04 қаң, 2017 сағат 18:26

Ықылас Ожайұлы. Сәләфизмнің дәрісін таптым

Сәләфизмнің дәрісін таптым

Егер де біреу СПИД-тің емін таптым десе не болар еді? Әрине, айтқаны айдай болса, Нобель сыйлығын алған болар еді. Бізге бұл сыйлығыңыз қайдам... «Ауылдағының ауызы сасық» демекші, мұндай марапат бізге қайдан бұйыра қойсын? Мүбәда, мен осы бір ғасыр індетінен салмағы пәленбай есе ауыр болмаса, еш кемдігі жоқ сәлафизм дертінің шипасын таптым. Енді осы хикаяны сіздерге барынша қысқартып айтып бермекке талаптанып көрейін. Бәрімізге де бес саусағымыздай белгілі болса да сәләфизм симптомына тағы да бір тоқтала кетейін.

Сәләфизм індетінің жеңіл түрі:

Бұған ұрынғандар «ықылық» тиген адамдамдай «астафиралла» мен «машалла» сөзін қай жерде қолдану керектігін еш айырмастан беталды қолдана береді. Мәселен, сіз бір адамның дүниеден өткендігі жайында «сол» адамға естіртіп жатсыз делік. Ол оған еш ойланбастан «машалла» десе бұған бола өкпелеудің тіпті де қажеті жоқ.

Сәләфизм індетінің асқынған түрі:

Бұл «жарықтықтар» білімді өз бетімен емес, өздері құлай сенген шейхтарынан тыңдап үйренгендіктен, бұларда жеке көзқарас деген атымен болмайды. Сондықтан да дөп-дөңгелек дүмше келеді.

Бір қызығы, осы жандардың босағасына абайсызда бас сұққан болсаңыз, әлгі әулекілер әйелін жасырып әлекке түседі. Сол кезде мынадай бір ой санаңда сарт ете қалады екен. Осы неменің әйелі бұзық, я болмаса келген қонақтың ниеті нашар ма деген. Әйтпесе, әйелін жасырып несіне әбігерге түседі сонша. Содан кейін қараптан-қарап ашуға бой алдырады екенсің. «Бұл қай ғасыр, ай надандық-ай!» дейсің қапаланып... 

Егер де ерінің жақ жүні үрпиіп балағы қысқарып кетсе, ал әйел затының беті бүркемеленіп, қара жамылған болса, бұл олардың денесінің ғана емес санасының да қысқарып, қара жамылып кеткендігін көрсетеді (Ата-баба танымынан ат тонын ала қашып, қазаққа қатысты бірдеңе десең болғаны «ширк» деп шыға келетіндер де осылардың сапынан ғой). Солай десек те бұл аурудан құлан таза құтылып, сауығып кетудің сара жолы бар.

Арудың шипасы (немесе рецептісі):

Бұл індетке ұрынғандарға төмендегідей кеңес ұсынамыз. Осы шарттар толыққанды сақталғанда ғана сырқаттың сауығып кететіндігіне жүз пайызға кепілдік береміз.

АҚБ мен МЖК дәрісін күн құрғатпай бес уақыттан қолданып отыруы тиіс. Арасында заманауи ДКТ мен ЗЖБ тұнбаларын да тәулігіне төрт реттен тұтынып тұрудың ешқандай да зияны жоқ. Осы індетті барынша ауыздықтауға көмектесетін ем-домның бірі ӘФИ мен ХИСИ препараты. Әсіресе, ХИСИ дәрісін мөлшерінен асырмаған жөн. Неге десеңіз, әсері өте күшті. Егер де адам мұны артық қолданған болса, оның жүрегі көтеріліп басы оңды-солды бұлғақтап өз-өзіне бағынбай кетуі әбден мүмкін. Осыны барынша ескерткіміз келеді. Ал ауырған ағайындар, қабылдаған ем-домдарыңыз қабыл болсын. Жандарыңызға жаратқан шипасын дарытсын дейміз...

АҚБ - Абай Құнанбай баласы,
МЖК - Мәшһүр-Жүсіп Көпеев
ДКТ - Досай Кенжетай
ЗЖБ – Зікірия Жандарбек
ӘФИ - Әл-Фараби
ХИСИ - Хожа Ахмет Иассауи

Ықылас Ожайұлының фэйсбуктағы жазбасынан