24 шіл, 2017 сағат 13:33

Жақын таласса - жатқа жем немесе Жат ағымның аңдығаны не?

«Байлық, байлық емес, бірлік байлық» деп «бірлікті» ту еткен тәуелсіз елміз. Тарихымызды таразыласақ, шынайы көңілмен босағамызды аттаған әрбір бейтанысты құшақ жая қарсы алатын тектілікке иеміз. Оның үстіне жақсы ниетпен келгенге опасыздық жасаған жеріміз жоқ. Қанымызда бар осындай құндылықтар тәуелсіз Қазақстанды саясат сахнасында үлкен абыройға бөледі. Қазір елімізді әлем демократиялық дамушы мемлекет ретінде таниды. Танып қана қойған жоқ, Ұлы Дала елін төрткүл  тарап түгел құрметтейді. Осының барлығы ел бірлігінің жемісі.

Қай уақытта болмасын бейбітшілік пен тыныштықты  сақтаудың мәні зор. Бір үзім нан үшін босқынға айналған елдердің өмірінен сабақ алсақ, ел тыныштығы мен тәуелсіздігімізден құнды байлық жоқ екеніне көзіміз жете түседі. Бүгінде әлем экономикалық қана емес, рухани дағдарысқа да ұшыраған. Діни дүрдараздықтар мен ұлтаралық жанжалдар дөңгеленген дүниені әлі де жағадан алып тұр. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, адамзатқа ізгілікті насихаттау қажет.

Қaзaқ eлi aдaмгершілік құндылықтaрды қaшaн дa алдыңғы oрынғa қoйғaн. Ар-ұят, нaмыс, aбырoй секілді қасиеттер бaсты құндылық бoлып сaнaлғандықтан, қaзaқ «мaлым – жaнымның сaдaғaсы, жaным – aрымның сaдaғaсы» дeп есептеген. Сондықтан, адaм бoлмысындaғы aбырoй-нaмысқa қoрғaн бoлaтын күш – әдiлдiк, aдaмгeршiлiк, имaндылық дeп әлдеқашан тaнығaнбыз.

Ал енді дін мәселесіне келер болсақ дінсіз адам кездескенімен, діни сенімдері жоқ қандай да бір қауым немесе қоғам болған емес. Себебі дін – рухани мәдениеттің қайнар көзі. Мәдениеттердің бір-біріне деген игі әсері, өзара тоғысуы және имандылық пен парасаттылық, тектілік пен зиялылық арқылы мәдениеттер байып өркендейді. Осы арқылы адамзат өркениеттерінің өзара үйлесімі қалыптасады. Атақты философ Анри Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды» деген екен.

Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын  Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай тәсілі елімізде мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына жағдай жасап отырған заманауи көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстанның үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.

  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев халыққа есеп беру жиынында келтірген мәліметтеріне сүйенсек  қазіргі күнде елімізде 18 конфессия тіркеліп, 3 658 бірлестікке біріккен. Қазақстандықтардың 15% пайызы діндар, яғни діни рәсімдерді тұрақты орындаушы адамдар. Республика азаматтарының 75%-ы Құдайға сенеді, бірақ діни жоралғыларды тұрақты орындамайды және діни бірлестіктер қызметіне тартылмаған. Ал өздерін атеист немесе агностик санаушылар саны – шамамен 10% екендігін айтқан болатын.

Дегенмен бүгінгі күні қоғамды алаңдатып, «мәселе» туындатып отырған жат ағымдар аз  емес. Кейбір келеңсіз істер қоғамдық мәселелерді өршітіп отыр. Бөліну де, өзге дінге ену де, жат ағымға тұсалғандар  да таңсық ұғым болып тұрған жоқ! Халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан сәләфизм идеологиясы көбінесе жастар арасында белең алып отыр. Бұл топ өздерін алғашқылардың жолын жалғаушы «сәләфилер» деп атаса да, уақыт өте келе уахабилік көзқарастағылардың жалғасы екендігі анық байқалып қалды. Осындай парықсыз ойлардың салдарынан еліміздегі мешіттерде сәләфизммен санасы уланғандардың тарапынан кейбір келіспеушіліктер де туындап жатыр. Қазіргі таңда жаһандану саясаты әлемдік деңгейде жүріп жатқаны секілді сәләфизм де ел ішін жаппай жаулап отырған дерт. Ұлттар мен халықтардың негізгі құндылықтарын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін жою мақсатында «бидғат» деген ұғымды кесе-көлденең қолдана береді. Мәселен, көзі қарақты жұртшылықты бүгінгі қоғамда бой көрсетіп жүрген салафизм идеологиясын ұстанушылардың мешіттегі өзін-өзі ұстауы ойландырмай қоймайды. Олар Жаратқанға бас иіп жалбарынуды мешіт жамағатының алдында талтайып, көкірегін керіп тәкаппарланып тұру деп түсінетін тәрізді... Мұны дін мамандары әдепсіздікке жатқызады. Сондықтан, олардың артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде үздіксіз жұмыс жүргізу керек. Қазіргі жат діндердің соңында кеткен бауырларымыз адасушылықта. Олардың дені бүгінгісін ғана ойлап, ақиқаттан шеттегендер.

Осы орайда дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы уәкілетті орган ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын негізгі екі бағытта – жалпы профилактика және мақсатты реабилитация жұмыстары бағытында жүргізуде.

Жалпы профилактика қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді көздейді. Бұл жұмыстар төмендегі міндеттерге бағытталған:

- ел тұрғындарының дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын арттыру, ақпараттандыру және түсіндіру;

- дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тұтастығымызды нығайту;

- радикалды идеялардың таралуының алдын алу және азаматтардың бойында жат діни идеяларға төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру;

- радикалдық идеялардан зардап шеккен азаматтарға кеңес беру және оларды дәстүрлі әлеуметтік ортаға қайтару бағыттарында кешенді жұмыстар атқару.

Ал мақсатты реабилитация жұмыстары тәуекел топтармен, яғни экстремистік ағымдар идеологиясының  ықпалына түскен адамдарды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыстар жүргізу жолға қойылған. Мұндай шаралар азаматтарды нысаналы түрде оңалтуды, оларға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуді, сенімдік тұрғыдан  райынан қайтаруды көздейді.

Халық ішінде кейбір діни мәселелерді қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажырату барысында  шиеленісіп бара жатқан істер бар. Мәселен, бір ақсақалымыз былайша мұң шағатын көрінеді: Кейбір жастар: «Әке-шешеңе Құран бағыштама, олар намаз оқымаса – кәпір болғаны», - дейді. Сонда, баламды мешітке жіберейін бе, әлде, көшеге жіберейін бе?» дейді.  Ащы да болса, шындық. Жастардың ислам шариғатында жоқ нәрселерді бойға тез-ақ сіңіріп бара жатқандығы сұмдық! Мұхаммед пайғамбар: «Сендерге бірге болу – міндет», - деу арқылы  дүниеден өтерінде үмметін бөлінуден барынша сақтандырған екен. Радикалдардың шырғалаңына түскен қаракөздеріміз рухани әрі психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан, алдымен олардың діни сауаттылығын, зайырлы кәсіби білімін жетілдіріп, патриоттық әрі ұлттық санасын жандандыруға көңіл бөлген жөн.

Қазақ қазақ болғалы дәстүрімен, қонақжайлылығымен, кеңпейілділігімен дархан халық атанған ел. Ағаш бесіктен жер бесікке дейінгі өмірін, салт-дәстүрлерін дәстүрлі діннен бөліп алу мүмкін емес.  Мәселен, шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той... Иә, мұны жақсы білеміз.

«Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,

Дос келді деп жасап жатыр анық той.

Тұңғыш рет көріп тұрсың сен оны,

Нағыз қазақ міне осы танып қой», - деп келетін ақын өлеңінде де қазақ халқының сол дархандығы өрілсе керек. Ал, енді жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру – халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі. Беташардың негізгі өткізілу мақсаты қыздың жаңа жанұяға келіп, қызметінің өзгергенін білдіреді. Қыз күнінде жасаған қылықтарын тастап, әдепті келін болу керектігі жөнінде өсиет осы тұста айтылады. Ата-енеге құрмет пен ізеттілік таныту, туған-туыстары келгенде қабақ шытпай, қадірлеуі тереңірек түсіндіріледі. Тіпті, келіннің екі қолын сүйеген абысындарының өзі алғашқы сәттен бастап-ақ үлгі көрсете алады. Иә, келінге сәлем салдыру салтының астарында үлкен мән-мағына жатқандығы даусыз. Беташардың тамаша өнегемен астасуы осыған дәлел бола алады.

Десе де, бүгінде түсініксіз тыйымдар көбейіп кетті. Соның бірі кей бауырларымыздың келіннің сәлем салуы төңірегіндегі дау-дамай. Қазақ: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет»,-деп, ұл-қызын төл тәрбиемен өсірген ел емес пе?  Бүкіл ел-жұрт болып келінге сәлем салдыра алмау немесе бір ғана қиқар ұлдың кесірінен беташарды болдырмау бұрын соңды болмаған нәрсе. Дінге қайшы келмейтін, қайта адамдар арасында сыйластықты арттырып, туысқандық байланысты нығайтатын, үлкенді сыйлауға үйрететін мұндай әдептіліктің бастаулары бүгінгі таңда ел ішінде өршіген іріткіге айналуы мүмкін емес.  Міне, осылайша кей ағайындардың арасында ілімсіздіктің салдарынан түсініспеушілік орын алып, дінімізде жоқ нәрселерді ойлап табу белең алуда. Сол себепті де, дінге бет бұрушы бауырларымыз Аллаға серік қосудың түрлерін мұндай дәстүрлерден іздемей, көрінгеннің айтқанына ермей, діни ілім алып барып ақиқатты түсінгені жақсы болар еді. Бізден бұрынғы ата-бабаларымыз: «Дінім – дәстүрім», - деп, дін мен дәстүр сабақтастығын ұштастыра білген.

Мұндай ұлттық мүддеге қарсы күрес әлі де жүргізілетін болса, онда елдің қанға сіңген қазақы құндылықтарының тамырына балта шабылары сөзсіз. Елдің қасиеті мен жердің қадірі қашанда биік тұрады. Қандай да бір ұлттың ерекшелігі жойылатын болса, жері мен байлығы тістегеннің аузында кетпесіне кім кепіл!?

Жат ағым болып табылатын сәләфизм идеясы бойын меңдеген адамның психологиясы өте күрделі. Санасы уланғандығы соншалықты ақты – ақ, қараны – қара деп өз еркімен ажырата алмайтын жағдайға жеткен. Айналасындағы адамдарды мұсылман деп қабылдай тұра, ата-анасын, туыстарын адасқан, тозақы деп таниды. Тұла бойындағы тұмшаланған көзқарас оны адами болмысынан айырып, мейірім мен жанашырлықтан жұрдай етеді. Мұндай қадамдардан кейін қатігездікке де баруы ықтимал.

Ғұлама ойшыл Шәкәрім «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» деген өлеңінде: 

«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп дұспандық қару жасар.

«Інжіл», «Құран» бәрі айтып тұрса-дағы,

Адасып, ардан күсіп, қара басар», - дегені бекер емес.

«Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады...», - деп Мағжан ақын жырлағандай, бүгінгі толқынды жаман әрекеттерден арашалау үшін мемлекет тарапынан барынша күш жұмсалып жатқандығы шындық. Біз де арам ниеттілерден сезіктенгендіктен қарлығаштың қанатымен су сепкендей басайық деген ниеттеміз. Тек жастарымыз жат ағымдардың тұзағына түспесін. Жігерлері мұқалмасын, туралықта болсын деп әрекет етейік. Жат ағымдағылардың да аңдығаны – тату елдің тірлігі. Ел ішіне іріткі салып, бүлік тудырып, бірлігі мен тірлігін тоздырып барып, сонда ғана көксеген мақсаттарына жете алады.

Елді арандатуға, ауызбірлік пен тыныштықты бұзуға ниеттілердің қадамына тұсау салатын құзырлы органдар бар. Десе де, «жүкті жұмыла көтерген әлдеқайда жеңіл болар еді», - деген ой. «...Әр қазақ менің жалғызым» деп, бауырларымызды жат ағымдардың шырмауынан қорғап, дәстүрлі ортаға қайтару – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Ендеше Қазақстан азаматтарын алауыздықтың әсерінен басынан бағы тайып, соғыс өртіне оранған алыс-жақын елдердің бүгінінен сабақ алып, өз елімізде берік орныққан тыныштық пен келісімді, бірлікті қадірлеуге шақыруымыз керек. Біз түтіні түзу шығатын қуатты ел болуымыз  үшін ғылымға, білімге, жаңашылдыққа жақын болып, еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығын әр кезде басты орынға қоюымыз қажет деп білемін. «Жақын таласса – жатқа жем» деген бар. Жатқа жем болып кетпей, бірлігімізге бекем болайық, ағайын!

Тұрар Әбуов,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам

министрлігі Дін мәселелерін

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының бөлім басшысы

Ұлт порталы