01 қаз, 2018 сағат 09:53

Жалған ақпарат таратқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін - ІІМ

Ағымдағы жылдың басынан бері жалған ақпарат таратудың 46 фактісі тіркелді. Мұндай құқық бұзушылық жасағандар ауырлығына байланысты 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылдың басынан бері ішкі істер органдары қасақана жалған ақпарат таратудың 46 фактісін тіркеді. Мұндай құқық бұзушылық үшін оның ауырлығына байланысты айыппұл салудан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген», - деді ресми өкіл.

Осы ретте Алмас Садубаев әлеуметтік желіде тарап, халықтың арасында үлкен алаңдаушылық туындатқан бірқатар хабарламаға тоқталды. Атап айтқанда, бүйректері кесіп алынған екі баланың мүрдесі табылғандығы туралы ақпаратты таратқан адамдар оның суретін де қоса жіберген және Қазақстанда ағзаларын сату үшін балалар  ұрланады деп халықты сендіруге тырысқан. Алайда, дәл  мұндай ақпарат 2013 жылы өзбекстандық  БАҚ-та таралған болатын.

«Білім беру қызметкерлерінің атынан мектептерде белгісіз адамдардың кәдімгі конфет түріндегі «Бүлдірген» деп аталатын есірткі заттарын таратқандығы туралы ақпарат та қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бұл ақпарат та өтірік және ол өткен жылдары әлемнің көптеген елдерінде түрлі тілде тараған болатын. Осыған байланысты мұндай өсектерге ермеуге, тексерілмеген немесе күдік тудыратын ақпараттарды таратпауға шақырамыз. Өйткені, бұл қылмыстық жазалануға алып келеді», - деді ресми өкіл.