01 қар, 2019 сағат 13:33

Вице-министр мұғалім үстіне кабинет төбесінің құлап түсу жағдайына қатысты пікір білдірді

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мұғалімнің үстіне төбе тақтайшасы құлап кетіп, ол сабағын өтізе алмаған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мұғалімде бәрі жақсы. Ешқандай қудалау болған емес. Аталған мұғалімді (Дана Көпежанова-авт) сабақты өткізбей қойды деп ешкім жазалаған жоқ. Ешқандай жаза болмайды да. ЖОО-ның, Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы осындай. Жалпы, студенттер үшін де, мұғалімдер үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Сондықтан, мұғалім ешқандай себеп бойынша қудаланбайды», - деді Шолпан Каринова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында.

Білім және ғылым вице-министрі ЖОО оқытушысының ешқандай сөгіс алмағанын хабарлады.

Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің мұғалімінің үстіне кабинет төбесінің шағын бөлігінің құлап кеткені туралы видео тараған болатын. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, оқиғадан кейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің саясаттануы кафедрасының оқытушысы Дана Көпежанова дәрігердің көмегіне жүгінуге зәру болған. Алайда университеттің диспетчерлік қызметы оны «келесі сабақты өткізбеді» деп жазып жіберген көрінеді.

Алайда кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті бұл жағдайға қатысты мұғалімнің жазаланбайтынын хабарлады.