16 нау, 2018 сағат 15:17

ЮНЕСКО Наурыз мейрамын атап өтті

ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Парижде Наурыз мейрамына арналған таныстырылымға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріндегі іс-шараны Ауғанстан, Әзербайжан, Ирак, Иран, Қазақстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркияның делегациялары бірлесе өткізді. Оған дипломатиялық, саяси және іскерлік топтардың, өнер, ғылым және білім беру салаларының, Наурызды тойлайтын елдердің Франциядағы диаспораларының танымал өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөйлеген ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Гетачев Энгида баршаны келе жатқан мейраммен құттықтап, 2016 жылы 12 мемлекеттің ұсынымымен Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі Адамзаттың материалдық емес мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілгенін ерекше атап өтті.

«Ежелден келе жатқан көктем мен жаңарудың осы жарқын мерекесі барлық халықтарға жақын бейбітшілік пен адам және табиғат арасындағы үйлесімділіктің құндылықтарын насихаттайды», - деді ол.


Жиналған қонақтарға арналып қасиетті домбырада күй шертілді. Ұлттық аспабымызда күй орындау өнері де 2014 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне енгізілген болатын. Отандасымыз Әлиби Байтоқаның орындауында Құрманғазының «Балбырауын» және Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» сияқты тамаша шығармалары орындалды.

Сонымен қатар, таныстырылым барысында әрбір делегация өзінің ұлттық тағамдарын ұсынды. Қазақ дастарханымен танысқан қонақтар наурыз көже, қазы, жая, мәнті, самса, бауырсақ, құрт, жент пен ірімшіктен дәм татты.

Презентацияға жиналғандар мәдениет, ғылым және білім беру саласындағы іргелі халықаралық ұйымның бас пәтерінде, әлемнің жетекші мәдени орталықтарының бірінде Наурызды атап өту көктем мен рухани жаңғыруымыздың осындай тамаша мейрамын тойлайтын Қазақстанның және басқа да көршілес елдердің бай мұрасын насихаттауға тамаша мүмкіндік болғанын атап өтті.