06 мам, 2017 сағат 22:05

Василий Левит бокстан Азияның үш дүркін чемпионы атанды (Видео)

Қазақстандық боксшы Василий Левит бокстан Азияның үш дүркін чемпионы атанды, - деп хабарлайды kaz.vesti.kz. 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалда қазақстандық үнді боксшысы Сумит Сангванмен кездесті.

Еске салайық, Василий Левит Қытайда 2009 жылы өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Ал екінші рет Таиландта 2015 жылы үздік болған еді.

Ал осыған дейін тағы бір қазақстандық боксшы Әділет Құрметовтың әлем чемпионатына жолдама алғаны белгілі болған еді. Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында ол тайпейлік Чу-Ен Лайды жеңді. Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтті. Құрметов екінші рауднта қарсыласын нокдаунға түсіріп, қазылар алқасының шешімімен жеңіске жетті.  

Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Ерік Әлжановтың финалда өзбек боксшысынан жеңіліп қалғаны белгілі. Ол 81 келіге дейінгі категорияда жұдырықтасқан. Финалда ол өзбек Бектемір Меликузиевпен жұдырықтасқан. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер өзбек боксшысы жеңді деген шешім шығарды.