29 мау, 2019 сағат 07:46

Үйлері зардап шеккен Арыс тұрғындары үшін уақытша лагерь жасақталды

Төтенше жағдай салдарынан үйлері зақымданған Арыс тұрғындары мектепте жасақталған уақытша лагерьде тұра алады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ресми түрде мәлімдеймін! Ешкім далада түнемейді. Арыс қаласының бастауыш мектебінде үйлері толығымен қираған немесе жанып кеткен тұрғындар үшін уақытша лагерь ұйымдастырылды. Күніне үш рет тамақтандыратын асхана, 800 адамға арналған жатын орын, балалар үшін ойын алаңдары бар», - деп жазды С.Қалқаманов Facebook-те.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал, 28 маусым, таңертеңгі сағат алтыдан бастап Шымкенттегі 53 эвакуациялық пункттен Арыс тұрғындары өз үйлеріне орала бастады. Осы күні кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, 14 мың тұрғын үйлеріне жетті.