардағы» жайлы бірер сөз) 

Төлеген жырларын іздей бастадық. Қолымызға түскені 1989 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Ардақ» жыр жинағы. Үш бөлімге бөлінген кітаптың, «Заңғарынан заманның» аталатын бірінші бөлімінде сол кезеңдегі үрдіске сай, ақынның «қызыл өлеңдері» топтастырылыпты... Есенғали Раушановтың мына бір жазбасы ойға оралды: Ішінде «қызыл өлеңі» жоқ Аманхан Әлімнің кітабы баспаға жіберілмей қалады. Қаламдас достарының жазып береген құны «бір шишалық» өлеңі кітаптың шығуына сеп болады. Кейін оқырмандарға қолтаңба берерде Аманхан аға бірінші бетін жыртып тастайтын болған екен. Осы жағдайды еске ала отырып, авторға «кешіріммен» қарадық. Ал «Тағдыр» дейтін екінші бөлімінде Төлеген ақын шын мәнісінде тағдырын жазыпты. Көңіліндегі мұң мен жүрегіндегі сырын бейнелепті. Соңғы «Бейбіт күн аспаны» бөліміне толғауы мен балладасы және Х.Хаматовадан аудармасы еніпті. 
Аталмыш жинақтағы жырларынан ақынды тануға тырысып көрдік. Алдымен назарымызға іліккені «Сағат» өлеңі болды: 

...Түсерінде әрдайым сынға күшім, 
Шығарында бүкпесіз шын дауысым, 
Құлағыма тосамын мен өзіңді, 
Тіршіліктің әуенін тыңдау үшін. 

Хақым жоқтай бір сәт те кідіретін, 
Алды-артыма қарайлап мүдіретін, 
Сені тыңдаған сайын аптығамын, 
Сыртылыңның сезініп құдіретін. 

Ұмтылмаған күндерде құлшынбаған, 
Өкпелейтін шығарсың, мүмкін маған?! 
Қараймын да өзіңе, қатуланып, 
Өз-өзімнің аяусыз шырқымды алам. 

Бас қамымды, қайтемін басқа мұңды, 
Қуантпасам елімді – асқағымды. 
«Не бітірдің?» – деген бір қатал үнің 
Қалт жібермей санап тұр қас-қағымды... 

Төлеген Айбергенов күнделігінде: «Мен сағаттардың шықылдағанынан қатты қорқамын. Кейде ол маған «Түк бітірмей тұрғанда тезірек жүрер жолымды жүріп өтіп, осы бір немеден жылдамырақ құтылайыншы» – деп тұрғандай болады. Мен бұл жөнінде өз өлеңімнің бірқатарында айттым да. Уақыттан озу, оған алдан қарау – адам ұлылығының куәсі» – деп жазыпты. Уақытпен санаспайтын жан кемде-кем. «Бізде бос уақыт жоқ, босқа өтіп жатқан уақыт көп», – дегенді Тоқтарәлі Таңжарық ағадан естіп едік. Адамзаттың уайымы – уақыттың қадірі. Ақын үшін уақыт өлеңмен өлшенсе керек-ті. 

Уақыттың үкімі – қатал. Уақыт – өктем. Келгеніміз бен кеткенімізді санайтын да – уақыт. Саралайтын да – уақыт. 
Сенімді ақтағайсың, 
Есіңде сақтағайсың: 
Шыр етіп туғаныңда 
Арманға арыз жаздың, 
Өмірді қарызға алдың... 

Ойларсың, қамығарсың! 
Шарларсың, сабыларсың... 
Күндердің алыс кеткен 
Жеткізбей көші мүлдем, 
Өткенге өкінумен, 
Қара жер жамыларсың. 

Тағдырдың сом білегі 
Ырқына көндіреді. 
Сен болсаң жүрсің әлі 
Солқылдап тал шыбықтай, 
Тірліктің парқын ұқпай. 

...Арбаса медетті күн, 
Ертеңін елепті кім! 
Шықпайтын тұғырларға 
Жүрсің-ау шығып талай. 
Әйтеуір ұмытпағай: 
Қарызға алғаныңды 
Қайтару керектігін. 

Жоғарыда айтқанымыздай осынау өлеңде де, уақыттың қадірі. Өткенге өкініп қара жер жамылу, тірліктің парқын ұқпау – адам үшін үрейлі һәм қасіретті. Өмір бар болған соң, өлімнің бары – һақиқат. Бірі «қарызға», бірі «пракатқа», бірі «кредитке» алған өмірді түбі қайтару керек. Баршамызға аян. Мәселе қалай қайтаруда. Қалай ғұмыр кешсең, солай қайтарасың. Ақын жеңіл жолмен жүргісі келмейді. Һас жүйріктердің аламанында арындағысы келеді. «Талпыныс таңдары» өлеңінде осы бір ойымызды ұштағандай әсер қалдырады. Растағандай болады: 

Демейін озып алысқа кетем, 
Қайткенде жұрттан қалыспай өтем! 
Қарап отырсам тіршілік мына 
Жүйріктері көп жарыстай екен. 

Шабандоздардың жаныма қатты 
Шапқанда қалған шаңдағы батты. 
Шапқанда мен де шаң тастайын деп, 
Талпынуменен таңдарым атты. 

Таң атқан сайын талпынуменен, 
Жырымнан жаңа жарқылды көрем. 
Болмайды дейді шын жүйріктерде 
Мәреге жетпей алқыну деген. 

Мұқаев қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда, қамшы салдырмай, дүбір естісе тыпыршыған тұлпардай өмір сүрді. Тартыстан тартынбады, аламанда алқынбады. Тартынбауы – уақытты ардақтады, алқынбауы – бақытты салмақтады. Уақыт – «қап, өмірім босқа өтіп жатыр-ау» деп күйіне бергеннің емес, уақыттан озамын деп түйіле білгеннің «тақымынан тартынса» керек-ті. Ал тіршіліктегі бармақтай бақ бағалай білгенге қонбақ. Аялай білгенмен бірге болмақ. Бақыт – адамдар арасында. Адамның пәк жүрегінде, жылы жүзінде, шынайы ниетінде. «Ақ пейілі адамның» өлеңі ақынның мейірім нұрын аңғартады: 

Осы болар өмірдің мәні, бәлкім, 
Мейір көрсем мәртебем кетеді өсіп. 
Отырады еркін кеп төріме әркім, 
Мен үшін де болған жоқ бөтен есік. 

Қалай ақсын туламай тыныш қаным, 
Бойымда бір бұла күш барын білем. 
Жауыздықтың қақ бөліп қылыштарын, 
Адалдыққа арнаймын барымды мен. 

Бар асылды ақтарам бойымдағы, 
Маңдай терім моншақтап ағады шын. 
Соның бәрі – күнімдей көгімдегі 
Жылуы мол, жүзі нұр адам үшін. 

Кетпесем де қондырып құсын бақтың, 
Ізім болып ізгілік қалады нық. 
Мен де өйткені өмірдің отын жақтым, 
Ақ пейілін адамның пана қылып. 

Кіші кімдер, демей-ақ ірі кімдер, 
Адалына суыңның тұнығын бер. 
Тіршіліктің күн десек қайнар көзі, 
Жер бетінде толып жүр тірі күндер. 

Солар барда нық басам қадамды алға, 
Алынбайтын мен үшін қамал бар ма! 
Күннің де батқанына қынжылмаймын 
Жанымда жарығы мол Адам барда. 

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп! Абыз Абайдың нақылы – бұл. Ғұмырымызға азық болардай. Адамға деген махаббат – өзіңе деген махаббат. Мәшһүр Жүсіп: «Мысалы адамзаттың ағаштай-ды, қу ағаш миуасы жоқ, жараспайды... Жақсылық, қайыр, ықсан қылған ісі, адамның қымбат баға, сол жұмысы, табылмас көзге тотия-ем дәрідей, қолынан әр жақсылық келген кісі», – дейді. «Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей». Төлеген Айбергеновтің де өлеңі бар: «...Не кездессе өздеріңмен көрмекпін, қарапайым адамдары еңбектің, барлығын да бағыштар ем сендерге, махаббатын маған берсе жер-көктің». Жақсылыққа ұмтылу – ақын өмірінің арқауы. Өлеңінің өзегі. Мұқаев мұңайғанда ізгілікті іздейді, мейірімді аңсайды, жақсылықты қалайды. Құлқынға құлдық ұрып немесе бәзбіреулердей мың құбылып емес, жүрегіндегі мұң бүлігін, сыр бүлігін басқысы келіп ағаларына асығады. 

«Сендерге барам, ағалар» өлеңін оқып көрелік: 

Жарқ етіп өтер жасын ағалар, 
Армандай биік асыл ағалар! 

Сендерге барам мен ылғи: 
Ойларды серпіп ауыр бір, 
Оянғым келеген сәттерде. 
Қол созып қиял шыңына, 
Асыл көңілдің нұрына 
Боянғым келген сәттерде. 

Барам мен ылғи сендерге, 
Әділетсіз бір сөздерге 
Шыдай алмаған кездерде. 
Жылағым келіп тұрып-ақ 
Жылай алмаған кездерде. 
Күйініп кетіп кейде бір, 
«Құдай алмаған» кездерде... 
...Сендерге барам, ағалар! 
Тулаған толқын сырымды 
Ақтарғым келген сәттерде. 
Ар-намыс алып алқымға, 
Әділ жүректер алдында 
Ақталғым келген сәттерде... 

...Сендерге барам мен ылғи: 
...Сезінгім келген сәттерде 
Азамат ұлылығын бір, 
Сендерге барам тағы да, 
Лайықты ағалықтарың мен 
Лайықты інілігім – бұл! 

«...Саналы іні бола алмаған – паналы аға да бола алмайды» – дейді екен Төлеген Айбергенов інісі Мұхтарға (Шаханов). «Сені іні тұту арқылы өзімді ағалыққа тәрбиелеп жүрмін» дегені де ұмытпайды екен және. 

Көз алдымнан өткені неше көшіп, 
Іні көрсе – мерейі кетеді өсіп. 
Інілікпен есейген өз өмірін 
Інілермен келеді еселі етіп. 

Алып мен де өмірден аласымды, 
Інілермен бөлісем бар асылды... 
Көзге ұратын үлгіні көре жүріп, 
Көкірегімнің осылай көзі ашылды. 

Көңілі ашық, болған соң жүзі жарқын, 
Еркін келіп айтады сырын әркім. 
Азамат боп, ақын боп, ардақты боп, 
Өмір сүру үлгісі – осы, бәлкім! 

Ағаны аңсайды Төлеген ақын. Бәлкім, бұл – әкеден ерте айырылғандығынан болар. Ақынның әкесі «он сегізінде отқа кірген» жауынгер. Майдан даласында бір аяғын қалдырап кеткен. «Аңсатқан адымдар» балладасында жазады ол жайлы: «Жанарына әкемнің шағылып нұр, қуаныштан сезімі сабылып тұр, қан далада кешегі жоғалтқаны, бүгін, міне, ұлы боп табылып тұр»... «Әкең, ақсақ» – деп кекететін балаларға намыс қысып, «Бір аяғын Берлинде бермесе әкем, тік басар ма тіршілік, мына мекен?!» – деп жауап қайтара алмағанына қынжылады. Отыз жеті жасында тіршілік құшағынан шығып кеткен әкесінің сапарын жалғастырар «тірі аяғы» жетіле берді. Алшаң басты. Майдангердің жан сырын ұға алды. Ұғып қана қойған жоқ, «Майдангер монологтарында» 
Ақиқат бұйрығын тыңдағын: 
Қапыда досың жер құшқанда, 
Саптағы орнына тұр-дағы, 
Тас-түйін шүйліккін дұшпанға! 
Айқаста сыналса шын бағың, 
Азапқа салмайды күнде арың..., – деді. 

Ақынның осы бір жыры әскер қатарындағы күндерімізді еске түсірді. «Біздің аталарымыз соғыстан да қорыққан жоқ. Жаттығуда қандай қиын болса, ұрыста сондай жеңіл болады» – дейтін командиріміз. Жаттығу жиындарында соғыстағыдай күй кешетінбіз. Сонда сапта қатар тұрған сарбаз достарымызға деген сенім мен сезім қандай болмасын тығырықтан алып шығатын.Қапыда досымыз қол ұшын сұрағанда, саптағы орнына тұрып, «дұшпанға» тас-түйін «шүйліккен» сәтте, өлермендіктен намысымыз биік тұратын. Ер екенімізді сезіп, ездерді езіп жіберердей күш таситын бойымызда... Бейбіт күндегі батылдығымызға жол болсын, оқ пен оттың ортасындағы жүректілікті айтсаңызшы. Өліммен бетпе-бет келіп, көзіне тік қарап қаймықпаған, қайран ерлер-ай! Аталарымыз ұрпағы үшін өлімге бас тікті. Қаймыққан жоқ... 

...Өлім. Өлім – үрейлі емес. Түк тындыра алмай, ешкімге керегің болмай өліп кеткенің үрейлі. «Әдемі өлім» тілегенін естіп едік, құрдасына бір достың. Адам атыңды жоғалтпай өт дегені деп ұқтық. Айбергеновтің «Мен өлемін өзімнің биігімде» дейтініндей, Қадыр Мырзалиевтің де «Қандай бақыт қыранша өмір сүріп, қандай бақыт қыранша өле білген» дегені бар. Мұқаев та бұны жете түсінді, сезді, сезінді: 

Көрген едім мен бірде... 
Қатыгез оқ қыран құсты 
Кеткен еді жаралап. 
Көз алдында шыр айналды бар алап: 
Ақтық күшін жинап ап, 
Отты көзбен шолып жер, көк арасын, 
Биігінен төмен қарай сорғалап, 
Біржолата жоғалтқан-ды қарасын. 
Өлер сәтте шырқап өрлік ғазалын, 
Тездеткен-ді ажалын – 
Жер бетінде көрмейін деп 
Мүсіркеудің азабын... 

Тас жүрек бұл заманда 
Мүсіркеудің қажеті жоқ маған да! 
Өлеңімнен өрттей жанып батты күн, 
Өлеңіммен рухтанып таң атты. 
Өлең барда өмірде 
Жүрегім де қыран құстай қанатты. 

Бұл жүрегім қос қанатты қырандай, 
Әлі бітіп биігінде тұра алмай, 
Тіршілікпен қош айтысса – сөзім жоқ! 
Қыран құстай қара жерге 
Құлап кетем өзім кеп: 
Болмауы үшін аянышты ажалым, 
Көрмеу үшін мүсіркеудің азабын! 

Осылай деп жырлады. Кесіп айтты. Шынында да, ақын «менің жырымды елеңізші, атымды атай жүріңізші, жазғаныма көз салыңызшы» деген жоқ. Мадақ, марапат сұраған жоқ. Күткен де емес. Өмір сүру үшін өлең жазды. Тек биік мұраттар мен асқақ армандарға қол созды. Қынжылса өлең деп қиналды. Өкінсе, сол өлеңнің шыңына шыға алмағанына, тұңғиығына бойлай алмағанына өкінді. «Көгілдір таулар» өлеңіндегі: «...Сендерге қарап, қиналам күніге неше, биіктер шақта биіктей алмағанымды ойлап», – дегеніне назар аударар болсақ, қуған арманы ұстатпай, үзілген үміті жалғанбай кеткенін аңғарар едік. 
Енді «Атамның эллегиясына» көңіл бөліп көрелік: 

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан, 
Кімдердің көңіліне қарай алған! 
Үзіліп қалып еді талай үміт, 
Жеткізбей кетіп еді-ау талай арман. 

Біз тартқан ашылмады көп есіктер, 
(Тағдырмен мықты болсаң егесіп көр). 
Гүл ме деп құшқанымыз – шөп әншейін, 
Тау ма деп шыққанымыз – төбешіктер. 

Қиындық өзін бізге танытты анық, 
Сонда да сабырды біз сарықпадық, 
Құшаққа күліп еніп тәтті күндер 
Тастар деп мойнымыздан қамытты алып. 

Неліктен аз болды деп несібеміз, 
Тағдырға күйінеміз несіне біз, 
Біріне барар жердің бұрын жетсек, 
Есесіне – бірінен кешігеміз... 

Кімге өмір тосып ылғи арай алдан, 
Кімдердің көңіліне қарай алған. 
Күйдірді күні кеше талай үміт, 
...Ескірді бүгіндері талай арман! 

Сан қиындық қыспақ танытса да, құшаққа күліп еніп тәтті күндер, мойнымыздан қамытты алып тастар деп сабырын сарықпауы – нені білдіреді екен?! Ақын не айтқысы келді? Не қамыт – бұл? Қандай қамыт – бұл? Тағдырдың таршылығы ма екен? «Тауға да, тасқа соқтым басымды, өмірден таппай тиянақ, Құдайым, өрге домалат тасымды, жасатпа маған қиянат», – деп Тұрсын жарлағандай. Тұрмыстың тапшылығы ма екен? Қасымның «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды, өлеңнің отын жағып жылытамын, өзімді, әйелімді, жас баламды» дегеніндей. Әлде саяси астар іздеуіміз керек пе? 1972 жылы Дәуітәлі ақынның «...Егер алда-жалда осы Совет үкіметі құлай қалса...», – деген сәуегейлігіндей. Кім білсін, әйтеуір бір үмітке сенген. 

Баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Құрманов мынадай быір естелік айтып еді: «Жалаңбұт бала кезімізде Төлеген аға бізді мойнына салып алып, Торайғыр көлінің өзінің мойнана дейін келетін жеріне апатып, суға тастай салатын. Біз әупәрәмдеп жүріп әрең дегенде жағаға жетіп жыларман болатын едік. Неге олай етесіз?, - дегенімізге, «Өмірдің өзі осы секілді, егер өмір теңізінде кемең қирап қалатын болса, ешкім сені судан құтқармайды, өз күшіңмен жағаға малтып жетуің керек», - деп жауап беретін. Сондай қайсар жан еді», - дейді Алтынбек аға. Есениннің өз өмірбаяндық жазбасында ағаларының көлге лақтырып жіберіп, малтуды үйреткенін жазғаны бар емес пе? Ол да өмірді көлдегі сол жанталасқа теңейтін. 

Адам жанын ұқпасыңыз анық. Ақын жанын түсіну, тіпті де, оңай емес: 

Демеймін мен өзімді мықты адаммын. 
Бірақ та ешкімнен де ықпағанмын, 
Жазықсыз және ешкімді жықпағанмын. 
Көп ішінде күнімді кешіп келем: 
Жыны болып жанымды ұқпағанның, 
Құлы болып қабағын шытпағанның... 
...Көбейсе деп тілеумен құт қадамдар, 
Осылайша күнімді кешіп келем. 
Көп ішінде жанымды ұқпаған бар, 
Ұқпағандар көбіне – 
Өзім шыққан биікке шықпағандар... 

Ақын қашанда асқақ. Ақын дәйім биік. Қолдан әулие жасап тұрғанымыз емес. Оның да пендешілігі, оның да кінәсі мен күнәсі бар, бір басына жетерлік. Ақын өлеңімен – ақын, арымен – ақын. Мұқағали «Ақынның ақындығы атақта емес, ақынның ақындығы арда ғана» екенін айғақтап кетті. 

Бейнетке мен торықпаймын, 
Азапқа да жүгінбен. 
Ажалдан да қорықпаймын 
Өз басыма үңілген. 

Жетеді-ау деп өз түбіме, 
Қорқыныш жоқ маза алған. 
Қорқамын тек, көз тіріде 
Арға төнген ажалдан. 

Мұқаевтің «фобиясы» – арға төнген ажал. Мүсіркеудің азабын көргісі келмейтін ақын, арын қашанда жоғары қояды. Ол «Жаным арымның садағасы» дейтін қазақтығы. Ары – өлеңі. Қазіргідей намыстың құнын бәліштің құнындай көрмейтін заманда адамдықтың да, адалдықдың да, сенім мен сезімнің де табан астында тапталып жатқанына көп куәміз. Ақын махаббаттың өзін биік санайды. Лирикалық жырларынан ақын бойындағы тазалықты, кірпияздықты аңғарамыз. Желік емес, жігер басым. 

«Қайтейін кінәліп бұған сені, сағатың алдаған шығар сені...». Сүйгеніне деген сезімін сенімімен ұштастырған ғашықтың жан тебіренісін дөп басқан Мұхтар мен Шәмшінің осынау әніндегідей күй кештіретін мына бір өлеңін оқып көрелік: 

Келдім жерге келісілген кешегі, 
Сен деп көңіл самал болып еседі. 
Сиқыр сезім... 
Кеудем толы қуаныш, 
Көңіл – күлкі, көңіл бұлты тым алыс. 

Қиялым – шың, жаным – жаз да, гүл – өңім, 
Күн күледі, мен де бірге күлемін. 
Кейде өзім де сол гүлдерге ұсап қап, 
Тұрмын сансыз шаттық гүлін құшақтап. 

Гүлдер кенет сола бастап бірақ та, 
Күлкімді мен соза алмадым ұзаққа, 
Сен келмедің... 
Күдік біткен жиылып, 
Қалды-ау үміт кете жаздап қиылып. 
...Өзің жайлы ой-қиялға шым батып, 
Сені осылай күту де өзі бір бақыт. 
Немесе, мына бір өлеңі, өзбек ақыны Әлішер Науаидың «Аһларым ұрсын синә, уһларым ұрсын синә» дегеніндегі «қайырымды» қарғыстай емес пе: 
Өтті ғой талай күн: 
(Қонбады-ау қоңсы үміт), 
Ол саған ынтығып, 
Сен оны қомсынып... 

...Бар оның өз бағы, 
Өзіндік түйіні, 
Өзінің еншісі, 
Өзінің биігі. 

...Көнбесең – көнбегей! 
Менсінбе сен, мейлі. 
Махаббат алауы 
Сенсіз де сөнбейді. 

Келер-ау бір күні 
Басыңа байыпты ой... 
Сенің де біреуді 
Қаларың анық қой... 

...Осындай бір қиын 
Алдыңда тұрар сын, 
Ғашықтық азабын 
Сол күні ұғарсың... 
Махаббатқа келгенде көлгірсімей-ақ қояйық. Жетісіп жүргеніміз шамалы. Үндемей тұра тұрайық, өлеңнің өзі сөйлесін: 
Табайын деп түнді іздеп Күн келеді, 
Күн соңынан ентігіп Түн келеді. 
Бірін-бірі осылай қуысумен 
Дөңгелейді уақыттың дөңгелегі. 
Біз үшін де сан жылдар дөңгеледі, 
Әр жыл алға өз жүгін өңгереді. 
Шыр көбелек осылай айналдырып, 
Зыр жүгіртіп келесің сен де мені. 

* * * 

Құшағымда сен барсың... 
Құшағымда: 
Баға жетпес асыл бардай сезінем. 
Асау көңіл бақытына 
Бас ұрғандай сезінем. 
Азды-көпті шаттығыма 
Тасынғандай сезінем. 
Асып-тасып аптығым 
Басылғандай сезінем. 

Құшағымда сен барсың... 
Құшағымда: 
Ойда жоқта ойнап кетер 
Жасын бардай сезінем. 
Ойнап кетсең жасын боп, 
Көңіл көгің ашылардай сезінем, 
Көкейіңнен інжу-маржан 
Шашылардай сезінем. 
Күнді айналған Жердейін 
Ырқыңнан бір шыға алмастай сезінем. 
Ғұмыр бойы тылсымыңды 
Ұға алмастай сезінем... 

Өктем әуен өрілсе де сөзіңнен, 
Жауап айтар бір батылдық таба алмай, 
Қиналамын өзім болып өзімнен... 
Өстіп дәйім оянып, 
Өстіп жатып талай рет көз ілгем. 
Мықты болған ерік-күш, 
Темірдейін төзімнен, 
Махаббат деп аталатын 
Шын құдірет өзің бе ең?! 
...Өстіп жүріп үйренермін қарауды 
Өмірге де енді өзіңнің көзіңмен. 

* * * 

Өткен күн өртесе де өзегімді, 
Кінәлап, жазғырмаймын мен өзіңді. 
Бұл жүрек сүйетінін сезе білген 
Қоштасар күн барын да сезе білді. 

Бәрібір бар қылығың асыл маған, 
Бағысың маңдайымның ашылмаған. 
Махаббат өлкесінде біз екеуміз – 
Қос өзен қатар ағып қосылмаған. 

Ойлаймын көңіл бұлты ашылды деп, 
Сел-сезім саған деген басылды деп. 
Бәрібір бір асылын жоғалтқандай 
Өзіңе бауыр басқан ғашық жүрек. 

* * * 

Бір тұман көңілден 
Жүргенде тарқамай, 
Сәуле боп көрінген 
Сымбатты қалқам-ай. 

Өзің боп оралды 
Арманым бір алыс. 
Ағынан жарылды 
Кеудемде қуаныш. 

Тасытты жыр селін 
Көкейім күй тұнған. 
Құпия бір сезім 
Оятты ұйқымнан. 

Еркімді билеген 
Жайдарлым, қылықтым. 
Сезімім күйреген 
Күндерді ұмыттым. 

Сейілтті түнімді 
Көзіңнің жарқылы, 
Сағынып үніңді 
Жүрегім балқыды. 

Шалқысын жыр-араман, 
Алаңсыз сүй, күнім. 
Тағдырдан бір алған 
Ғажайып сыйлығым. 

* * * 

Байлама, жаным, бағыңды, 
Ынтызар болсаң егер шын. 
Азапқа салсаң жанымды, 
Өзің де азап шегерсің. 

Қалай мен тыныш ұйықтармын, 
Махаббат әнім, іңкәрім?! 
Сауырын тіліп бұлттардың, 
Самғасын десең сұңқарың. 

Тынбасын десең тасқын ән, 
Сөнбесін десең жан оты, 
Көгінде ұшқан жас қыран, 
Талмасын десең қанаты, 

Қуат бер маған, нұр таңым, 
Ақ сәуле төгіп, арайла! 
Құшуға тиіс арманын 
Ынтызар көңіл қалай да. 

*** 

Жырым бар сусындаған мың бұлақтан, 
Сырым бар шындығыма куә қылар. 
Жұлдыз бар көңілімде жымың қаққан, 
Құшағымда көктемнің шуағы бар. 

Жалын құшып өтуге бәс тіккенмін, 
Жүркете жарқылдаған жасын от бар. 
Біткенше ең ақырға ақтық демім, 
Бір сүйсем, құлай сүйер қасиет бар. 

Адалдық сөйлетеді жауыма өктем, 
Арманым, асқақ менің, әділ сөзім. 
...Сен менің жан дүниемді танып өт тек, 
Мен саған сыйлап өтем бәрін соның. 

Артық сөзі жоқ. Сезім мен өзі бар. Болды, басқа ештеңе емес. Жаныңызды баурайды. Көңіліңізді аулайды. Өзіңіз ғашық боп тұрғандай күй кешесіз. Сүйгеніңізге оқып берсеңіз, балауыздай балбырап кетердей. 

Ақынның ардағы да, арманы да – өлең. Тәңірден сыйға һәм сорға алғаны да – өлең. 

...Ол да өзіңдей тырмысып тірлік кешті, 
Туды дейсің рахатпен кіндіктес кім. 
Басыңа бір сәтті күн туа қалса, 
Өзге күнді ұмытып, дүрлікпессің... 
Өмірің де, 
Өлімің – бәрі шындық, 
Аттап өте алмайды шындықты ешкім. 

Төлеген де аттап өте алмады. Жалын құшып өтуге бәс тікті. Бәс тікті де, сұмдықты таптап өтті, шындықты сақтап өтті. Шындығына сыры куә қылды. Ғұмыры куә қылды. 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

ЖАЛЫН ҚҰШЫП ӨТУГЕ БӘС ТІККЕНМІН...
Іздеусіз кеткен ақын. Елеусіз қалған өлең. Ақындар үшін ең ауыр жаза, жоқтаусыз қалса жетім жыр, – дегенді Шерхан досым айтып еді. Баянауылдың тастарындағы жырды өзегіне сыйдырып, Алматының аспанындағы мұңды жүрегіне құйдырып, арманын жалғанға жеткізген, жан сырын таңдарға шерткен ақын Төлеген Мұқаевтің өлеңдері өмірдің өзіндей, мөп-мөлдір сезімдей... 

Ақынның осы бір жыры әскер қатарындағы күндерімізді еске түсірді. «Біздің аталарымыз соғыстан да қорыққан жоқ. Жаттығуда қандай қиын болса, ұрыста сондай жеңіл болады» – дейтін командиріміз. Жаттығу жиындарында соғыстағыдай күй кешетінбіз. Сонда сапта қатар тұрған сарбаз достарымызға деген сенім мен сезім қандай болмасын тығырықтан алып шығатын. Қапыда досымыз қол ұшын сұрағанда, саптағы орнына тұрып, «дұшпанға» тас-түйін «шүйліккен» сәтте, өлермендіктен намысымыз биік тұратын. Ер екенімізді сезіп, ездерді езіп жіберердей күш таситын бойымызда... Бейбіт күндегі батылдығымызға жол болсын, оқ пен оттың ортасындағы жүректілікті айтсаңызшы. Өліммен бетпе-бет келіп, көзіне тік қарап қаймықпаған, қайран ерлер-ай! Аталарымыз ұрпағы үшін өлімге бас тікті. Қаймыққан жоқ...
...Өлім. Өлім – үрейлі емес. Түк тындыра алмай, ешкімге керегің болмай өліп кеткенің үрейлі. «Әдемі өлім» тілегенін естіп едік, құрдасына бір достың. Адам атыңды жоғалтпай өт дегені деп ұқтық. Айбергеновтің «Мен өлемін өзімнің биігімде» дейтініндей, Қадыр Мырзалиевтің де «Қандай бақыт қыранша өмір сүріп, қандай бақыт қыранша өле білген» дегені бар. Мұқаев та бұны жете түсінді, сезді, сезінді: 
Көрген едім мен бірде...
Қатыгез оқ қыран құсты
Кеткен еді жаралап.
Көз алдында шыр айналды бар алап:
Ақтық күшін жинап ап,
Отты көзбен шолып жер, көк арасын,
Биігінен төмен қарай сорғалап,
Біржолата жоғалтқан-ды қарасын.
Өлер сәтте шырқап өрлік ғазалын,
Тездеткен-ді ажалын ¬¬¬–
Жер бетінде көрмейін деп
Мүсіркеудің азабын...
Тас жүрек бұл заманда
Мүсіркеудің қажеті жоқ маған да!
Өлеңімнен өрттей жанып батты күн,
Өлеңіммен рухтанып таң атты.
Өлең барда өмірде
Жүрегім де қыран құстай қанатты.
Бұл жүрегім қос қанатты қырандай,
Әлі бітіп биігінде тұра алмай,
Тіршілікпен қош айтысса – сөзім жоқ!
Қыран құстай қара жерге
Құлап кетем өзім кеп:
Болмауы үшін аянышты ажалым,
Көрмеу үшін мүсіркеудің азабын!
Осылай деп жырлады. Кесіп айтты. Шынында да, ақын «менің жырымды елеңізші, атымды атай жүріңізші, жазғаныма көз салыңызшы» деген жоқ. Мадақ, марапат сұраған жоқ. Күткен де емес. Өмір сүру үшін өлең жазды. Тек биік мұраттар мен асқақ армандарға қол созды. Қынжылса өлең деп қиналды. Өкінсе, сол өлеңнің шыңына шыға алмағанына, тұңғиығына бойлай алмағанына өкінді. «Көгілдір таулар» өлеңіндегі: «...Сендерге қарап, қиналам күніге неше, биіктер шақта биіктей алмағанымды ойлап», – дегеніне назар аударар болсақ, қуған арманы ұстатпай, үзілген үміті жалғанбай кеткенін аңғарар едік.
Енді «Атамның эллегиясына» көңіл бөліп көрелік:
Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,
Кімдердің көңіліне қарай алған!
Үзіліп қалып еді талай үміт,
Жеткізбей кетіп еді-ау талай арман.
Біз тартқан ашылмады көп есіктер,
(Тағдырмен мықты болсаң егесіп көр).
Гүл ме деп құшқанымыз – шөп әншейін,
Тау ма деп шыққанымыз – төбешіктер.
Қиындық өзін бізге танытты анық,
Сонда да сабырды біз сарықпадық,
Құшаққа күліп еніп тәтті күндер
Тастар деп мойнымыздан қамытты алып.
Неліктен аз болды деп несібеміз,
Тағдырға күйінеміз несіне біз,
Біріне барар жердің бұрын жетсек,
Есесіне – бірінен кешігеміз...
Кімге өмір тосып ылғи арай алдан,
Кімдердің көңіліне қарай алған.
Күйдірді күні кеше талай үміт,
...Ескірді бүгіндері талай арман!
Сан қиындық қыспақ танытса да, құшаққа күліп еніп тәтті күндер, мойнымыздан қамытты алып тастар деп сабырын сарықпауы – нені білдіреді екен?! Ақын не айтқысы келді? Не қамыт – бұл? Қандай қамыт – бұл? Тағдырдың таршылығы ма екен? «Тауға да, тасқа соқтым басымды, өмірден таппай тиянақ, Құдайым, өрге домалат тасымды, жасатпа маған қиянат», – деп Тұрсын жарлағандай. Тұрмыстың тапшылығы ма екен? Қасымның «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды, өлеңнің отын жағып жылытамын, өзімді, әйелімді, жас баламды» дегеніндей. Әлде саяси астар іздеуіміз керек пе? 1972 жылы Дәуітәлі ақынның «...Егер алда-жалда осы Совет үкіметі құлай қалса...», – деген сәуегейлігіндей. Кім білсін, әйтеуір бір үмітке сенген.
Баянауылдық өлкетанушы Алтынбек Құрманов мынадай быір естелік айтып еді: «Жалаңбұт бала кезімізде Төлеген аға бізді мойнына салып алып, Торайғыр көлінің өзінің мойнана дейін келетін жеріне апатып, суға тастай салатын. Біз әупәрәмдеп жүріп әрең дегенде жағаға жетіп жыларман болатын едік. Неге олай етесіз?, - дегенімізге, «Өмірдің өзі осы секілді, егер өмір теңізінде кемең қирап қалатын болса, ешкім сені судан құтқармайды, өз күшіңмен жағаға малтып жетуің керек», - деп жауап беретін. Сондай қайсар жан еді», - дейді Алтынбек аға. Есениннің өз өмірбаяндық жазбасында ағаларының көлге лақтырып жіберіп, малтуды үйреткенін жазғаны бар емес пе? Ол да өмірді көлдегі сол жанталасқа теңейтін.
Адам жанын ұқпасыңыз анық. Ақын жанын түсіну, тіпті де, оңай емес:
Демеймін мен өзімді мықты адаммын.
Бірақ та ешкімнен де ықпағанмын,
Жазықсыз және ешкімді жықпағанмын.
Көп ішінде күнімді кешіп келем:
Жыны болып жанымды ұқпағанның,
Құлы болып қабағын шытпағанның...
...Көбейсе деп тілеумен құт қадамдар,
Осылайша күнімді кешіп келем.
Көп ішінде жанымды ұқпаған бар,
Ұқпағандар көбіне – 
Өзім шыққан биікке шықпағандар...
Ақын қашанда асқақ. Ақын дәйім биік. Қолдан әулие жасап тұрғанымыз емес. Оның да пендешілігі, оның да кінәсі мен күнәсі бар, бір басына жетерлік. Ақын өлеңімен – ақын, арымен – ақын. Мұқағали «Ақынның ақындығы атақта емес, ақынның ақындығы арда ғана» екенін айғақтап кетті.
Бейнетке мен торықпаймын,
Азапқа да жүгінбен.
Ажалдан да қорықпаймын
Өз басыма үңілген.
Жетеді-ау деп өз түбіме,
Қорқыныш жоқ маза алған.
Қорқамын тек, көз тіріде
Арға төнген ажалдан.
Мұқаевтің «фобиясы» – арға төнген ажал. Мүсіркеудің азабын көргісі келмейтін ақын, арын қашанда жоғары қояды. Ол «Жаным арымның садағасы» дейтін қазақтығы. Ары – өлеңі. Қазіргідей намыстың құнын бәліштің құнындай көрмейтін заманда адамдықтың да, адалдықдың да, сенім мен сезімнің де табан астында тапталып жатқанына көп куәміз. Ақын махаббаттың өзін биік санайды. Лирикалық жырларынан ақын бойындағы тазалықты, кірпияздықты аңғарамыз. Желік емес, жігер басым. 
«Қайтейін кінәліп бұған сені, сағатың алдаған шығар сені...». Сүйгеніне деген сезімін сенімімен ұштастырған ғашықтың жан тебіренісін дөп басқан Мұхтар мен Шәмшінің осынау әніндегідей күй кештіретін мына бір өлеңін оқып көрелік: 
Келдім жерге келісілген кешегі,
Сен деп көңіл самал болып еседі.
Сиқыр сезім...
Кеудем толы қуаныш,
Көңіл – күлкі, көңіл бұлты тым алыс.
Қиялым – шың, жаным – жаз да, гүл – өңім,
Күн күледі, мен де бірге күлемін.
Кейде өзім де сол гүлдерге ұсап қап,
Тұрмын сансыз шаттық гүлін құшақтап.
Гүлдер кенет сола бастап бірақ та,
Күлкімді мен соза алмадым ұзаққа,
Сен келмедің...
Күдік біткен жиылып,
Қалды-ау үміт кете жаздап қиылып.
...Өзің жайлы ой-қиялға шым батып,
Сені осылай күту де өзі бір бақыт.
Немесе, мына бір өлеңі, өзбек ақыны Әлішер Науаидың «Аһларым ұрсын синә, уһларым ұрсын синә» дегеніндегі «қайырымды» қарғыстай емес пе:
Өтті ғой талай күн:
(Қонбады-ау қоңсы үміт),
Ол саған ынтығып,
Сен оны қомсынып...
...Бар оның өз бағы,
Өзіндік түйіні,
Өзінің еншісі,
Өзінің биігі.
...Көнбесең – көнбегей!
Менсінбе сен, мейлі.
Махаббат алауы
Сенсіз де сөнбейді.
Келер-ау бір күні
Басыңа байыпты ой...
Сенің де біреуді
Қаларың анық қой...
...Осындай бір қиын
Алдыңда тұрар сын,
Ғашықтық азабын
Сол күні ұғарсың...
Махаббатқа келгенде көлгірсімей-ақ қояйық. Жетісіп жүргеніміз шамалы. Үндемей тұра тұрайық, өлеңнің өзі сөйлесін:
Табайын деп түнді іздеп Күн келеді,
Күн соңынан ентігіп Түн келеді.
Бірін-бірі осылай қуысумен
Дөңгелейді уақыттың дөңгелегі.
Біз үшін де сан жылдар дөңгеледі,
Әр жыл алға өз жүгін өңгереді.
Шыр көбелек осылай айналдырып,
Зыр жүгіртіп келесің сен де мені.
* * *
Құшағымда сен барсың...
Құшағымда:
Баға жетпес асыл бардай сезінем.
Асау көңіл бақытына
Бас ұрғандай сезінем.
Азды-көпті шаттығыма
Тасынғандай сезінем.
Асып-тасып аптығым
Басылғандай сезінем.
Құшағымда сен барсың...
Құшағымда:
Ойда жоқта ойнап кетер
Жасын бардай сезінем.
Ойнап кетсең жасын боп,
Көңіл көгің ашылардай сезінем,
Көкейіңнен інжу-маржан
Шашылардай сезінем.
Күнді айналған Жердейін
Ырқыңнан бір шыға алмастай сезінем.
Ғұмыр бойы тылсымыңды 
Ұға алмастай сезінем...
Өктем әуен өрілсе де сөзіңнен,
Жауап айтар бір батылдық таба алмай,
Қиналамын өзім болып өзімнен...
Өстіп дәйім оянып,
Өстіп жатып талай рет көз ілгем.
Мықты болған ерік-күш,
Темірдейін төзімнен,
Махаббат деп аталатын
Шын құдірет өзің бе ең?!
...Өстіп жүріп үйренермін қарауды
Өмірге де енді өзіңнің көзіңмен.
* * *
Өткен күн өртесе де өзегімді,
Кінәлап, жазғырмаймын мен өзіңді.
Бұл жүрек сүйетінін сезе білген
Қоштасар күн барын да сезе білді.
Бәрібір бар қылығың асыл маған,
Бағысың маңдайымның ашылмаған.
Махаббат өлкесінде біз екеуміз –
Қос өзен қатар ағып қосылмаған.
Ойлаймын көңіл бұлты ашылды деп,
Сел-сезім саған деген басылды деп.
Бәрібір бір асылын жоғалтқандай
Өзіңе бауыр басқан ғашық жүрек.
* * *
Бір тұман көңілден
Жүргенде тарқамай,
Сәуле боп көрінген
Сымбатты қалқам-ай.
Өзің боп оралды
Арманым бір алыс.
Ағынан жарылды
Кеудемде қуаныш.
Тасытты жыр селін
Көкейім күй тұнған.
Құпия бір сезім
Оятты ұйқымнан.
Еркімді билеген
Жайдарлым, қылықтым.
Сезімім күйреген
Күндерді ұмыттым.
Сейілтті түнімді
Көзіңнің жарқылы,
Сағынып үніңді
Жүрегім балқыды.
Шалқысын жыр-араман,
Алаңсыз сүй, күнім.
Тағдырдан бір алған
Ғажайып сыйлығым.
* * *
Байлама, жаным, бағыңды,
Ынтызар болсаң егер шын.
Азапқа салсаң жанымды,
Өзің де азап шегерсің.
Қалай мен тыныш ұйықтармын,
Махаббат әнім, іңкәрім?!
Сауырын тіліп бұлттардың,
Самғасын десең сұңқарың.
Тынбасын десең тасқын ән,
Сөнбесін десең жан оты,
Көгінде ұшқан жас қыран,
Талмасын десең қанаты,
Қуат бер маған, нұр таңым,
Ақ сәуле төгіп, арайла!
Құшуға тиіс арманын
Ынтызар көңіл қалай да.
***
Жырым бар сусындаған мың бұлақтан,
Сырым бар шындығыма куә қылар.
Жұлдыз бар көңілімде жымың қаққан,
Құшағымда көктемнің шуағы бар.
Жалын құшып өтуге бәс тіккенмін,
Жүркете жарқылдаған жасын от бар.
Біткенше ең ақырға ақтық демім,
Бір сүйсем, құлай сүйер қасиет бар.
Адалдық сөйлетеді жауыма өктем,
Арманым, асқақ менің, әділ сөзім.
...Сен менің жан дүниемді танып өт тек,
Мен саған сыйлап өтем бәрін соның.
Артық сөзі жоқ. Сезім мен өзі бар. Болды, басқа ештеңе емес. Жаныңызды баурайды. Көңіліңізді аулайды. Өзіңіз ғашық боп тұрғандай күй кешесіз. Сүйгеніңізге оқып берсеңіз, балауыздай балбырап кетердей. 
Ақынның ардағы да, арманы да – өлең. Тәңірден сыйға һәм сорға алғаны да – өлең. 
...Ол да өзіңдей тырмысып тірлік кешті,
Туды дейсің рахатпен кіндіктес кім.
Басыңа бір сәтті күн туа қалса,
Өзге күнді ұмытып, дүрлікпессің...
Өмірің де,
Өлімің – бәрі шындық,
Аттап өте алмайды шындықты ешкім.
Төлеген де аттап өте алмады. Жалын құшып өтуге бәс тікті. Бәс тікті де, сұмдықты таптап өтті, шындықты сақтап өтті. Шындығына сыры куә қылды. Ғұмыры куә қылды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.