24 мам, 2017 сағат 13:39

Жабал Ерғалиев: Жазушылардың қаламақысы екі есе өседі

Сенатор Жабал Ерғалиевтің айтуынша, осы айдың басында қабылданған жаңа заңның аясында жазушылардың қаламақысы көтеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Әдебиет саласында жазушыларға жасалып отырған үлкен бір қамқорлық, бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптің тарылымы екі мың дана  ғана болатын. Енді, кітаптың тиражы бес мыңға жететін болды. Сөз жоқ, осының нәтижесінде  жазушыларға төленетін қаламақы да өседі. Бұл мәселеде Қазақстан Жазушылары одағының басшысы Нұрлан Оразалиннің үлкен еңбегін ерекше атап өту керек. Сенатор болған аз ғана уақыттың ішінде ол келген күннен бастап Мәжілісте болсын, Үкімет сағатында болсын, жазушылардың жағдайын, олардың қаламақы мәселесін айтумен болды. Осының нәтижесінде тиісті заң қабылданды. Біз соған шын жүректен қуанамыз", - деді Ерғалиев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, ағымдағы жылы 5 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Аталған құжатта театр өнері, музей, баспа ісі, кино және тағы басқа мәдениет саласының өзекті мәселелері қамтылған.