31 там, 2016 сағат 19:16

Марат Тоқашбаев. Жалған ерлікке - шынайы фильм?

Интернетте «28 панфиловшы» фильмінің ресми трейлері шыққаны жарияланып жатыр. Түсірілім панфиловшы-батырлар «шайқасының» 75 жылдығына арналыпты. 2009 жылы жоспарланған фильм биыл 24-қарашадан бастап көрерменге жол тартпақ көрінеді. Бірақ өмірде болмаған «28 панфиловшы» ерлігіне фильм түсіру ұятты былай қойғанда, масқара емес пе?!

Шын мәнінде 28 панфиловшы ерлігі ойдан шығарылған аңыз ғана ғой. Бұл жөнінде бұрынырақта жазғанмын. Іс жүзінде ол "Красной звезда" газетінің әдеби хатшысы Ю.А.Кривицкийдің қиялынан туған дүние. Дақпырт осы журналистің 1942 жылы 22-қаңтарда «Красная звезда» газетінде жарияланған «28 панфиловшының өсиеті» деген материалынан бастау алған. 1942 жылы маусым айында Батыс майдан командованиесінің ұсынуымен 1942 жылғы 21-шілдеде Кривицкийдің материалында аты-жөндері аталған 28 жауынгердің бәріне түгел Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Кезінде бұл халықтың жаппай ерлік үлгісі ретінде сталиндік идеологияға қажет болып тұрды. Сондықтан жалған қаһармандықты ешкім шұқшиып зерттей қойған жоқ. Кейін ғой 28-ге қатысты небір «қызық» деректер сиырдың жапасындай су бетіне қалқып шыға бастады.

Алғашында түгел «ерлікпен қаза тапты» делініп жүрген 28 батырдың бесеуі: Васильев Илларион Романович, Шемякин Григорий Мелентьевич, Шадрин Иван Демидович, Добробабин Иван Евстафьевич пен Кужебергенов Даниил Александрович тірілердің қатарынан табылды. Масқара болғанда бұлардың ішінде «Кеңес Одағының батыры» атанған Добробабин Иван Евстафьевич сатқын болып шықты. Харьков гарнизоны Әскери прокуратурасы жүргізген тергеу материалдары оның 1942 жылдың көктемінде немістерге өз еркімен беріліп, қызмет еткенін анықтаған. Немістер уақытша оккупациялаған Харьков облысы Вальков ауданы Перекоп селосында полиция бастығы болып істеген. 1947 жылы қараша айында Добобабин қамауға алынып, сотталды.

1942 жылдың мамыр айында Батыс майданның айырықша бөлімі немістерге өз еркімен берілгені үшін 8-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы 1075 полкі 2-батальоны 4-ротасының жауынгері Кужебергенов Даниил Александровичті тұтқынға алды. Ол өзінің 1941 жылы Дубосеково түбіндегі шайқасқа қатыспағандығын, «қатысқан ерліктерін» газеттен алғандығын айтып берген. Ал журналист Ю.А.Кривицкийдің өзі ресми түсініктемесінде 28-панфиловшының ерлігі өзінің журналистік қиялынан туғандығын жасырмай айтып берген.

1075 полктің бұрынғы командирі Капров Илья Васильевич болса Дубосеково разьезді түбінде 1941 жылы 16-қарашада неміс танкілерімен ешқандай соғыс болмағандығын, бұл оқиғаның түгелімен ойдан шығарылғандығын көлденең тартқан. Аумағында Дубосеково селосы бар Нелидов селолық советінің төрайымы Н. Смирнова 1942 жылдың ақпан айының басында үш жауынгердің денесін, қар ери бастаған соң наурыз айында тағы үш жауынгер денесін (оның бірі солдаттар таныған политрук Клочков денесі) тауып жерлеген. Басқа өлген совет жауынгерлерінің денесі болмаған.

Клочков «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөзді айтпаған. Ол сөзді Клочковтың аузына журналист Ю.Кривицкий салған болып шықты. Кей деректерде ол сөзді айтқан Бауыржан Момышұлы делініп жүр. Осындай деректер «28 панфиловшы» ерлігі ойдан шығарылған аңыз екендігін талассыз дәлелдейді. Ал журналист қиялынан туған қаһармандықты әспеттеудің бүгінгі таңда қандай қисыны бар?!
Архивтік құжаттардан да 28 панфиловшының «ерлігін» дәлелдейтін бірде бір құжат табылмаған.

Қазақта «өтірігіңе берекет берсін» деген сөз болушы еді. Қазақстан мен Ресей мәдениет министрліктері 150 миллион рубль (бұл шамамен 750 миллион теңге) қаржыға түсірткен «өтірік» фильм берекет табар ма екен?!

Марат Тоқашбаевтың фейсбуктегі жазбасынан