27 қар, 2017 сағат 12:06

Вице-министр Светлана Жақыпова Шымкенттегі әлеуметтік мекеменің жұмысымен танысты

Қазақстанда 2018 жылы енгізілетін жаңа форматтағы әлеуметтік көмек көрсетуге дайындық барысымен танысу үшін өңірге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова келді, деп хабарлайды otyrar.kz тілшісі.

Облыстық әкімдікте өткен мәжілісте осынау мәселе жан-жақты талқыланды. Онда тиісті көмек көрсететін сала қызметкерлері мен мекемелердің әзірлігі пысықталды.

Алдағы жыл әлеуметтік сала қызметкерлері үшін сындарлы жыл болғалы тұр. Жаңартылған жүйеде ұсынылатын әлеуметтік көмек көрсетуге мамандар мен тиісті мекемелер сақадай сай дайын болуы тиіс. Сала басшысының сөзіне сенсек, осынау көмекке мұқтаждар саны келесі жылы 300 мыңға жуықтап отыр. Олардың 74 мыңы шартсыз, 222 мыңы шартты әлеуметтік көмекпен қамтылады деп күтілуде.

Осынау қызметті жүзеге асыру үшін тиісті дайындықтарды қалт жібермей қадағалап отырған сала басшысы мамандардың біліктіктілігін де арттырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын да мықтап қолға алдық деп отыр.

Айта кетейік, биыл күнгейде «Өрлеу» жобасын іске асыру үшін 22 мыңнан аса отбасы шартты ақшалай көмекпен және 27 мың тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Егер былтыр облыстағы осынау жобаға қатысушылардың саны 26 пайызды құраса, биыл жоспарланған көрсеткіш едәуір артқан. Осынау пилоттық жобаны сәтті іске асырған әріптестеріне тәнті болған вице-министр ханым бұл жолы да үлкен сенімін артты.

Атқарылып жатқан жұмыс барысымен етене танысу үшін Светлана Жақыпова әлеуметтік мекемелерді аралып көрді. Солардың бірі — жуырда ғана ашылған Шымкенттегі №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша 110 орынды ғимараты. Мұнда 18 жастан асқан психо-неврологиялық аурулары бар І және ІІ топтағы азаматтар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі.

Осылайша мекемелердегі жүйелі жұмыстарды көзбен көріп қайтқан вице-министр 2018 жылы іске асатын жаңа форматтағы әлеуметтік көмектің көпшілік үшін қолжетімді болатынына көз жеткізіп қайтты.

Ұлт порталы