17 қаз, 2017 сағат 21:18

ЮНЕСКО-да Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының тұсаукесері өтті

Бүгін Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Алғаш рет жоғары деңгейдегі халықаралық шарада Қазақстанның мәдени жетістіктері, тарихы мен салт-дәстүрі таныстырылды. Сондай-ақ ғалымдар және сарапшылардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қазақстанның Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жүзеге асырылу барысын баяндады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның орталық залында Қазақстанның мәдени және фото көрмесі ашылды. Онда еліміздің табиғаты, мәдениеті және салт-дәстүрімен танысуға болады.

Андрей Хазбулатов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры:

- Жоба «Қазақстанның виртуалды картасы» деп аталады. Онда Қазақ елінің 14 облысы ұсынылған. Әр өңірдің тарихи, мәдени маңызды ескерткіштері көрсетіледі. Олардың барлығы 3D форматында суретке түсірілген. Кез келген адам немесе шетелдік турист осы картаға қарап, көрікті жерлермен таныса алады.

Альбер Фишлер, Франция университетінің профессоры:

- Бұл – өте маңызды шара. Қазақстан мен ондағы дәстүрлер жаһандық мәдени ортаға табысты еніп жатыр. Мен Президенттің «Рухани жаңғыру» Мақаласының мәтінін оқып шықтым. Өзім үшін екі бөлімді ерекше белгілеп алдым. Онда білімнің және әлеммен қарым-қатынастың қажеттілігі туралы айтылған.

Сондай-ақ Париждегі Шығыс тілдері және өркениет институтының кітапханасында «Қазақ әдебиеті мен мәдениеті» орталығы ашылды. Бүгін ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде танымал қазақстандық әртістердің қатысуымен «Ұлы дала сазы» атты гала-концерт өтеді.

Айта кету керек, Париж халқы әсіресе Димаш Құдайбергеннің өнер көрсетуін тағатсыздана күтуде.