09 жел, 2019 сағат 14:29

WADA Ресейді төрт жылға олимпиада мен әлем чемпионатынан шектеуді ұсынды

9 желтоқсанда Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) атқару комитеті Ресейді төрт жылға олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан шектеуді ұсынды.

WADA ұсынысына сай, Ресей осы аралықта халықаралық жарыстар ұйымдастыра алмайды.

«Комитеттің бұл ұсынысы бір ауыздан мақұлданды» деп мәлімдеді WADA.

Ресей антидопинг агенттігінің басшысы Юрий Ганус ресейлік ақпарат агенттіктеріне WADA шешімін растады.

WADA ұсынысына сай, Ресей спортшылары 2020 жылы өтетін Токио жазғы олимпиадасына және 2022 жылғы Пекин қысқы олимпиадасына нейтрал статусында қатысады. Егер спортшы жеңіске жетсе, Ресей әнұраны ойнамайды, ел туы көтерілмейді. Бұдан бөлек, Ресейдің барлық ресми өкілдері мен шенеуніктері жарыстардан шеттетіледі.

WADA шешімі тек ұсыныс, бұл құжатты Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК), FIFA (Бүкіләлемдік футбол федерациясы) және UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) қабылдамауы да мүмкін.

РЕСЕЙ НЕ ҮШІН ЖАЗАЛАНДЫ?

WADA «Ресей билігі 2014 жылғы Сочи олимпиадасында және ел аумағында өткен басқа жарыстарда ресейлік спортшылардың допинг сынамаларын алмастырды» деп айыптайды. Допингке қарсы халықаралық ұйым «Ресей билігі допинг ережелерін бұзуға атсалысты» деп санайды. Мәскеу бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарады.

2016 жылы WADA есеп жариялап, «2014 жылғы Сочи олимпиадасында Ресей спортшылары допинг қолданған, ал ресейлік шенеуніктер оны жасырған» мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Мәскеу антидопинг зертханасының бұрынғы жетекшісі Григорий Родченко Сочи олимпиадасынан кейін АҚШ-қа қашып, сол жақта журналистерге Ресейдің допинг ережесін бұзғаны жайлы сұхбат берген.

Родченко мәлімдемесінде Сочи олимпиадасы кезінде ресейлік спортшыларға допинг бергенін, зертхана қызметкерлері допинг анализдерін «таза» сынамалармен ауыстырғанын айтқан.

Ресей олимпиада комитетінің кеңсесі. Мәскеу, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Ресей олимпиада комитетінің кеңсесі. Мәскеу, 9 желтоқсан 2019 жыл.

WADA кейін Сочи олимпиадасында медаль алған ресейлік 12 спортшының допинг сынамалары қайта ашылғанын, Сочи паралимпиадасына қатысқан ресейлік алты атлеттің допинг анализдерінің алмастырылғанын дәлелдеген.

Кремль бұл деректердің бәрін мойындамаған. Ресей президенті Владимир Путин WADA есебін «қолдан жасалған» деген.

WADA есебінің негізінде Ресей 2016 жылы Риода өткен паралимпиада ойындарынан шеттетілген. Ал 2018 жылғы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өткен қысқы олимпиадаға Ресей спортшы «бейтарап атлет статусында» қатысты.

2018 жылы WADA Мәскеу антидопинг зертханасының допинг сынамаларын деректер базасын тексеріп, «мыңдаған допинг сынамаларының алмастырылғанын» анықтаған. Кремль бұл тексеруге де мардымды жауап бере алмады.

Осы тексерістен кейін WADA Ресейді тағы да төрт жылға олимпиада мен әлем чемпионаттарынан шектеуді ұсынып отыр.