02 ақп, 2017 сағат 23:05

Витас ресми мәлімдеме жасады

Ресейлік атақты әнші Витас отандысымыз Димаш Құдайбергеновтің  "I am a Singer" жобасында "Опера №2" әнін рұқсатсыз орындағанына қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл мәлімдемені ол әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялады.

"Қымбатты достар! Ресми мәлімдеймін: соңғы төрт күнде менің тарапыма әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер тым көп айтыла бастады. Мен шығармашылықтың кез келген үлгісіне һәм жекелей әрбір шығармашылық адамына үлкен құрметпен қарайтынымды айтқым келеді. Сот органдарына жүгінуге немесе сараптама жасауға, бөтеннің мүлкіне таласуға, өзге әртістердің шығармашылық өміріне я өнеріне араласуға бейім адам емеспін. Ешқашан бұлай жасамаймын да", - деп жазды Витас. 

Сонымен қатар, ол кез келген әртістің айналасындағы құқықтар қайшылығы жайлы мәселенің оның белгілі бір елде мүддесін қорғайтын продюсерінің және арнайы компанияның құзыреті екенін айтып отыр.

"Заң бойынша даулар болған, болады да және танымал орындаушыларға қатысты мұндай мәселелердің шығуы - қалыпты жағдай, бірақ бұл жағымсыз пікірге, қақтығысқа, әсіресе қорлауға себеп болмауы керек" деп жазды Витас парақшасында.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын оның продюсері Сергей Пудовкин қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің Қытайдағы "I am a Singer" жобасында Витастың "Опера №2" әнін рұқсатсыз орындағанына наразылық білдірген болатын. Ал мұның алдында Қытайдағы адвокаттар конторасына авторлық құқық ісі бойынша шағым түсірілген де болатын.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергенов 28 қаңтарда Қытайда өтіп жатқан I Am a Singer музыкалық конкурсының екінші кезеңінде де жеңімпаз атанған болатын. Әнші ресейлік атақты Витастың "Опера 2" атты туындысын орындаған еді. 

Ал телешоудың бірінші кезеңінде әнші SOS d'un terrien en détresse әнін француз тілінде орындап, жеңімпаз атанған болатын.