26 қыр, 2019 сағат 14:09

Үздіксіз білім алу: цифрлы мамандықтарға сұраныс жоғары

Мен алғаш баламен декреттік демалыста отырған кезде, өзімді кәсіби тұрғыда дамыту керектігін түсіндім. Өзім сияқты әйелдердің декреттік демалыс кезінде кәсіби мансаптан бас тартып, жұмысқа қайта оралуды қиынсынатындығын ұғындым.

Егде жасқа келген немесе техникалық салада тәжірибесі жоқ азаматтардың мамандығы маңызын жойғандықтан, олардың жұмыс табудағы қиындықтарын да көрдім. Екі жылдан кейін менің екінші балам дүниеге келді. Содан кейін мен адамдардың цифрлық әлемде жұмыс табуына көмекші болуды мақсат тұтып, бар білгенімді соған арнадым.

Әлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы және атқарушы директоры Клаус Шуабтың 2018 жылғы мамандықтар туралы есебінде, адамдардың үздіксіз білім алуға бет бұру керектігі айтылады. Оған қоса, атқарушы билік пен кәсіпорындар жұмыскерлердің түрлі қабілетін дамытуды қолға алуы керек. Автоматтандыру мен жасанды интеллект миллиондаған жаңа жұмыс орындарына мүмкіндік ашты. Осылайша, әлем бойынша алдағы онжылдық ішінде 375 миллион адам өз мамандығының категориясын ауыстырып, біліктілігін арттыру керек болады.

Шындығында, бізге уақытша демалыс алған адамдар мен егде жастағы адамдардың таланты мен тәжірибесі қажет. Олар оқу орындарын ұзақ уақыт бұрын бітірсе де, цифрлық әлемдегі жинаған тәжірибесі мен ресурсы теңдесіз саналады. Сондықтан цифрлық әлем өзімізді қайтадан табуға, білімімізді жалғастырып, бәсекеге қабілетті болуға көмектесуі керек. Осы мүмкіндікті қалт жібермеуіміз үшін, біз үздіксіз білім алудың жоспарын құруымыз қажет.

Болашақта қандай қабілетке ие адамдар сұраныста болады?

McKinsey Global институты Канада, Франция, Германия, Италия, Испания, Ұлыбритания мен АҚШ-тың 3,031 кәсіп иесіне сауалнама жүргізіп, 2030 жылға қарай сұраныста болатын қабілеттерді анықтаған еді. Нәтижесінде, жоғары когнитивті, технологиялық, әлеуметтік және эмоционалды қабілеттер жоғары бағаланып, физикалық және қарапайым ой еңбегіне деген сұраныс азаятыны анықталды.

«Vodafone's Global Trends Barometer 2019» 1,700 бизнес пен өндіріс сарапшысына сауалнама жүргізіп, алдағы 3-5 жылда технология мен цифрық сауаттылық алдыңғы қатарға шығып, сауда жасау мен шығармашылық қабілеттер екінші орынға түседі деген қорытындыға келген.

Осы өзгерістер есебінен тек техникалық мамандар ғана емес, басқа сала өкілдері де технология тілін меңгеруге мүмкіндігі бар. Егер сіздің салалық маркетингте тәжірибеңіз болса, сіз цифрлық маркетингтегі excel-мен жұмыс істеуді үйрене аласыз. Сату жөніндегі менеджерлер, кадр бөлімі мен қаржыгерлер осы сияқты біліктіліктерін арттыра алады. Жасанды интеллекті кең таралған қоғамда аутист қызметкерлердің де орны ерекше болады.

Цифрлық әлемнен өз орныңызды табу үшін өзіңізді үздіксіз дамыту қажет. Әлемдік экономикалық форумның болашақ мамандықтар есебіне қарайтын болсақ, үнемі білімі мен біліктілігін тереңдетіп отыратын мамандардың жалақысы да жоғары болады екен.

Бүгіннен баста

Егер жаңа мүмкіндіктерге дайын болсаңыз, төмендегі қадамдарды іске асырып, дайындықты бүгіннен бастай аласыз.

1. Өткен еңбек тәжірибеңіз бен артықшылықтарыңыз жайлы ойланып, оларды қағазға түсіріңіз. Өзіңіз меңгергіңіз келген жаңа трендтерді іздестіріңіз.

2. Білім арттыруға болатын мүмкіндіктерді қарастырыңыз. Әдеткі білім алу платформаларынан тыс, Microsoft Learn, Udemy, Udacity Nanodegrees, Coursera, FutureLearn, LinkedIn Learning және Google Digital Garage сияқты онлайн ресурстар бар. Кейбір маман иелері үшін практикалық үйрену маңызды болғандықтан, LabsLand немесе Labster сияқты заманауи технологиямен жабдықталған лабороторияларды әлемнің көптеген елдерінен таба аласыз. Сәйкесінше, жаңа технологиялар бізге білім алудың жаңартылған формаларын ұсынады.

3. Өзіңіз таңдаған саладағы өзгерістерді бақылап отырыңыз. Блогтарға жазылып, өзіңізбен бірдей қызығушылығы бар адамдармен онлайн және оффлайн түрде байланыс құрыңыз. Өз салаңызда болып жатқан өзгерістерді қалт жібермеңіз.

Бұл жерде ұйымдар да өз қызметкерлерінің жүйелі дамуын қадағалауы керек. Ал үкімет болса, осыған қажетті жағдай туғызуы керек. Егер қатардағы әрбір азамат өзінің білім алуы мен дамуына жауапкершілікпен қарайтын болса, цифрлық революцияға айтарлықтай үлес қосатын еді.

Соңғы екі жылда мен адамдардың еңбек үзілісінен кейін, бұрынғы жұмыс орнына қайта алмағанын көрдім. Көп жағдайда олардың орнын роботтар басып, ескі мамандығы бәсекеге қабілетті болудан қалады. Ол адамдар цифрлық революцияға қосылып, жұмыс істеу шарттарын жақсартумен қатар, өмірге деген құштарлығы артып, өздерін жаңа қырларынан көрсетуде.

Болашақ – үздіксіз білім алатын жандардың қолында.

Nahia Orduna

Мақаланың түпнұсқасы: weforum.org