17 қаз, 2018 сағат 07:36

"Вастрам: үнді тоқымасының әсем әлемі" көрмесі ашылды

16 қазан күні ҚР Ұлттық музейінде «Вастрам: үнді тоқымасының әсем әлемі» атты дәстүрлі үнді тоқымасының көрмесі ашылды.

Көрмені Үндістанның Қазақстандағы Елшілігінің Свами Вивеканда атындағы Мәдени орталығы мен ҚР Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова: «Өздеріңізге мәлім Үндістан елі өзінің өнері, мәдениетімен ерекшеленеді. Соның ішінде киноиндустрия саласында, жалпы би өнері саласында жеткен жетістіктері зор. Ал бүгінгі шара бізді үнді елінің тоқыма өнерімен таныстырмақ. Бүгінгі мәдени шараның екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа оң ықпалын тигізері сөзсіз. Сіздерді көрменің ашылу салтанатымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан және өз атымнан құттықтаймын», - деді.

Махатма Ганди (1869-1948) өзінің бейзорлыққа негізделген құралдарын қолдана отырып миллиондаған адамдарды империализмнің езгісінен құтқарды. Империализмге қарсы күресінде ол Хадиді -  Чаркхаға немесе айналдыру дөңгелегіне оралатын иірімжіпті – ауыл тұрғындарының өз бетінше жұмыспен қамтылу және көпшіліктің өзін-өзі қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланған болатын.

Қазақстандағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар: «Бүгінгі шара Махатма Гандидің 150 жылдығына орай ұйымдастырылды. М. Ганди Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері. Ол күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Белгілі тұлғаның мерейтойына арналған бүгінгі көрмеден үнді халқының мәдениетін тамашалай аласыздар»,- деп өз пікірін білдірді.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Марал Балтышев: «Махатма Ганди үнді елінің азаттығы жолында бар өмірін арнаған тұлға. Зұлымдыққа қарсы шығып, бейбіт жолмен ғана халқының амандығы үшін қызмет етті. Соның бір көрінісі ретінде тоқыма өнерін қалыптастырып, елін еңбекке баулыды. Мақта өнеркәсібін қалыптастыры, тоқыма өнері бүгінгі күнге дейін қарқынды дамыған», - деп атап өтті.

Көрме Мохандас Карамчанд Гандидің (1869-1948) туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралардың бірі саналады. Мерекелік шаралар 2018 жылдың 2 қазанында басталып, 2020 жылдың 2 қазанына дейін жалғасады.

Дәстүрлі үнді тоқымасының көрмесін әйгілі суретші және модельер Шелли Джоти арнайы Үндістанның мәдени байланыстар кеңесі үшін әзірлеген. 

Көрме 2018 жылдың 25 қазанына дейін жалғасады.