15 там, 2019 сағат 09:27

Жалған бухгалтерлік құжаттар жасаумен айналысқан топ қылмысы әшкереленді

Павлодар облыстық экономикалық тергеу департаменті салық төлеуден жалтару мақсатында жалған заңды тұлғалардың атынан бухгалтерлік құжаттар жасауды жүзеге асырған ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметіне қарағанда, 2019 жылдың 27 маусымында сағат 12:00 шамасында екінші деңгейлі банк филиалында жалған құрылған ЖШС шоттарынан 7,5 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша қаражатын алу кезінде «А» деген азамат ұсталған. Сол күні фигуранттардың тұрғылықты мекенжайлары мен кеңсе үйжайларын тінту кезінде 9 200 АҚШ доллары, 20 млн теңгеден астам ақша, 11 мөр, заңды тұлғалардың 14 электрондық-цифрлық қолтаңбалары, бухгалтерлік құжаттар және ұйымдастыру техникасы алынды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 2015 жылдан бастап әрекет еткендігі анықталды. 23 жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылған. Бүгінгі таңда ұйымдасқан қылмыстық топқа 32 адамның қатысы бар екендігі белгілі болды. Үшеуі сот санкциясымен қамауға алынды, біреуіне халықаралық іздеу жарияланды. Жалған кәсіпорындардың контрагенттері жалпы сомасы 5,1 млрд теңгеге салық төлеуден жалтарған.

Банктердегі шоттардан жалпы сомасы 4,1 млрд теңгенің көлемінде қолма-қол ақша шешілген», - деп атап өтеді ведомстводан.

Департаменттің нақтылауынша, күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен, оның ішінде шетелде табылған мүліктерді анықтау шаралары жүзеге асырылып жатыр.