08 сәу, 2020 сағат 15:22

Жәкішев: Түрмеден шыққан соң анамның қабіріне бардым

8 сәуірде "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі, жақында түрмеден шыққан Мұхтар Жәкішев Facebook-та тікелей эфирге шығып, қолданушылардың сұрақтарына жауап берді. Ол бостандықтағы алғашқы бірнеше аптаның қалай өткенін айтып, әсерімен бөлісті, деп жазады Азаттық.

Эфир басында түрмеде отырған кезде өзін қолдаған азаматтарға алғыс айтып, келген хаттар "сүзгіден өткендіктен" жауап беруге мүмкіндігі болмағанын жеткізді.

11 жылдан кейін бірінші рет отбасымен қауышқан Жәкішев балаларының "өз пікірі қалыптасқан ересек азамат" болғанын көріп қуанғанын айтты. Бірақ Швейцариядағы үлкен қызын карантинге байланысты көре алмағанын жеткізді.

Ол түрмеден шыққаннан кейін бірінші күні анасының қабіріне барған. 

"Анам әкемнің жанына жерленген екен. Қабір басында бір жарым сағат тұрдым. Өзімді жалғыз қалдырып кетуді сұрадым. Себебі менің айтатыным көп еді. Ата-анам мені еститін шығар деп үміттенемін" деді Жәкішев эфир кезінде. 

2018 жылы қыркүйек айында Жәкішевтің анасы ауыр сырқаттанып, көз жұмған болатын. Түрмеде болған Жәкішевке қылмыстық атқару жүйесі комитеті анасының жерлеу рәсіміне қатысуына рұқсат бермеген. 

8 сәуірде тікелей эфир кезінде Жәкішев карантинге байланысты толық медициналық тексеруден өте алмағанын, карантиннің аяқталуын күтіп жүргенін айтты. 

"Дәрігерлер растаса, ауруды жеңем деген үлкен үмітім бар. Егер айықсам, алдағы уақытта өзімді маманымын деп есептейтін және қызығатын сала - жұмыс орындары мен кәсіпорын ашуға күш саламын" деді ол.

Ол ел экономикасына байланысты сұрақтарға терең жауап бере алмайтынын, себебі қолында ақпараты жоғын және бар ақпаратты сараптап үлгермегенін жеткізді. 

"Күніне екі сағаттан артық жұмыс істесем, қан қысымым көтеріліп кетеді" деді Жәкішев.

Алдағы жоспары туралы сұраққа "бәрі денсаулығыма байланысты" деп жауап берді. Ол алдағы уақытта осылайша тікелей эфирге шығып тұруы мүмкін екенін айтты.

Тікелей эфир кезінде Жәкішев атом энергетикасы, карантин, ғаламдық дағдарыс сияқты мәселелерді шолып өтті. 

Айта кетейік, 19 наурызда "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шыққан еді.  

2009 жылы Қазақстан соты Мұхтар Жәкішевті жемқорлық қылмысын жасаған деген айыппен 14 жылға түрмеге қамауға үкім еткен.