#
#
Cәрсенбі 21/11/2018

Жалған статистика немесе Аралас некенің астары

  • 06.11.2018
  • 0
  • 1083

Қыздың абыройын ұлттың абыройы санаған, аруларын ауыл болып көлденең көз бен желікпе сөзден қорғаған күндер тарихтың терең қатпарларынан қол бұлғап, келмеске кетті. Қоғамда кеңінен таралған жалған статистика да қыз балалардың қадірін кетіріп тұрған бір есер күшке айналды.

Иә, екінің бірі сөзіне тұздық етіп, пікірін әдіптегісі келетін әйелдер мен ерлердің санына қатысты дәйексіз ақпарды жиі еститін болдық. Олардың айтуынша, Қазақстанда әрбір ер адамға 7-8 қыздан келетін көрінеді. Осы ақпаратты негізге алған көп қаракөздеріміз қазақ азаматтарының аздығын тілге тиек етіп, шет елдік азаматтарды ес тұтып, етегінен ұстауды қалыпты жағдай көріп отыр.  

2017 жылы елімізде тіркелген аралас некелердің саны 20 мыңның үстінде. «Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлтілдеп жас келеді» деп шын күңіренетін кез енді туғандай. Жеті атадан қыз алыспай қанын таза сақтауды мұрат тұтқан бабалардың баласы ондай түсініктен ада жат жұрттықтың отанасына айналып, содан ұрпақ өрбітуді ар санамайтын күйге жетті. Мұның бір ұшы біз жоғарыда атап өткен қыздардың санына қатысты жалған статистикада жатыр. Ал факт не дейді?

Статистика комитетінің 2018 жылғы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 8 791 298 ер адам, 9 366 039 әйел адам бар екен. Ең қызығы 62 жасқа дейінгі ер адамдардың саны әйел адамдардың санынан 160 мыңға артық. Біз ойлағандай қазақта әр шетелдіктің қанжығасына байлап беретін артылып жатқан қыз жоқ екен.  Қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, «ел болмайтын жиендерді» өрбітуі – ұлтқа қауіп. Ең әрісі, тарих беттерін парақтасақ Кеңес Одағы тұсында интернационал отбасылар дәріптеліп, орыс пен қазақты, қазақ пен дүңгенді, басқа да ұлт өкілдерін бір отбасы мүшесі етуге талпыныстар жасалды.

Ал 1998 жылы Қазақстанда 239 аралас неке тіркеліп, оның 40%-ын қазақтар құраған. Бұл кезінде Құдайсыз үкімет тарапынан қолдау көрген ұлтсыздандыру идеологиясының жемісі болатын. Осы уақытта Кеңес үкіметінің «саясынан» шыққан өзге елдерде аталмыш көрсеткіш әлдеқайда аз мөлшерде. Біз мұндай күйге қалай жеттік?

«Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен тыйым» деп бетінде қызылы көріне бастаған қызды сырт көзден қорғаштап баққан халықтың ұлттық тәрбие тетігінен ажырап, қара судан қаймақ іздегендей батыстың әр ісінен өнеге мен жаңашылдық іздеуі – қоғамда орын алып жатқан көп дүдәмалдықтың негізгі себебі. Ал «Еуропа мәденимін деп мақтанғанымен мәденилігі ұсталықта ғана, мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» (Ә.Бөкейхан). 

Бізге ұлт ретінде шынайы «рухани жаңғыратын» кез жетті. Мектеп қабырғасындағы бұғанасы қатып, буыны бекімеген, оң-солын танып үлгермеген балаларға үш тілділіктен бұрын ата дәстүрін оқытып, ана тәлімін сіңіртетін «Дәстүртану» пәнін енгізу қажет.

Мағжан Жұмабаев өзінің бір сөзінде: «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға мәндетті» деген болатын. Өйткені, ұлттық тәрбие мен мінезді мектеп қабырғасынан сіңіріп өскен ұрпақ «күн сөнгенше сөнбейтін» елдігіміздің кепілі болмақ!

Шынәділ Салтанат

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар