17 там, 2016 сағат 09:11

Үштілділік оқу бағдарламасы деңгейлеп оқытылатын болады

ШҚО-да үштілділік оқу бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында деңгейлеп оқыту әдісі жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда мектеп мұғалімдері тілдік пәндерден оқыту әдістемесі бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтуде.  

Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ШҚО Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мәлім еткендей, қазірдің өзінде орыстілді мектептерде қазақ, ал қазақтілді мектептерде орыс тілін оқыту үшін жаңа оқыту жүйесі құрылған.

– Аталған бағдарламаны іске асыру үшін негізгі екі мәселені меңгеру қажет болды. Бірінші кезекте барлық оқыту мекемелерінде бірдей оқулықтардың болуын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз және екіншіден мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру негізге алынып отыр. Мысалы, бірнеше жыл бойы мектепте ағылшын тілі оқытылғанымен, көпшілік оқушылар бірден ағылшында сөйлеп кете алмайды. Себебі әр мектеп әр тілді оқыту үшін әртүрлі авторлардың оқулықтарын қолданады, – деді Айжан Садықова.

Басқарма басшысы айтып өткендей, аталған мәселені шешу үшін барлық мектептерде бірдей оқулық қолданып, бірдей әдістемелік жүйе қалыптастыру қолға алынған. Ағылшын деңгейлеп оқыту жүйесі бойынша халықаралық деңгейдегі барлық қажетті құралдар болғанымен, қазақ және орыс тілдерін деңгейлеп оқыту әдісі бұған дейін болмаған.

– Қазақ тілін оқыту үшін Фаузия Шамсиқызы Оразбаеваның әзірлеген оқулығын   зерттеу барысында ол Қазақстандағы қазақ тілін деңгейлеп оқытушы бірінші оқулық екендігін аңғардық. Кейін тәжірибелік оқу құралын Білім және ғылым министрлігі бекіткеннен кейін, облыстағы 324 орыстілді мектептердің барлығына осы оқулық сатып алынды, – деді басқарма басшысы Айжан Садықова.

Орыс тіліне келгенде мәселе күрделене түскен. Анық болғандай орыс тілін қазақ мектептерінде деңгейлеп оқыту әдісі Қазақстана да, Ресейде де кездеспеген. Бірақ, Мәскеуде Елизавета Хамраева аталған әдіс бойынша оқулықтарды жаңадан шығара бастаған. Кейін облыстан 8 практик ұстаздар Мәскеуге аттанып, бар оқулықтардың негізінде әдістемені жасаған.

Қазірдің өзінде ұстаздарға оқулықтар мен әдістемелер таратылып, оқыту жұмыстары басталған. Енді бір жыл көлемінде тіл ұстаздары әдістемені меңгергеннен кейін, өзге пәннің ұстаздары да тілдерді меңгеруге кіріспек.