28 сәу, 2017 сағат 11:12

Видеотіркеуіші жоқ жол полицейлері жүргізушілерді тоқтатпайды - министр Қасымов

Бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жол-патрульдік полицейлері арасындағы жемқорлықпен күрес шаралары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Кез келген жағдайда жол полициясы шешім қабылдауы тиіс, ал біз өз тарапымыздан қадағалау жасауымыз керек. Сондықтан негізгі іс-қимылдарымызды бақылауға бағыттап отырмыз. Бүгінде видеотіркеуіштер мен видеожетондарға көштік. Атап айтқанда, қазіргі кезде полиция қызметкері жолдың бойында тұрып алып, тоқтатпайды. Яғни, тек автокөлікпен шолғындау жүзеге асырылады. Машинада кем дегенде екі видеотіркеуіш орналастырылған, осы орайда біз полицейлерлердің барлық іс-қимылдарын бақылаймыз», - деп түсіндірді министр.

Жыл соңына дейін барлық полицейлерді видеотіркеуіштермен қамтамасыз ету тапсырмасы бар екенін тоқталған ол:  «Сондықтан  мен өзімнің бұйрығыммен полицейлерге мұнсыз жүргізушілермен жұмыс істеуге тыйым салдым. Кейбір облыстарда көліктер толықтай осы құрылғылармен қамтылған, ал қалған өңірлерде 30-40 пайыз деңгейінде ғана», - деді.

Сонымен қатар ведомствоның ішкі қауіпсіздік департаменті де қызметкерлер арасында тәрбиелік әрі түсіндіру шараларын атқарып жатқанын атап өтті. «Осы орайда бұл жұмыстардың барлығы жол полицейлері арасындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қасымов