02 жел, 2020 сағат 09:48

Заң жобасына «нотариаттық құпия» ұғымы енгізілді - Мәжіліс

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы ҚР Парламенті депутаттарының бастамасымен нотариат саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. 

«Түзетулердің бірінші блогы нотариат жұмысындағы цифрлық технологияларға арналған. Нотариаттық қызметті одан әрі циярландыру – жасалатын іс-қимылдардың жеделдігін, ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, нотариаттық құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді. Бұл үшін электрондық нотариаттың жекелеген ерекшеліктерін заңнамалық реттеу қажет», - деді Мәжіліс депутаты Балаим Кесебаева. 

Оның айтуынша, заң жобасында «нотариаттық құпия» ұғымы енгізіледі. Нотариаттық құпия - нотариаттық қызметтің негізгі принциптерінің бірі және кепілі болып саналады.

«Тәртіптік іс жүргізуді объективті және жан-жақты қарау мақсатында шағымдарды республикалық деңгейде қарайтын Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясын құру заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Заң жобасында электронды құжаттың қағаз жеткізгіштегі құжатпен тең мәнділігін куәландыру және қағаз түріндегі құжаттың электронды құжатпен тең мәнділігін куәландыру сияқты екі жаңа нотариаттық іс-әрекет енгізіледі», - деді депутат.