28 нау, 2018 сағат 12:44

Жақсылық Үшкемпіров туралы фильмге кастинг жарияланды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Жеңімпаз» атты толықметражды көркем фильмнің өндірісін бастағалы отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Картина Кеңес одағының классикалық күресшісі, әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1980), Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы - Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі туралы баяндайды. Фильмнің режиссерлері - Бақыт Қайырбеков пен Алексей Каменский.


«Қазақфильм» киностудиясы аталған жобаға басты және эпизодтағы рөлдердегі актерлер кастингін жариялайды. Талап бойынша, аталмыш картинаға 5-7 жас аралығындағы ұл балалар (жүзе біліп, атқа міне алуы қажет), 9-15 жас аралығындағы қыз балалар, 15-29 жас аралығындағы арықтау келген жас спортшылар (күресе білуі қажет), 30 дан 60 жасқа дейінгі спортшы ер адамдар (күресе білу қажет), 18-22 жас аралығындағы студент қыздар мен 20 дан 60 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер керек.


«Кастингке қазақ тілін меңгерген барлық ұлт өкілдерін шақырамыз. Барлық үміткерлер өздері туралы анкеталық ақпаратты (аты-жөні, жасы, бойы, салмағы, кинодағы тәжірибесі, байланыс телефондары) толтырып, сондай-ақ, фотоға түсіп (тұла бойы, ірі планда анфас және ірі планда профиль) e-mail: mergen_kasting_kz@mail.ru электронды поштасына жіберулері қажет», - делінген хабарламада.

Түсірілім тобының талаптарына сәйкес келген үміткермен кастинг-директор  өзі хабарласып, актерлік сынаққа шақырады.