12 қыр, 2019 сағат 14:53

Закир Сафиуллин әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетті

Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық тағы бір былғары қолғап шебері Закир Сафиуллин алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Закир Сафиуллин 63 келі салмақта сынға түсті. Шаршы алаңда ол әзербайжан жігіті Бахтияр Газибаевтан басымдық танытты. 

Қазақстандық боксшы 1986 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бүгінгі күнге дейін Азия чемпионатында 2015 және 2019 жылдары күміс жүлдегер атанды. Ал 2015 жылы әлем чемпионатында жарыстың алғашқы сатысынан аса алған жоқ. 

Ресейдегі әлем чемпионатында бұған дейін 81 келі салмақта қазақстандық тағы бір боксшы Бекзат Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткен болатын. 

Қазақстан боксшылары әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Бүгінгі күнге дейін олар барлығы 40 медальге қол жеткізді. Олардың 11-і алтын, 12-і күміс және 17-і қола.

Биылғы әлем чемпионатында қазақстандық құрама сапында сегіз саңлағымыз шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (48 келі), Қайрат Ерәлиев (57 келі), Закир Сафиуллин (63 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) бар.