12 сәу, 2017 сағат 14:33

"Жалғыздық" жайында...

Құрметті оқырман, адамзат баласының әуел бастан-ақ жалғыздыққа құштар болғаны һәм Хақты тану жолында жалғыздықты қалағаны белгілі. Кешегі сопылардың, дәруіштердің өмірі, жасаған іс-әркеттері осыған дәлел екендігіне шүбә жоқ. Десек те, жалғыздық Құдайға ғана жарасады.

Ендеше:

«Адамның бәрі – Құдай,
Құдайдың бәрі – Жалғыз...»

Міне, бүгінгі ой-толғауымыздың қозғайтын мәселесі де осы жайында болмақ!

Жұмыр басты пенденің  жалғыздықты қалауы, меніңше, мәңгілік  бақытын жалғаннан емес басқа бір ғаламнан іздегісі келетіндігінен. Неге? Кешегі, Джаллалләддин Руми, Омар Һаям, Қожа Ахмет Иасауи, Шәкәрім сынды ізгілік ілімінің ұшар шыңына шыққан бабаларымыздың ұғымынша «Жалғыздық» дегеніміз не еді? Қандай еді? Қайда ұмтылды? Әрине, әр ғұлама ғалымның жалғыздық жайында шығармаларын айта берсек, таңды таңға соғатын жайымыз бар. Десек те, өзіміздің ағамыз, қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Есенғали Раушановтың бір ғана өлеңіне тоқталып өткенді жөн көрдік. Әңгімеміз әрі қарай түсінікті болуы үшін, өлеңді толық оқып шығуларыңызды өтінемін.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Свеча горела на столе
Б. Пастернак
 
 Түнекті қуып санамнан,
  Шырағым жанып тұр алда.
- Періште неден жаралған?
   - Оттан-дүр, - дейтін Құранда.
 
Мен жаққан осы шыраққа,
(Шырақ – ол  үміт керемет)
Періште келмей,
Бірақ та
Келеді жынды көбелек.
 
Періштең едім кекілді,
Қайда алып кеттің ал бүгін,
Жынды көбелек секілді
Тағдырым менің,
Тағдырым?!
 
Көшеді бұлт боп ой легі,
Өтетін шығар жаумай-ақ
Жынды көбелек дейді оны,
Өмірдің өзі саудай-ақ.
 
...Не деген суық түн еді,
Көбелек, тоңып қалдың ба?
Бізді аңдып бір жел үнемі,
Жүреді есік алдында.
 
Бізді аңдып сол жел
Жебе боп,
Ысқыра төніп келеді.
Өшкен от,
Өлген көбелек –
Осы ма саған керегі,
  Түсінбеймін.

Міне, осы бір өлеңнің  мән-мағынасына шамамыз жеткенше үңіліп көрелік.

...Жалғыздық. Зер салып қарасаңыз, өлеңде ешқандай жалғыздық жайлы, не болмаса соған мағыналас бірде-бір сөз қолданылмайды. Ендеше, бұл нендей жалғыздық? Ақын қандай жалғыздықты қалайды? Міне, өлеңнің басты идеясы да, лейтмотиві де осында жатыр. Демек, ақынның жалғыздығы біздің ұғымымыздағы жалғыздықтан әлдеқайда жоғарыда екенін түсінеміз. Әрине, бір кісінің биіктігі екінші бір кісінің табанының астында жатпасына кім кепіл?! Ендеше, жалғыздық жайында ақынның өлеңі не дейді? Оның бастапқы шумақтардан-ақ адамды терең ойға жетелейтіні көрініп тұр:

Түнекті қуып санамнан,
Шырағым жанып тұр алда.
- Періште неден жаралған?
- Оттан-дүр, - дейтін Құранда.

Сөз төркінін түсінетін замандастарымыздың осы шумақтан кейін қоятын сұрақтары: – Періште нұрдан жаралған жоқ па? Керісінше, оттан жындар жаралды ғой.

Есенғали ағамыз неге бұлай жазды екен? Міне, осы тақылеттес ойлардың астында көміліп жатамыз.  Жарайды, әзірше сұрақ – сұрақ күйінде қала тұрсын. Құрметті оқырман, сәл сабыр сақтасаңыз, толыққанды әрі нақты жауап аласыз деген сенімдеміз. Біздің мақсатымыз - Есенғали Раушеновтың жалғыздық жайындағы ой-тұжырымын ұғыну һәм сол төңіректегі сұрақтарға кеңінен жауап іздеу. Ендеше,  келесі бір шумақтарға зер салайық:

Мен жаққан осы шыраққа,
(Шырақ – ол  үміт керемет)
Періште келмей,
Бірақ та
Келеді жынды көбелек.

Періштең едім кекілді,
Қайда алып кеттің ал бүгін,
Жынды көбелек секілді
Тағдырым менің,
Тағдырым?!

Көшеді бұлт боп ой легі,
Өтетін шығар жаумай-ақ
Жынды көбелек дейді оны,
Өмірдің  өзі саудай-ақ.

Ақынның осы бір шумақтарындағы образдық бейне - көбелек пен шырақ.

Міне, Құрметті оқырман, мақаланың өзектілігі осы жерден басталатындай. Мұқият оқи отырыңыз.

Алдымен, періште шынымен де оттан жаралды ма? Осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік. Сіздіңше, жын - оттан, ал періште - нұрдан жаралған болып тұра тұрсын.

Ислам дініндегі ең құрметті һәм киелі кітапта оттың жалыны екіге бөлінген делінеді: зулмани және нурани. «Екеуін де көзбен көру мүмкін емес. Зулмани жалыннан - жындар, нурани жалыннан - періштелер жаратылған» деп дәлелденеді. Топырақтан (әр түрлі элементтерден) жаратылған адамдағы элементтердің органикалық күйлерге енетіні сияқты, періштелер мен жындардағы оттың да түрі өзгеріп, кез-келген сипатқа енеді. Періштелерде - жарық бөлігі, ал жындарда - от бөлігі басым. Демек, көріп отырғанымыздай, Періштелердің оттан жаралғандығына сенуімізге тура келеді. Есенғали көкеміз қателеспепті. Бұрыс ойлаған, періштені тек нұрдан жаралды деп есептеп жүрген, Нұрдың өзі де (нурани) оттың жалынының бір бөлігі екендігін білмеген - біздің кінә.

Ендеше, Есенғали жаққан шыраққа періште келмей, көбелектің келуінде не сыр жатыр? Байқап көрелік. Әуелі  пайғамбардың аузынан шыққалы бері шайырлардың шабытына арқау болған Бұлбұл мен Райхан гүлі бейнелері.  Күні-түні сарғайып тосқан гүлі таң ата қауызын ашқан сәтте сайрап қоя беретін Бұлбұл - Жаратушының пәк, мінсіз дидарының бір қырын жүрек көзі шалған сәт, Иасауише айтқанда сырт қараған жанға ән мен би сияқты көрінетін Құдайды мадақтау жырын – зікірді айтып қоя беретін әулие сипатын танытса, Хафизше айтқанда «аңқымасы естен айыратын, алайда ұстайын десең, тікені алақанға кіретін Райхан гүлі» - өзіне жақындағысы келетін құлын екі өліммен – тірісінде  нәпсісін өлтіру және бұл дүниелік тынысы тоқтайтын түбі бір өліммен сынайтын Алла Тағаланың жұмбақталған символын білдіреді. Көбелек пен Шам бейнелері де осымен тамырлас мәнді теңеулер.

Джалалләддин Румидың һикаясында Шамды танымаққа талап қылған үш көбелек үш түрлі рухани дәрежедегі адамның болмысын көрсетеді.  Біріншісі - шамды ыстық шиша деп, екіншісі - жанып тұрған білте деп ұғады. Сырттай бақылаудан аса алмаған бұлар Хақты тани алмайды. (Осы орайда, сәл шегініс жасауға тура келіп тұр. Әрине мұның бәрі сіздер үшін, құрметті оқырман. Өлең басталмастан бұрын эпигроф қылып алынған Б. Пастернактың «Свеча горела на столе» өлеңіндегі шамға қатысты ұғым қай көбелектің көзқарасы екеніндігін түсінген боларсыздар. Ф.Т) Тек үшінші көбелек  шишаның ішіне сүңгіп кіріп, жалынмен тұтаса тұқылы қалмай жанып кетеді. Оның бұл әрекеті Шамды, яғни Алланы тануға ынтық жүрегіндегі шынайы махаббат ұшқынының ұлы махаббат Иесінің алып жалынына қосылуы деп айшықталады. Түсінікті. Ендеше, ақынның көбелегі, яғни рухани болмысы қай дәрежеде? Алдымен, Хаққа ұмтылу, Хақты тану мақсатында Шәкәрім бабамыздың мына бір өлең жолдарын оқып көрелік. 

Сорлы бұлбұл Жарға асық боп,
Нұрлы Гүлге айтты зар.
Көбелек те Шамды алам деп,
Отқа түсті боп құмар.

Қараңыздаршы, бір ғана шумақ қаншама ойды, қаншама философиялық тұжырымдарды қорытып тұр. Есенғали ағамыздың өлеңімен мәндес пе? Мәндес. Айтар ойы бір ме? Бір. Жо-жоқ, бір емес. Ақын тереңіне үңіледі. Бұған ағамыздың қалған өлең жолдары дәлел бола алады деп ойлаймын.

...Не деген суық түн еді,
Көбелек, тоңып қалдың ба?
Бізді аңдып бір жел үнемі,
Жүреді есік алдында.

Бізді аңдып сол жел
Жебе боп,
Ысқыра төніп келеді.
Өшкен от,
Өлген көбелек –
Осы ма саған керегі,
Түсінбеймін.

Ә, бұл қалай болғаны? Шам неге сөнді? Сонда Хақ... Шам...

Румидың айтқан көбелектерінің бірі болып ақынның көбелегі де өз-өзін құрбан қылды. Бірақ қалай? Айналасындағы пендешіліктің дұғасын ұран қылып жүрген жауыздық құлдары желге айналып аңдып келді ғой... Жебе боп төніп, шамды сөндіруге талпынды емес пе?! Ия, бұл жердегі жел – зұлымдық, жауыздық құлдары. Дегендеріне жетіп тынды. Демек, кінәлі - СОЛАР! Бастысы - Хақты тану жолында көбелектің талпынысы, шыраққа ұмтылуы. Өкініштісі, өзі ұмтылған шырақтың сөнгені... Амал не, ақынның түсінбейтіні де осы шығар, бәлкім. Көбелек өлді... Шам сөнді... Адамзат баласының көзі көріп, құлағы естігелі бері - зұлымдықтың үстемдік танытып келе жатқанына тағы бір дәлелі осы өлең сияқты. Қайтеміз...

...Міне,  Есенғали көкеміздің  Хақты тану жолындағы жалғыздық ұғымы осындай. Әрине, бұл біздің ойымызша, келіспеулеріңізге болады. Шамамыз жеткенше, түсінуге және түсіндіруге тырыстық. Артық-кем кетіп жатсақ кешірім өтінеміз.

Ал, сіздің санаңызда Жалғыздық дегеніміз не?

Файзулла ТӨЛТАЙ

Ұлт порталы