13 шіл, 2018 сағат 15:57

Заманның озығы болу үшін қажетті дағдылар

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мақалдың маңыздылығы цифрлық дәуірдің адамына жақсы нұсқау болатын сияқты. Зымырап дамып жатқан технологияларды қуып жету үшін ақыл мен ойдың жүйріктігі, сананың икемділігі қажет. Цифрлық дағдыларың болмаса – көштің соңында қалу әбден мүмкін. Бұл қағиданың жеке адамға да, жалпы мемлекетке де қатысы бар. Азаматтарының бәрі цифрлық дағдыларды жоғары деңгейде меңгерсе – ол мемлекеттің цифрлық экономикасының даму кепілі. Осыған орай, Қазақстан халықының цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында, базалық цифрлық сауаттандыру курстары қолға алынды.

XXI ғасырда кез келген адам электроникамен жұмыс жасай алу қажет. Атап айтсақ, мессенджермен хат алмасу, онлайн төлемдер, мемлекеттік қызметтер, сол сияқты тағы басқа заманауи электронды қызметтер әр адамның өмірінің бір бөлігіне айналуда. Өйткені, бұл өте тиімді әрі уақытымызды үнемдеуге оң септігін тигізеді.  

Цифрлық сауаттылық – бұл Интернет мүмкіндіктерін жан-жақты және сауатты пайдалана білу. Оның ішіне тек тінтуірді дұрыс қозғау ғана кірмейді, сондай-ақ, керекті ақпараттарды дұрыс іздеп, оң бағамызды беріп, кибер қауіптерінен сақтана білуіміз қажет.

Жаһанды өзіне қаратып отырған еуропалық аналитиктердің көзқарасы бойынша, цифрлық біліктілік – бұл тек IT, не экономика саласының ғана сұрағы емес, жалпы әлеуметтік проблема болып отыр.

Осы орайда, 2018 жылдың 1-маусымынан бастап қазақстандықтардың  цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы курстар ашылды. Курсқа қатысушылар электрондық үкімет қызметін, интернет-дүкендермен жұмыс жасау секілді басқа да электронды ресурстарды қолдануды үйренуде.

Курстың басталған күнінен екі аптаның ішінде 150 мыңнан астам адам цифрлық дағдыларды меңгерген. Оның ішінде 60 мыңы мұғалімдер және Жамбыл облысының студенттері.

Цифрландыру бойынша елімізде 2,5 мыңнан астам мекемеде курс өтуде.  Мысалы,  Ақмола облысынан 497 мектептер пен мекемелер жұмыс жасауда. Жарты айдың ішінде 50 мың адам, оның ішінде мұғалімдер, мектеп оқушылары, мекеме қызметкерлері және зейнеткерлер цифрлық біліктілігін арттырып үлгерді.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысты білім алушылардың  ой-пікірлері оңды. Олардың айтуы бойынша бұл курсқа қатысу барысында біраз цифрлық біліктіліктерін арттырып, көптеген сайттар мен порталдарда жұмыс жасауды меңгерген.

«Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы көңілімнен шығады. Жұмыс орынынан осындай мүмкіндік беріп, тегін курсқа қатысудамыз. Курс туралы естігенде жас болсам да алғашқылардың бірі болып жазылдым. Компьютерден бейхабар емеспін, алайда есіме түсірсем соңғы рет студент кезімде бұдан 12 жыл бұрын ғана белсенді қолданған екенмін. Бүгінгі таңда күнделікті интернет арқылы тапсырыс беруді жетік меңгерудемін, Word-та, Exel-де жұмыс жасаудың қыр-сырымен танысудамын», – дейді Асет Аубакиров (29 жаста, электрик-техник).

«Өзім шығармашылық адамы болғандықтан көп компьютерге көңіл бөле бермеймін, тек мобильді қосымшаларды ғана күнделікті қолданамын. Міне бүгін өзімнің компьютерлік сауаттылығымды арттыруға тамаша мүмкіндік туып отыр. Жұмыс барысында қолданбасам да керек дүние. Оқытушылардың көмегімен тез әрі жеңіл меңгерудемін. Біраз нәрсені үйрендім. Көбіне пошта қызметі мен eGov порталында жұмыс жасауды үйренудемін. Себебі, бөлімшелерге барып, кезекте тұру көп уақытты талап етеді», – деп бөлісті Шара (23 жаста, хореограф).

«Қазіргі заманда цифрлық технологиялар өмірімізде денсаулықтан кейінгі орында тұр десем қателеспейтін болармын. Осы цифрлық заманда ағыммен жүру үшін мемлекетіміз осындай мүмкіндік беріп отырғанда неге үйреніп, цифрлық сауатсыздықты жойып, заман талабына сай өмір сүрмеске. Бұрын бағдарламаларды тіпті атын білмейтін де едік, кім біліпті «Word» деген біреудің тегі ме, әлде не екенін. Міне, қазір біршама білгімді арттырдым. Бұрын немереме, қарындасыма коммуналдық төлемдерімді, несиелерімді төлетіп уақытын алатынмын, ал қазір ақырындап тіпті түрлі билетті де өзім онлайн алатын болдым. Осындай күнделікті тіршілік үшін қажетті дүние компьтермен жұмыс жасауды үйреніп жүрген жайым бар», – деп, өз әсермен Тілеубек есімді курс оқушысы бөлісті (52 жаста, дзюдо жаттықтырушысы).

Курс жүргізуші мамандардың айтуы бойынша осы жолғы курсқа қатысушылар мәдениет және спорт саласы қызметкерлері. Оқытушы уақытты үнемді пайдаланып, ең басты базалық білім беру екенігін айтты. Оның ішінде қатысушылар Google, Youtube және eGov порталының қызметтерін,  тіпті Word, Exel сияқты қарапайым бағдарламаларды меңгеру үстінде.        

«Шектеулі уақыт ішінде компьютермен жұмыс жасаудың бастапқы деңгейін үйрету қиындық тудырады. Әрине, компьютердің барлық функцияларын меңгеруге 1-2 күн аздық етеді. Әйтсе де уақытты барынша тиімді пайдаланып, курсқа қатысушыларға нәтижелі ақпарат берудеміз. Дәл қазір білім алушылар мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлер. Шығармашылық адамдары болғандықтан олар компьютерден өте алыс жүреді. Араларында тіпті компьютердің алдына отырмаған азаматтар да бар. Курсқа қатысушылардың дені актерлер, тренерлер және жас ерекшеліктері де әр түрлі. Жастар жағы көбіне Word, Exel бағдарламаларымен жұмыс жасауды үйренгісі келеді, ал 40-тан жоғары жастағылар интернет арқылы коммуналдық төлемдерін, несиелерін төлеуді, eGov порталының қызметтерімен танысып, онлайн режимде ЭЦП арқылы анықтамалар алуды үйренуге құлшыныстары жоғары. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барымызша цифрлық сауаттылықты азаматтарға үйретудеміз», – деді Гүлназ Бақытжанқызы, (курс оқытушысы) Астана қаласындағы «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК-ның информатика және арнайы пәндер оқытушысы.

Естеріңізге сала кетейік, 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында тегін курстар жұмысын бастап кеткен болатын. Әрбір курсқа қатысушы өзінің цифрлық біліктілігін бір немесе төрт сандық ептілікте біліктілігін тегін арттыра алады. Атап айтсақ:

  1.  «Базалық цифрлы біліктілік» бойынша персоналды компьютерді және ноутбукті, мобильдік құрылғыларды, Интернет желісін, сондай-ақ, деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуын жетік біле алады;
  2.  «Электрондық үкімет пен электрондық мемлекеттік қызметтер» бойынша адамдар үйден шықпай қажетті мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу  біліктілігін арттырады;
  3. «Ашық үкімет» бойыншы біліктіліктің төрт түрлі компонентін қолдануға болады. Олар: ашық деректер, ашық нормативті-құқықтық актілер, ашық диалог пен бюджеттер;
  4. «Электрондық сауда» блогында онлайн сатып алу, сату, тауарларды көтермелеу тәрізді біліктіліктерді жүзеге асырады;

Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумында әлемнің жаһандық тренді цифрландыру барлық аспектілердің қызметі екендігін атап өткен болатын. Президент халықтың цифрлық сауаттылығы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының арқасында  85%-ға артатындығын айтты.

Қазақстанның барлық аймақтарында (аудан орталықтары, ауылдар) цифрлы сауаттылық бойынша курстар мектеп және кітапхана мекемелерінде жүріп жатыр. Қазақстанның кез келген аймағы бойынша 1414 нөмірінен курстың өтетін орны мен күні туралы ақпаратты біле аласыздар (қоңырау шалу тегін).