19 қаз, 2017 сағат 12:47

«Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауына өтінімдер қабылдау жалғасуда

«Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» жыл сайынғы байқауына өтінімдер қабылдау жалғасуда, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік тілді дамыту қорына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай үздік қазақтілді интернет-сайт байқауына өтінімдер қабылдау басталғанын жариялаған. Байқау өткізудегі серіктес – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Байқауға үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар, ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын,  қазақ тілінде ақпарат тарататын және қызмет түрі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін кез келген сайт қатыса алады. Байқауға мемлекеттік органдардың, шетелдік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының электронды нұсқалары (газет, тв, радио) қатыса алмайды.

Сыйлық мынадай номинациялар бойынша тағайындалады: «Өткір тіл» — қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт,  «Рухани азық» – қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттаушы үздік сайт, «Терең ізденіс» — қазақ елінің тарихын насихаттаушы үздік сайт, «Шынайы өмір» – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын үздік сайт, «Спорт тынысы» — салауатты өмір салты мен спортты насихаттаушы үздік сайт, «Білім бұлағы» — білім беретін үздік сайт, «Жастар әлемі» — жастар тақырыбына арналған  үздік сайт, «Аймақ айнасы» — үздік аймақтық сайт,  «Балаларға базарлық» — балаларға арналған үздік сайт, «Ойын- сауық» —  үздік ойын-сауық сайты.

Әрбір  номинация бойынша жеңімпазға 385 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылады. Байқау қорытындысы осы  жылғы қараша айының соңында  шығады.

Байқау ережесімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының www.fpp.kz және Мемлекеттік тілді дамыту қорының www.qazaq-found.kzсайттарынан танысуға болады.

Байқауға өтінімдер Мемлекеттік тілді дамыту қорының info@qazaq-found.kz электронды мекенжайына 2017 жылдың 15 қарашасына дейін жіберуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Ұлт порталы "қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт" атанған болатын. Номинация бойынша жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының дипломы мен ақшалай сыйлықтар тапсырылған еді.