#
#
Дүйсенбі 10/12/2018

Виртуалды "жұлдыздар" көбейіп кетті

  • 08.01.2018
  • 0
  • 1582

Танымалдылығы Инстаграммен өлшенетін жұлдыздар көбейіп кетті. Реалды танымалдылыққа жету қолынан келмейтін адамдардың тірлігі осындай ұсақ-түйектің айналасында өрбитіні бесенеден белгілі.

Аудиторияның ауанын дөп баса білетін мұндай жұлдыздар өз дегеніне оңай жетеді. Таза тұтынушылар ұрпағы қалыптасып үлгерген мына заманда олар әлі талай жерге шабатыны белгілі болып отыр. Дей тұрғанмен, ең басты трагедия сол жұлдыздардың виртуалды танымалдылыққа малданып жүргенінде жатыр. Ондай жұлдыздарды қазір біздің топастана бастаған «тв» жарнамалаудан жалықпайтын болды. Сондықтан да бұл үрдіске үрейлене қарамау мүмкін емес. Себебі, құндылықтардың орнын алмастыру дәуірі тікелей осы құбыжық құбылыстың астарында тығылып тұр. Жастар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кім екенін білмейтін халге жетті. Есесіне Динара Сәтжанды аузынан тастамайтын ұрпақ өсіп-жетілді. 

Виртуалды танымалдылыққа қол жеткізу аса қиын шаруа емес. Техника керек. Басқа не керек?! Ештеңе! Ал, реалды танымалдылыққа жету кез келгеннің қолынан келмейді. Ең құрығанда Дулат Исабековтің талантынсыз танымал болуың мүмкін емес. Дәл осы жерде Үлкен өнер мен Бұқаралық өнер көз алдыма қатар келеді. Айырмашылығы Жер мен Көктей осы екі өнердің бүгінгі таңда соңғысының асығы алшысынан тұрып тұрғаны көңілге кірбің түсірмей қоймайды. Бұқаралық өнердің бағы жанып тұрғаны да біздің қоғамның марғаулығынан екенін мойындамай тағы тұра алмайсың. Үлкен өнердің тасада қалғанына қарның ашады. Неге? Негесі сол, Бұқаралық өнердің пешенесіне Мәңгілік болу тәлейі ешқашан бұйырмаған. Ондай өнер белгілі бір уақыттың еншісінде жұтылып қалатын қасаң өнер екенін өмір талай дәлелдеп берген. 

Халықтың ұлылығы бұқаралық өнермен емес, Үлкен өнермен өлшенеді. Есі бар Халық қашанда Үлкен өнерін жоқтауы тиіс. Болашағын ойлайтын Халық Үлкен өнерінің айналасын түгендеуді әдетке айналдыруы шарт. Сонда ғана Ұлттығымызды ұлылай аламыз. Бұқаралық өнер ешқашан дүниені өзгерте алған жоқ. Ол – адамдардың бір сәттік әлсіздігінен әрі асып көрмеген күйбең тіршілік. Ұлы өнер ғана Адамзатты жасампаздыққа жетелей алады.

Шархан Қазығұлдың фейсбуктағы жазбасынан

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар