31 шіл, 2018 сағат 14:46

Вице-министр мемлекет халықты тонайды дейтіндерге қарапайым есеппен жауап берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақы шотына ай сайын ең төменгі жалақының 10%-ін аударған азамат мемлекеттен қанша миллион теңге алатынын есептеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жақыпова қарапайым есептеу жүргізіп, зейнетақы қорындағы шотына бір миллион теңге салған азамат зейнет жасына жеткенде, неше еселеп қайтарып алатынын айтты.

"Кейбіреулер мемлекет халықты тонайды, зейнетақы жарнасын төлеуге мәжбүрлейді деп жазып жатыр. Қарапайым математикалық есептеу жүргізейік. Мәселен, азамат келісімшарт бойынша заңды түрде өзінің табысын 1 ең төменгі жалақы шегінде көрсетті делік. Осы ең төменгі жалақының 10%-і 2 824 теңгені құрайды. Ол 30 жыл бойы ай сайын 2 824 теңгеден төлеп, 1 миллион 100 мың теңге жинайды. 63 жасында әлгі азамат зейнетке шығады. Статистика бойынша зейнеттен кейінгі орташа өмір сүру ұзақтығы 17 жылды құрайды. Бірақ қазір біз он жыл деп алайық. Сонда ол он жыл бойы ай сайын 28 824 теңге алып тұрады. Яғни он жылда шамамен үш миллион теңге алады, бір миллион салды, ал мемлекет оған үш миллион қайтарады. Сонда бұл мемлекеттің азаматтарды тонап жатқанын білдіре ме? Бұлай айтпас бұрын, осындай қарапайым есептеу жүргізіп, ойланып көріңіздер", — деді вице-министр.

Жақыпованың айтуынша, базалық зейнетақыдан бөлек, жарна есебінен азаматтың зейнетақы  жинағы ұлғаяды. 

"Яғни, бір миллион салған адам ол ақшаны инвестициялық табыспен бірге алады. Қазір сіздер БЖЗҚ-ның беріп отырған инвестициялық табысы түк емес деп айтасыздар. Бірақ мемлекет барлық азаматты зейнетақымен қамсыздандыруға кепілдік береді – базалық зейнетақы, ынтымақты зейнетақы және аударылған жарналардың инфляция деңгейінде сақталуына мемлекеттік кепіл түрінде. Яғни, инвестициялық табыс қанша болса да, егер ол инфляциядан төмен болса, осы айырмашылықты мемлекет сізге төлейді", — деді вице-министр.