12 ақп, 2019 сағат 19:25

Юрий Ильин: Қатаң сөгіс - объективті

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Үкімет басшысының бүгінгі сынының әділ болғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жазаға қатысты айтар болсам, кез келген мемлекеттік қызметшінің немесе погон тағып жүрген адамның басшылық шешіміне сын айтуға құқы жоқ. Алған ескертуіміз бен қатаң сөгісіміз объективті деп санаймын. Соған сай шаралар қабылданатын болады. Әрине, бағыныштыларды жазалау емес, қайта алдағы уақытта мұндай оқиғаларға жол бермеу, оны одан ары төмендету тетіктерін әзірлеу тұрғысында», - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол төтенше жағдайлар қызметкерлеріне бағаны халық та беретіндігін баса айтты.

«Бағаны бізге тек қызметкерлер ғана емес, халық та береді деп ойлаймын. Жұмыстардың басым бөлігін қатардағы қызметкерлер атқаратындығын барлық жауапкершілікпен айта аламын. Біз тіркеп отыратын құтқарылған өмір саны - бұл көмек көрсеткен адамдардың ең жоғары бағасы», - деді Ю.Ильин.

Естеріңізге сала кетсек,  бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау жөніндегі ұсынысты Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырған болатын.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге  және Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа  қатаң сөгіс жариялады. Ал Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатты.