26 сәу, 2018 сағат 12:21

VІІ республикалық Құран оқу жарысының жеңімпазы көлік мінді

Бүгін Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған VІІ республикалық Құран оқу жарысының қорытынды рухани кеші өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласы орталық мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Биылғы өткен VІІ республикалық Құран оқу жарысының жеңімпазына автокөлік табыс етілді.

"Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 17 миллион теңге болған сайысқа республика бойынша 500-ден аса жас қари қатысты. Қатысушылар төрт бағыт бойынша бақ сынасты: Құранның 10 парасын жатқа оқу (І орын - Кенешбай Қуаныш Нұрланұлы (Алматы өңірі) - 1 миллион теңге; ІІ орын - Сейтқасым Ерқанат Серікұлы (Астана) - 750 мың теңге; ІІІ орын - Мыңжасов Арыстан Қожамбетұлы (Маңғыстау) - 500 мың теңге), Құранды мәнерлеп оқу (І орын - Турдақынұлы Такен (Ақмола) - 500 мың теңге; ІІ орын - Битенов Ерлан Базарбайұлы (Астана) - 300 мың теңге; ІІІ орын - Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлы (Алматы) - 150 мың теңге), 20 пара Құранды жатқа айту (І орын - Хокимов Махмадрахим (СҚО) - 1,5 миллион теңге; ІІ орын - Сатешов Сақи Мұхтарұлы (Маңғыстау) - 1 миллион 250 мың теңге; ІІІ орын - Қартбаев Саламат Алашұлы (Ақтөбе) - 1 миллион теңге) және қасиетті кітапты толық, 30 пара жатқа оқу (Бас жүлде - Нағманов Нағим Серкұлы (Маңғыстау) - Автокөлік; ІІ орын - Хакимов Фазлидин Абдихужаұлы (Астана) - 2 миллион теңге; ІІІ орын - Жахсылыков Еркебұлан Сержанұлы (Жамбыл) - 1,5 иллион теңге)", - делінген баспасөз хабарламасында. 


Игі іс-шарада Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының басшысы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сөз сөйледі. 


"Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой - Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: "Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды", - деген. Қарайған жүректерге нұр беруші - Құран ғана", - деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жиналған жамағатты жақсылыққа, ізгілікке шақырып.


Кеште сөз алған белгілі жазушы Смағұл Елубай мен Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет жарысқа қатысқан қариларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Рухани кеште белгілі сазгер Жәкен Омаров арнауын орындап берді. Сондай-ақ, рухани ән-күй шырқалып, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик халық назарына ұсынылды. Сонымен қатар, әрбір өңірлерден келіп қатысқан жүлделі орындарға ие бола алмаған қариларға арнайы Алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды.