26 нау, 2019 сағат 11:18

Вашингтон: Ресей Венесуэладағы ахуалды ушықтырса, АҚШ қарап қалмайды

Ресей Венесуэлдағы жағдайды ушықтырып жатқанда АҚШ қарап отырмайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефонмен әңгімесінде осылай ескертті.

Помпео Ресейдің Венесуэладағы әрекетіне көңілі толмай отырған Ақ үй реакциясын жеткізді. Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Роберт Палладиноның сөзінше, Ресей Венесуэладағы онсыз да шиеленісіп тұрған жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр. Помпео "Мәскеу Каракастағы орынсыз қылығын доғаруы керек" деп санайды.

24 наурызда Венесуэла астанасы Каракасқа Ресей сыртқы істер министрлігіне тиесілі екі ұшақ – Ил-62 мен әлемдегі ең ірі Ан-124 жүк ұшағы келіп қонған. Басылымдар хабарлауынша, бұл ұшақтармен әскери-техникалық серіктестік жайлы кеңесуге ресейлік әскерилер келген. Ресей әскерилерінің Венесуэлаға келуінің нақты себебі белгісіз, алайда Каракас пен Мәскеу былтыр желтоқсанда оңтүстікамерикалық елдің қорғанысын жақсартуда біріге әрекет ететінін хабарлаған.

Әскерилердің - түрлі дерек бойынша - шамамен 100 адамның Каракасқа келуін де Лавров пен Помпео сөз еткен. Мемлекеттік хатшы "Венесуэлада Николас Мадуро режимін ұстап тұру үшін ресейлік әскерилерді кіргізу басым бөлігі уақытша президент Хуан Гуайдоны қолдайтын сондағы халықтың азабын ары қарай соза бермек".

Ресей мен Қытай – Мадуроның ең ірі жақтаушылары. Ал Гуайдоны АҚШ пен Еуропа одағы, Латын Америка елдерінің шамамен барлығы, сондай-ақ басым бөлігі батыс елдерінен тұратын 40-тан аса мемлекет қолдайды.

Мадуро мен Гуайдо арасындағы жанжал биыл 23 қаңтарда Венесуэла парламенті оппозициялық саясаткер Гуайдоны уақытша президент деп таныған соң басталған. Содан бері Вашингтон Мадуроға қысым көрсету үшін Венесуэла табысының негізгі көзі саналатын мемлекеттік Petroleos de Venezuela мұнай компаниясына санкция салу сияқты бірнеше шара қабылдаған.

Азаттық