27 нау, 2020 сағат 17:47

Жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген қазақстандықтарға әлеуметтік төлем беріле басталды

Жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген қазақстандықтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) ТЖ кезеңінде еңбекақысы сақталмайтын мәжбүрлі еңбек демалысына кетуіне байланысты табысынан айырылған жұмыс істейтін азаматтарға жаңа әлеуметтік төлемдердің алғашқы тағайындауын жасады.

Бір адамға шаққандағы мөлшері айына 42,5 мың теңгені құрайтын әлеуметтік төлемді (ең төменгі жалақы) Алматының екі тұрғыны алды.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ-тан жаңа төлем Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын ҚР азаматтарына келесі шарттарға сәйкес берілетін болады:

- әлеуметтік төлем төтенше жағдай жариялануына байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген (жұмыстан босатылмаған) қызметкерлерге жүзеге асырылады; 

- төлем алу үшін қызметкерлерге (жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар өзі үшін) төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айда МӘСҚ-қа кем дегенде 3 ай бойы жарна аударуы қажет;

- әлеуметтік төлем шағын, орта және микробизнес қызметкерлеріне; жеке кәсіпкерлерге (бұдан әрі – ЖК); жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); БЖТ төлеушілеріне қолданылады.

Жаңа әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жұмыс берушілер (ЖК, жеке практикамен айналысатын адамдар және БЖТ төлеушілер өз бетінше жүгінеді) «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органға ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты олардың қызметкерлерінің кірісінің жоғалуын растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлердің жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтан үзінді көшірмені қоса бере отырып өтініш беруі қажет.

Жұмыс берушілердің (ЖК және басқа санаттағы) өтінімдері негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) штаб әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері МӘСҚ төлем жасайтын қызметкерлердің тізімін дербес қалыптастырады.

Әлеуметтік төлем қызметкерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы кезінде, бірақ төтенше жағдайдың ұзақтығынан аспайтын мерзімде төленеді.