02 мау, 2018 сағат 10:19

"Үйді олай салуға болмайды" - Исекешев баспана сапасы жайында

Астана әкімі мемлекеттік органдарға қала тұрғындарынан үй құрылысының сапасына қатысты шағымын мұқият зерттеуді жүктеді. Жеке меншік кәсіпорындардың тарапынан қандай да бір бұзушылық анықталған жағдайда тиісті құқықтық шараларды қолдануды тапсырды, деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

"Қазір үкіметпен бизнестегі кедергілерді жою үшін Doing Business саясаты жүргізіліп отыр. Барлығы кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалып жатыр. Ал сапасыз құрылыс үшін тұрғындардың наразылығына мемлекет жауап беріп отыр.

Қараңыздар, тұрғын үйді кім қабылдап алады? Тапсырыс беруші, бас мердігер - жеке компания, техникалық қадағалау - жекеменшік компания, авторлық қадағалау - жеке компания. Яғни, төрт жеке компания тұрғын үйді қабылдап алады. Мемлекет, белгілі бір бюрократияны жою үшін бұл саладан әкімдікті алып тастады. МСҚБ тек конструкцияны тексереді, оның өзінде тек жоспарлы тексеріс негізінде. Барлық жауапкершілік бизнеске жүктеледі. Жауапсыз бизнесмендер нарықтан кетуі керек, біз оған көмектесеміз", - деді Әсет Исекешев.

Бұған қоса, ол әкімдік қазіргі күні құрылыстың сапасын бақылауға қатысты заңға өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс дайындап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, сапасыз тұрғын үйді қабылдайтын тұлғаларға қатаң шара қолданып, тіпті лицензиядан айыру керектігін айтты.

"Техникалық қадағалау қайда қарады? Ондайларды лицензиясы мен аттестарынан айырып, сотқа беру керек. Бізде тексере алатын прокуратура және басқа да мемлекеттік органдар бар. Қалалықтардың барлық шағымдарын тексеру керек. Үйді олай салуға болмайды. Ол - адамдардың қауіпсіздік мәселесі. Мен көптеген кәсіпкерлердің адал екенін және өз абыройын ойлайтынын білемін. Ал мына жауапсыздар барлық картинаны бұзып тұр. Бұл - біздің "Атамекен" ҰКП орталық ұстанымымыз", - деді Астана әкімі.